Алматы. 17 ақпан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 13-17 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.
Дүйсенбі, 17 ақпанды америкалық валюта 322 теңге деген курспен бастады. Қазақстандық қор биржасындағы күндізгі сессия қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 322,15 теңгені құрады. Ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта 323 теңгеден сатылды.
Банк саласын жақсарту үшін 2 трлн теңге бөлетін болды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзінше, қаржы проблемалы кредиттерді сатып алу үшін аталған "Проблемалы кредиттер қорына" жіберіледі. "Қазіргі уақытта қор түрлі қағидалар бойынша жұмыс жасайды. Яғни, оның түрлі форматтар бойынша активтерді сатып алып, шартты түрде қаржыландыру жүргізуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық базасы бар", — Олег Смоляков.
Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаев Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына бөлінген қаржыны жымқырған деген мәлімдеме жасады. Жымқырылған қаржы көлемі - 1 млрд теңге. Іске «Orda Glass» ЖШС мен «Шымкентхиммонтаж» ЖШС компаниясы да қатысты деген күдік бар. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сейсенбі, 14 ақпанда осы жылғы бюджетте доллар курсы 330 теңге деп есептелді. "ЖІӨ өсімі мен 2016 жылдағы экономика салаларының дамуына байланысты болжам өзгерді, доллар курсы 360-тан 330-ға дейін ауысты. Қазіргі әлемдік сауда нарығындағы тенденциялар бойынша мұнай бағасы 35 доллардан 50 долларға көбейген", — деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Оның сөзінше, 2017 жылы номиналды ЖІӨ 49,7 трлн теңге көлемінде болады деп болжанып отыр. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 8 391,5 долларды құрайды.
Ұлттық банк Қазкоммерцбанкке 200 млрд теңге бөлді. Қаражат БТА-ның токсинді активтеріне қатысты мәселені шешу үшін беріліп отыр, нарықтық шарттарға байланысты кредиттік желі негізінде беріледі. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы үкіметтің отырысында орталық банк елдің қаржы секторын жаңартып, банктердің кредиттік белсенділігін қайта қалпына келтіруге кірісетінін хабарлаған еді.
БЖЗҚ-ға (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) тиесілі 36 млрд теңгені Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алма электржелісінің екінші кезеңі үшін бөлу керек. «Самұрық-Қазына» басқарма мүшесі Берік Бейсенғалиев осындай мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, екінші кезеңге қажетті қаржы KEGOC-тың купонды облигацияларын сатылымға шығару арқылы тартылған, сондай-ақ БЖЗҚ-дан 47,5 млрд теңге көлемінде қаржы алынған. Енді тағы 36,3 млрд теңге қажет.
Сәрсенбі, 15 ақпанда «Самұрық-Қазына» жыл соңына дейін 23 компанияны сатуды жоспарлап отыр. Бірінші жартыжылдықта 12 ірі нысан сатуға шығарылмақ (толық тізімді мына жерден көре аласыздар). Қордың жазуынша, аталған акциялардың бесеуіне шетелдік инвесторлар қызығушылық білдіріп отыр. Бұдан бөлек 11 актив тәуелсіз кеңесшілердің талдауынан өтіп, Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісімінен кейін сатылады.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарылуындағы кемшіліктерді жоюға уәде берді. Жаңа саясат бойынша, зейнетақы қорының салымшыларына таңдау еркі беріледі. "Салымшылардың орнына барлық шешімді мемлекет қабылдап, барлық тәуекелді өз мойнына алады. Ал енді президенттің ұсынысымен зейнетақы активтерін жекеменшік я шетелдік компанияларға табыстау жобасын іске асырғалы жатырмыз", — деді ол.
Бейсенбі, 16 ақпанда Қазақстанда дәрігерге қаралу құны 15 пайызға қымбаттағаны белгілі болды. Energyprom агенттігінің жазуынша, Алматы, Астана және Атырау дәрігердің қабылдауында болу ең қымбатқа түсетін қалалар ретінде тіркелді. Денсаулық сақтау саласындағы ақылы қызметтерден түскен табыстың көбі (55,5%) ауруханалар есебінен келген — 136,1 млрд теңге. Оның 26,6% хирургия бөлімшелерінен түссе (36,2 млрд теңге), тағы 10,6%-ы — ауруханалар мен перзентханалардағы гинекологиялық бөлімшелерден (14,5 млрд теңге) алынған. Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев инвестициялар бойынша «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының директорлар кеңесін басқаратын болды.
2020 жылға қарай еліміздегі республикалық маңызы бар 6 мың шақырым жолдан ақы алу жүйесі енгізіледі. Инвестиция және даму вице-министрі Роман Склярдің сөзінше, аталған жүйе жыл сайын 30 млрд теңге жинауға мүмкіндік береді. 2017 жылы Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай аумақтарында республикалық бюджет есебінен, ал Алматы-Қорғас аумағында Дүнижүзілік Банк есебінен төлем алу жүйесі енгізіледі. Тестік режимде осы жылдың қарашасынан бастап жұмысын бастайды.
Жұма, 17 ақпанда Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігі Қазкоммен келісімнен кейін Халық банктің рейтингі төмендеуі мүмкін деп ескертті. "Халық банктің Қазкомды иеленуі мүмкін жағдай, бірақ алдын-ала шарт бойынша Қазком стрессті активтерінен құтылуы қажет. Бірақ ол нәтижесіз аяқталса, Халық банктің ұзақ мерзімді «ВВ» рейтингі төмендетіледі", — деп мәлімдеді Fitch. Ал бұл уақытта S&P агенттігі Delta Bank рейтингін дефолттық деңгейге дейін төмендетті. Бұл 9,8 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз сомасын төлемеуіне байланысты. Егер акционерлер немесе Ұлттық банк тарапынан қолдау болса ғана қалпына келуі қажет.
Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев журналистерге сұхбат беріп, жинақтарыңыздың жартысын теңгеде сақтаңыздар деген пікір білдірді. "Жинақтарыңыздың бір жартысы теңгеде болсын, мөлшерлеме жоғары болғандықтан, табыс та көбірек болады. Егер шетелде сауда жасап, сапарлайтын болсаңыздар, екінші жартысын шетелдік валютада сақтаңыздар. Бірақ ол жағдайда табыс төмен болады", -дейді ол. Сондай-ақ банк секторы, қаржы нарығындағы жағдаймен және журналистермен байланыс туралы пікірлерімен бөлісті. Толығырақ мына жерден оқуға болады.
Апта соңын америкалық валюта 318 теңге деген курспен аяқтады. Қазақстандық қор биржасындағы күндізгі сессияны доллар 318,40 теңге деген көрсеткішпен аяқтады. Бұл апта басындағы курспен салыстырғанда 4 теңге арзан. Ал ақша айырбастау пункттерінде шетелдік валюта 320 теңгеден сатылып жатыр.