Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Апта қорытындысы

Апта қорытындысы

Алматы. 27 қаңтар. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 23-27 қаңтар аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 23 қаңтарда Астанада Сирияға қатысты келіссөздер басталды. Иран, Түркия, Ресей өкілдері кездесіп, елдегі қақтығысты басуға қатысты талқылаулар жүргізді. Шараға Сириядағы үкімет және оппозиция өкілдері де қатысты. Ал Қазақстан бұл шарада тек келіссөз алаңымен қамтамасыз етуші ел ретіндегі қызметін атқарды. Сирия оппозициясының қатысушы өкілдері қорытынды мәлімдемеге қол қойған жоқ, келіссөздердің келесі кезеңі ақпанда Женевада жалғасатын болды.

Апта басында еліміздің банк нарығында елеулі жаңалықтар болды.  Кореялық Kookmin Bank қазақстандық ЦентрКредит банкіндегі үлесін сатуы мүмкін деп хабарланды. Банк ЦентрКредитті сатуды осы аптада өтетін директорлар кеңесінің отырысында талқыламақ. Кореялық банк БЦК-ның 23% үлесін 2008 жылы сатып алған еді. 2010 жылы үлесін 42% ұлғайтқан. Қазіргі кезде кореялық банкке БЦК-тың 41,9% тиеселі. Ал АТФ банк басшылығы қаржы институты ешкімге сатылмайды, ешкіммен қосылмайды деген мәлімдеме жасады. Яғни банк қазіргі кезде бірігу, сатылу мәселелерін қарастырмайды.  Басқа банктерден АТФ банкті сату туралы ұсыныс түспеген.

Сейсенбі, 24 қаңтарда Ұлттық банк Qazkоm мен Халық банк арасындағы келісімге қатысты пікір білдірді. ҰБ төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзінше, банктер арасындағы келісім нақты жүзеге асырылғанға дейін екі тарап Ұлттық банктің келісімін алуы тиіс. «Қаржы нарығындағы жаһандану және интеграциялық процестердің күшеюіне байланысты банк секторының шоғырлану тенденциясы көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстанда да қалыптасқан», — деді Олег Смоляков. Айта кетейік, өткен жыл соңында Қазком мен Халық банк бірігеді деген қауесеттер тараған еді. Екі жақ бірігу туралы мәселені жоққа шығарды, бірақ өзара келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Уақытша тіркелмегендерге наурыз айынан бастап айыппұл салынады. Азаматтардың уақытша тіркелуі әлі де жалғасып жатыр. Алайда заңнаманың кей тармақтары әлі талқылау үстінде. Сондықтан осы уақытқа дейін тіркеуге тұрмаған азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе «электронды үкімет» порталында тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеле алады. Егер қандай да бір азамат бір ай ішінде тіркелмеген жағдайда полиция ескерту жасайды, бір айдан кейін айыппұл салына бастайды.

Қазақстанда жеңіл мұнай кен орны табылды. «Аңсаған» кен орны Атырау облысындағы Жылыой аумағында орналасқан, табылған мұнайлы-газды жазықтар Теңіз кен орнынан әлдеқайда тереңірек шоғырланған. Кен орнының ықтимал қоры жоғары бағаланып отыр және жоспарланатын геологиялық барлау жұмыстарының үлкен көлемі көмірсутектерінің болжанып отырған ресурсын растауға бағытталады. Болашақта орынды бағалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сәрсенбі, 25 қаңтарда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі екі ведомствоға бөлінді. Елімізде халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және денсаулық сақтау министрлігі деген екі ведомство пайда болды. Мемлекет басшысының жарлығы бойынша, екі министрлікке жаңа басшылар тағайындалды. Енді ҚР Денсаулық сақтау министрі — Елжан Біртанов. Ал  Тамара Дүйсенова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды.

