Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Америка экономикасына Трамптан не қажет?

Америка экономикасына Трамптан не қажет?
АҚШ-та Дональд Трамптың таң қалдырарлық жеңіске жетуі бір нәрсені айқын аңғартты: америкалықтардың көпшілігі, солардың ішінде әсіресе ақ нәсілді ер кісілер өздерін керексіз болып қалғандай сезінеді. Бұл жай ғана сезім емес, олар шынымен қажетсіз болып қалған. Бұл олардың ашуланғанынан ғана емес, ресми мәліметтерден де анық байқалады. Демек, бұрын да қайталап айтып жүренімдей, халықтың басым бөлігіне «қолы жетпейтін» экономикалық жүйені сәтсіз экономикалық жүйе деп санау керек. Сонымен, сайланған президент Дональд Трамп бұл шаруа бойынша не істей алады?

Ғасырдың соңғы үштен бір бөлігінде Американың экономикалық жүйесі жоғарыдағы үркердей топқа қызмет етіп, жалпы экономикаға, әсіресе төмендегі 80 пайыз бұқараға зиянын тигізетіндей етіп қайта жазылды. Трамптың жеңісінің ирониясы мынада: ол өкілдік етіп отырған Республикалық партияның өзі жылдам жаһандануды қолдап, одан болатын жарақатты жеңілдететін саяси шектеулерге қарсы шыққан. Бірақ тарих өз дегенін істейді: бұл күнде Қытай мен Үндістан ғаламдық экономикамен интеграцияланды. Оның үстіне, технологияның жылдам дамып келе жатқаны сондай, бүкіл әлемнің фабрикаларындағы жұмыс орындарының саны кеміп барады.

Мұның мәнісі мынада: Трамптың жақсы ақша төленетін өндірістегі жұмыс орындарын қайтадан АҚШ-қа алып келетін еш мүмкіндігі жоқ. Ол озық технология пайдаланатын өндірісті қайтара алады, бірақ онда жұмыс орындары аз болады. Ол жұмыс орындарын да қайтара алады, бірақ онда жалақы 1950-жылдардағыдай жоғары емес, өте төмен болады.

Егер Трамп теңсіздікті шынымен жойғысы келсе, онда ол өзі сияқты адамдарға емес, бүкіл қоғамға қызмет ететін жаңа ереже жазып шығуы керек.

Бизнестегі ең басты мақсат – инвестицияны арттыру, сол арқылы ұзақ мерзімді тұрақты дамуға жол ашу. Трамп әсіресе инфрақұрылым мен зерттеуге көбірек қаржы бөлуі керек. Таң қаларлық жағдай: экономикалық жетістігі технологиялық инновацияға негізделген елде зерттеуге салынатын инвестицияның ЖІӨ-дегі үлесі жарты ғасыр бұрынғы көрсеткіштен аз.

Инфрақұрылым жақсарса, бұл кенже қалып келе жатқан жеке инвестицияны арттырады. Шағын және орта бизнеске, әсіресе әйелдер басқарған бизнеске көбірек қаржылық мүмкіндіктер берсе, бұл жеке инвестицияға серпін береді. Көміртегі салығы елдің әл-ауқатын үш жақтан жақсартады: көмірқышқыл газды тарату шығындарының орнын жабу үшін фирмалар қосымша жабдық алады, ал бұл жоғары өсімге жол ашады; қоршаған орта тазара түседі; және бұл табыс инфрақұрылымды қаржыландырып, Американың экономикалық бөлшектенуін болдырмауға көмектеседі. Бірақ, ғаламдық жылынуды жоққа шығарып жүрген Трамптың бұл мүмкіндікті қолдана қоюы екіталай (бұл тіпті әлем елдерін ғаламдағы климаттың өзгеруімен күрес ережелеріне бағынбастан өндірілген АҚШ тауарларына қосымша тариф енгізуге итермелеуі мүмкін).

Дамыған экономикалардың ішіндегі ең нашар саналатын Америкадағы табысты бөлісу ережелеріне де түбегейлі өзгерістер керек. Трамп төменгі жалақыны көтеремін деп уәде бергенімен, оның жұмысшылардың ұжымдық саудаласу және келіссөз жүргізу құқықтарын кеңейту, басшылардың өтемақысы мен қаржыландырылуын азайту сияқты маңызды шараларды қолға ала қоюы екіталай.

Реттеуші реформа қаржылық сектордың зиянын азайтатын шекарадан асып түсіп, бұл сектордың шынымен қоғамға қызмет ететініне көз жеткізуі керек.

Сәуір айында президент Барак Обаманың Экономикалық ақылдастар кеңесі біраз секторда нарық шамадан тыс шоғырланған деген қорытынды жасады. Бұл – бәсеке аз, баға қымбат деген сөз, соның кесірінен халықтың таза кірісі азайып, жалақысы төмендейді. АҚШ нарық күшінің бұлайша шоғырлануымен, соның ішінде ортақ экономиканың соңғы көріністерімен күресуі керек.

