Алматы. 5 қараша. 7kun.kz – 2018 жылғы 9 айда ағымдағы шоттың тапшылығы 2017 жылғы 9 айдағы 4,6 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда 5,4 есе 0,9 млрд АҚШ долларына дейін қысқарды, - деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Шикізаттың әлемдік нарықтарындағы қолайлы баға конъюнктурасы тауарлар экспортының айтарлықтай өсуіне себепші болды, ол 28,2%-ға немесе 10,0 млрд АҚШ долларына ұлғайды және 45,3 млрд АҚШ доллары болды. Мұнай және газ конденсаты экспортының құны (жалпы экспорттан 62,7%) көбінесе жеке жеткізулердің аздап өсуі кезінде келісімшарт бағасының ұлғаюы есебінен 45,6%-ға ұлғайды. Қара металдар экспорты 2,0%-ға өсті, түсті металдар экспорты 5,6%-ға төмендеді. Астық экспорты 1,6 есе ұлғайды.
Тауарлар импорты 8,5%-ға 25,2 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Импорттың өсуі негізгі тауар номенклатурасының барлық топтары бойынша болды. Ең көп ұлғаю (20,1%-ға) инвестициялық тауарларды әкелу (жалпы импорттан 36,9%) бойынша болды. Аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарларын әкелу 3,8%-ға ұлғайды. Тұтыну тауарларының импорты 7,0%-ға, оның ішінде азық-түлік тауарларын әкелу – 4,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 8,5%-ға өсті. Нәтижесінде, сауда балансы 66,2%-ға жақсарды және 20,1 млрд АҚШ доллары болды.
Экспорттық кірістердің, көбінесе минералдық өнімдер экспортынан кірістер есебінен ұлғаюы шетелдік тікелей инвесторлардың кірістерінің 16,7 млрд АҚШ долларына дейін 37,1%-ға өсуіне себепші болды. Алайда, осы кірістердің жартысы еншілес қазақстандық кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталды.
Қаржылық шот (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) алдын ала деректер бойынша 1,4 млрд АҚШ доллары болатын (2017 жылдың 9 айы ішінде 6,6 млрд АҚШ доллары болған теріс сальдо) оң сальдомен қалыптасты. Резиденттер міндеттемелерінің төмендеуімен байланысты капиталдың таза әкетілуі олардың шетелдік активтерінің қысқаруымен ішінара өтелді.
Шетелдік тікелей инвестициялардың әкелінуі 1,8 есе өсіп, 5,2 млрд АҚШ долларын құрады. Шетелдік үлестес компаниялардың қазақстандық резиденттер алдындағы өздерінің борыштық міндеттемелерін өтеуі және бейрезиденттердің кірістерін қазақстандық кәсіпорындардың капиталына қайта инвестициялау олардың әкелінуінің негізгі көзі болды.
Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкетілуі 3,1 млрд АҚШ долларын құрады. Капиталдың әкетілуі резиденттердің қазақстандық кәсіпорындар мен банктердің олар бұрын шығарған еурооблигацияларды өтеуі, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың нарықта өз акцияларын және жаһандық депозиторлық қолхаттарды сатып алуы, сондай-ақ резиденттердің қайталама нарықта ҚР Қаржы министрлігінің еурооблигацияларын сатып алуы нәтижесінде міндеттемелерінің азаюымен байланысты.
Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 30,0 млрд АҚШ доллары болып бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 8 айын қаржыландыру қажеттілігін өтейді.