Қазақстанда тіркелмеген телефондарды бұғаттайтын болады. Қазір Қазақстан бірыңғай IMEI кодтар базасын құруды бастады.ҚР «Кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңына байланысты телефондарды IMEI коды бойынша тіркеу міндетін бекітті. Осы заңға сәйкес, ұялы байланыс операторлары тіркелмеген абоненттердің телефондарын бұғаттауға міндетті. Бұғаттау жұмыстары 2017 жылдың 1-ші шілдесінен бастап жүргізіледі.

Ал осы күні кешке арнайы хабарлама жасап, мемлекетті басқару реформасына қатысты түсініктеме берді. Оның сөзінше, президент өкілеттілігінің бір бөлігі парламент пен үкіметке беріледі. Арнайы өзгерістер енгізу үшін, конституциялық реформалар жүргізіліп, 26 ақпанға дейін жалпыхалықтық талқылау болады. Мемлекеттік биліктің өкілеттіліктерін қайта қарау бойынша жұмыс тобы барлық ұсыныстарды жинақтап, заңға өзгеріс енгізіп, президентке жібереді. Мемлекет басқаруының жаңа жүйесі туралы толығырақ мына жерден оқи аласыздар.

Бейсенбі, 26 қаңтарда тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті Қазақстан дүкендеріндегі әрбір жетінші өнімі сапа және қауіпсіздік талаптарына сай келмейді деген мәлімдеме жасады. Олардың сөзінше, кейбір өндірушілер мұндай әрекетке саналы түрде барады. Басым бөлігі Ресей Федерациясының азық-түліктері  (61%), одан кейін отандық өндірушілердің тауарлары (24%) және Қырғызстан Республикасы, Беларусь, Украина мен Францияның өнімдері (24%). Ең көп таралған құқық бұзушылық – марканың болмауы немесе сол жайында жалған ақпарат.

2017 жылдың екінші тоқсанында Қызылорда облысында әйнек шығаратын зауыт іске қосылады. Кәсіпорын жылына 200 мың тонна жұқа қабатты, энергия үнемдеуші, күннен қорғайтын және көп функционалды әйнектер шығаратын болады. Жоба операторы – OrdaGlassLtd. Зауыт құрылысына 42,07 млрд теңге қаржы салынды. Оның 20 пайызы жеке қаражаты, ал 80 пайызы Қазақстан даму банкінен алынған қарыз. Кеткен шығын 11 жылда ақталады деп жоспарланып отыр.

Жұма, 27 қаңтарда Ұлттық банк еліміздегі жалған ақша айналымына қатысты мәлімет жариялады. 2016 жылы Ұлттық Банкке 10 млн теңге көлеміндегі 3 469 күмәнді ақша белгісі сараптамаға келіп түсті, олардың ішінде 2 млн теңгесі қолдан жасалған. Банк өкілдерінің сөзінше, барлық жалған үлгілер түрлі-түсті принтерлерде және кәдімгі офсеттік қағазда жасалады және оларды арнайы касса техникасы арқылы оп-оңай анықтауға болады. Бірақ олардың ішінде қолдан сапалы жасалған теңге үлгілері болмаған.

Эйр Астана әуежайлардағы тарифтердің қымбаттағанын мәлімдеді. Әуекомпанияның мәліметінше, Қазақстандағы кейбір әуежайлар  2017 жылы 1  қаңтардан бастап қызметтердің құнын (сумен қамту, сатыларды, автолифтерді, жүк тиегіштерді жеткізу, әуе кемелерін тазалау қызметтері) 5%-дан 300%-ға дейін қымбаттатқан. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселе азаматтық авиация комитетімен кездесу кезінде де талқыланған. Компания әуежайлар тарифтерінің қымбаттауына байланысты шетелдік тасымалдаушылар да шағым жасауы мүмкін екенін айтады.

Апта соңын доллар 329 теңге деген курспен қорытындылады. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауданың қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 328,66 теңгені құрады. Күндізгі сессияда сауда көлемі 27 млн 100 мың доллар болды. Ақша айырбастау орындарында америкалық валюта 329 теңгеден сатылып жатыр.

Похожие материалы