Американың байлардың (басқа ешкімнің емес) байи түсуіне жәрдемдесіп, теңсіздікке жол ашатын регрессивті салық жүйесі қайта реформалануы керек. Ең алдымен капитал табыстары мен дивидендтерге ерекше қарауды доғару қажет. Бұған қоса, Америкаға инвестиция салып, жұмыс орындарын ашатын компаниялардың корпоративтік салықтарын азайтып, бұлай істемейтін компаниялардың салықтарын көбейту, сол арқылы олардың салықты төлеп отырғанына көз жеткізу керек. Өзі де осы жүйенің шапағатын көріп отырғандықтан, Трамптың қарапайым америкалықтарға пайдалы реформаларды жүзеге асырамын деуі сенім тудыра қоймайды, республикашылдардың дәстүрі бойынша, салық жүйесіндегі өзгерістерден көбіне байлар ғана жақсылық көрмек.

Бұған қоса Трамп мүмкіндіктерді теңестіруде де көп жетістікке жете алмайтын сияқты. АҚШ-ты байлық пен кедейлік ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын неофеодалдық елге айналдырмау үшін мектепке дейінгі білім беруді жалпыға ортақ ету, мемлекеттік мектептерге көп инвестиция салу өте маңызды. Бірақ Трамп бұл тақырыпқа ләм-мим деген жоқ.

Баршаға ортақ өркендеуге қол жеткізу үшін қолжетімді баспана мен медициналық қызметті, адамның қадір-қасиетін кетірмейтін лайықты зейнетақы жүйесін қамтамасыз ететін, әрі отбасының табысына қарамастан әр америкалықтың өз қызығушылығы мен мүмкіндіктеріне сай жоғары білім алуына жағдай жасайтын саясат жүзеге асуы тиіс. Бірақ, ірі тұрғын үй жобаларын қолдайтын (табыстың көбі өзі сияқты девелоперлерге түсетін) жылжымайтын мүлік магнаты Дональд Трампқа қарасам, оның «Қолжетімді медициналық қызмет» актісін (Obamacare) алып тастау туралы уәдесін еске алсам, миллиондаған америкалық медициналық сақтандырусыз қала ма деп қорқамын (Сайлаудан соң ол бұл салада абайлап шешім қабылдаймын дегендей айтты).

Ондаған жылдар бойы көзден таса қалып келген америкалықтардың наразылығы мәселесін қарапайым әдістермен тез арада шешу мүмкін емес. Тиімді стратегия болуы үшін дәстүрлі емес әдістерді қолдану керек, ал мұны Республикалық партияның корпоративтік мүддесін ойлағандар жақтыра қоймайды. Мәселен, америкалықтар әлеуметтік қамсыздандыру шоттарына (Social Security account) көбірек қаражат салу арқылы алаңсыз қарттығын қамтамасыз ете алады. Ал ауырғаны, бала күтімі, т.с.с. бойынша жан-жақты ойластырылған саясат америкалықтардың жұмыс пен жеке өмірдің арасында лайықты тепе-теңдікті қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Сол сияқты, салықты уақтылы төлеп жүргендер ипотекалық несиенің 20 пайызын жинаған жағдайда қарызды қайтару мүмкіндіктеріне қарай үкімет берген қарыздан сәл де болса жоғары пайыздық үстемемен тұрғын үй құрылысын қаржыландыра алады. Бұл төлемдерді табыс салығы арқылы бақылап отыруға болады.

Президент Рональд Рейган орта тапты азайтып, жоғарыдағылардың табысын көбейткелі бері АҚШ-та көп нәрсе өзгерді, АҚШ-тың саясаты мен мекемелері бұл өзгерістердің соңынан ілесе алмай келеді. Жұмыс күшіндегі әйелдің орнынан бастап, Интернеттің дамуы мен мәдени алуандықтың артуына дейін қарасақ, ХХІ ғасырдағы Америка 1980-жылдардағы Америкадан мүлде өзгеше.

Егер Трамп артта қалғандарға шынымен көмектескісі келсе, өткеннің идеологиялық күресінен жоғары тұруы керек. Мен сөз етіп отырған бұл жайттар тек экономикаға ғана қатысты емес, бұл – америкалықтардың ең көп қадірлейтін құндылықтарына сәйкес келетін, динамикалық, ашық әрі әділетті қоғам құру мәселесі. Бірақ, бұлар бір жағынан Трамптың сайлау алдындағы уәделерімен үндес болып жатса, екінші жағынан оларға антитезис болып шығады.

Менің болжауым бойынша, артына көп нәрсе қалдырған лас жолдың ең шешуші тұсы – Рейган революциясының ауыр қателіктерін түзетудің орнына ережелерді қайта жазып шығуымыз керек. Әйтпесе, жаңа ережелер жағдайды тіпті қиындатып, «Америка арманынан» бұрынғыдан да көп адам шет қалуы ықтимал.

joseph_e_stiglitzАвтор туралы: Джозеф Штиглиц, экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері, Колумбия университетінің профессоры, Рузвельт институтының бас экономикалық сарапшысы. Соңғы жазған кітабы «Еуро: ортақ валюта Еуропаның болашағына қалай қатер төндіреді?» деп аталады.

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған.

Похожие материалы