НЬЮ-ЙОРК – Соңғы бірнеше жыл бойы әлем экономикасы біресе жылдамдап (даму көрсеткіші оң болып, әрі күшейіп), біресе баяулап (даму көрсеткіші оң болғанымен, нашарлап), әрлі-берлі толқып отырды. Бір жыл жылдам дамыған әлем енді қайтадан қарқынын баяулата ма, әлде өрлеу жалғаса ма?
Бүгінгі қарқынды өрлеу мен қор нарықтарының қайта жандануы 2016 жылдың жазынан басталды. Брекзит референдумынан кейінгі аз-маз кібіртіктеуден соң Дональд Трамптың сайлануы да, және онымен бірге келген саяси белгісіздік пен геосаяси хаос та бұл өрлеуге тосқауыл қоя алмады. Соңғы ғаламдық дамуды «жаңа белес» деп атаған Халықаралық валюта қоры осы қарқынды өрлеуді негізге ала отырып, «әлем экономикасы даму көрсеткіші» болжамдарын жоғарылатты.
Бұл қарқынды даму тағы бірнеше жыл жалғаса ма? Әлде ғалам уақытша циклдық өрлеуден соң қайтадан алдыңғы құлдыраулар сияқты түрлі тәуекелдердің кесірінен кері кете ме? 2015 жылдың жазы мен 2016 жылдың басындағы Қытайдың күрт құлдырауынан, АҚШ Федералдық резервінің нөлдік ставкадан жылдам шығу саясатынан, АҚШ ЖІӨ-сі өсімінің тоқтауынан, мұнай бағасының арзандап, оны өндіру көлемінің азаймауынан қорыққан инвесторлардың реакциясын еске алсақ та жеткілікті.
Алдағы үш жыл төңірегіндегі әлем экономикасының ахуалына үш түрлі сценарий жасауға болады. «Бұқа сценариі» бойынша әлемнің ең ірі төрт экономикасы – Қытай, еуроаймақ, Жапония және АҚШ өсімді арттырып, қаржылық мәселелерді шешетін құрылымдық реформаларды жүзеге асырады. Осының арқасында циклдық өрлеу әлеуеттің артуымен және нақты дамумен байланысты болады, сөйтіп, ЖІӨ артып, инфляция төмен жағдайда қалып, аздап қана өсіп отырады, бұл біраз жылға қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Негізі күшті болғандықтан, АҚШ-тың және әлемнің қор нарықтары жаңа биіктерді бағындырады.
«Аю сценариінде» бұған қарма-қайшы жағдай қалыптастады. Әлемнің басты экономикалары тұрақты өсімге қол жеткізетін құрылымдық реформалар жүргізе алмайды. Осы айдағы Коммунистік партия ұлттық жиналысын катализатор ретінде пайдаланудың орнына Қытай тетіктерді қосып, шектен тыс өндіріс бағытын таңдап жатыр. Еуроаймақ көбірек интеграцияға қол жеткізе алмай, ұлттық саясаткерлердің дамуға серпін берер құрылымдық реформа жүргізуіне саяси кедергілер тосқауыл болып келеді. Ал Жапония баяу даму жолында кібіртіктеп қалды, премьер-министр Синдзо Абенің экономикалық стратегиясының үшінші бағыты – сауданы либералдандыру әрекеті еш нәтиже бермеді.
Ал АҚШ-қа келсек, Трамп әкімшілігі байларға көбірек қолдау жасайтын салықты қысқарту реформасын, сауда протекционизмін ұсынып, миграцияны шектеу арқылы ықтимал өсімге тосқауыл қоятын саясат жүргізіп отыр. Қаржы-несие саласын тым қатты ынталандыру дефицит пен қарызға алып келеді, ал бұл пайыздық мөлшерлемені арттырып, долларды күшейтеді, өсімді азайтады. Ұрыншақ Трамп тіпті Солтүстік Кореямен, одан соң Иранмен арада әскери конфликт бастап кетуі ықтимал, ал бұл Америка экономикасының болашағын тіпті бұлдыр етіп жібереді.
Мұндай сценарий болған жағдайда ірі экономикаларда реформа жүрмегендіктен, циклдық өрлеуге дамудың баяулығы тұсау салады. Даму деңгейі төмен қалпы қала берсе, жеңіл монетарлық және несие саясаты бағаның және/немесе активтердің қымбаттауына алып келеді. Ақырында бұл экономика дамуының баяулауына, актив көпіршігі жарылып, инфляция жоғарыласа, бәлкім тіпті рецессия мен қаржы дағдарысына душар етуі мүмкін.
Үшінші, әрі менің ойымша, ең ықтимал сценарий осы аталған екеуінің ортасында болмақ. Өсім мен құнды қағаздар нарығындағы циклдық өрлеу өз екпінімен біраз уақыт қарқындап тұрады. Дегенмен, дамуды жеделдету үшін экономикалық державалар біршама құрылымдық реформа жүргізуге тиіс болады, ал бұл әлеуетті арттыруға қажетті деңгейге жеткізбей, өзгерісті баяулатып, оның аумағын тарылтады.
Бұл орта сценарий Қытайда жүзеге асқан жағдайда ол тек «қатты құламаудың» қамын жасайды, бірақ аздап болса да дамуға қол жеткізерліктей қауқары болмайды. Қаржылық мәселелер шешілмей, қиындықтардан қашып құтылу мүмкін болмай қалады. Еуроаймақта бұл сценарий жүзеге асса, олар тығыз интеграцияға номиналды түрде ғана қадам жасайды, Германия шынымен тәуекелді бөлісіп, фискалды одақ құруға қарсылық білдіреді, ал бұл кенже дамыған елдердің қатаң реформалар жасауға деген ынта-жігерін азайтады. Жапонияда күннен күнге біліксіздік танытып келе жатқан Абе әкімшілігі минималды реформалар жасайды, сөйтіп экономика өсімі 1 пайыз деңгейінде қалып қояды.
АҚШ-та Трамп әкімшілігі құбылмалы да тиімсіз саясатын жалғастыра береді, соның кесірінен популистік әрекеттеріне қарамастан, жұрттың көбі оны байлардың мүддесін қорғайтын плутократ ретінде санай бастайды. Теңсіздік артып, орта тап тоқырайды, жалақы мүлде өспей қалады, тұтыну мен өсім көлемі мардымсыз күйінде қалып, 2 пайызға да жетпей жығылады.
Шалажансар экономикалық көрсеткіштерге қарамастан, ақыр соңында бір оң нәтиже болары анық. Бұл сценарий – тұрақты тепе-теңдік емес, тұрақсыз теңсіздікті білдіреді, оған экономикалық, қаржылық және геосаяси тербелістердің әсері көп. Егер мұндай тербелістер бола қалса, экономика тоқырауы мүмкін, ал егер толқынның аумағы тым үлкен болса, онда бұл рецессия мен қаржы дағдарысына да алып келуі ықтимал.
Басқаша айтсақ, ғалам бұл тығырықтан абыроймен шығатын болса (бұл әбден мүмкін), үш-төрт жылдан соң тіпті қиын «аю сценариі» болуы мүмкін. Мұның сабағы мынау: не саяси басшылар мен шешім шығарушылар белсенділік танытып, орташа көрсеткішке қол жеткізеді, немесе қауіп еткен болжамдар расталып, бұл ғаламдық экономикаға елеулі кесірін тигізеді.
Автор туралы: Нуриэль Рубини - Roubini Macro Associates атқарушы директоры, Нью-Йорк университеті Штерн Бизнес мектебінің экономика профессоры.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org