Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы
Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 25-29 сәуір аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды. Дүйсенбі, 25 сәуірді ұлттық валюта бағамы 333 теңгемен басталды. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 333,63 теңге болды.

Алматы облысына қытайлық компаниялар инвестиция салатын болды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автомномиялы ауданында (ШҰАА) болып, 10-нан астам ірі қытайлық компаниялардың жұмысымен танысты. Жалпы сомасы 2 млрд доллардан астам инвестиция болатын 12 меморандумға қол қойылды.

Жыл басынан бері Қазақстандағы ақша көлемі 3,4% артты. Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, 2015 жылдың желтоқсан айында ақша көлемі 17 трлн 207 млрд теңге болса, 2016 жылдың наурыз айының соңында көрсеткіш 17 трлн 787 млрд теңгені құрады.

Сейсенбі, 26 сәуірде Global Financial Integrity зерттеу тобы “Дамушы елдерден заңсыз шығарылған капитал” туралы есеп жариялады. Қазақстан тізімде 16,7 млрд долларлық көрсеткішпен 11 орында орналасқан. 2004-2013 жылдары біздің елімізден 167,4 млрд доллар қаржы шығарылған. Бұл екі Ұлттық қордың активіне тең. Ең көп қаржы 2007 жылдағы дағдарыс кезінде шығарылған. Көлемі – 26,5 млрд доллар.

Қазақстанда жылжымайтын тұрғын үй мүлігіне сұраныс төмендеді. Homsters.kz компаниясының мәліметінше, ақпан айында қаңтармен салыстырғанда пәтер немесе үй сатып алуға ниет білдіргендердің саны 4,7%-ға азайған. Ал наурыз айында ақпанға қарағанда аталған көрсеткіш тағы 8,4%-ға түсіп кеткен. Нарықтағы үй сату туралы ұсыныс керісінше қаңтар айынан бері 25%-ға жуық көрсеткішке артқан.

Қытайлық компаниялардан кейін Қазақстанға испандық кәсіпорындар қызығушылық білдірді. Испания Корольдігінің Сыртқы істер министрі м.а. Х.М.Гарсия-Маргальоның Астанаға сапары аясында испандық және қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум болып, испандық 20-дан астам компания өкілдері келді.  Екі жақ құрылыс, энергияның қалпына келетін көздеріне, көлік, инфрақұрылымдық нысандар, телекоммуникациялар, ауыл шаруашылығы саласында серіктес болуға мүдделі.

Сәрсенбі, 27 сәуірде еліміздің экономикасына қызығушылық білдіру эстафетасы түркиялық компанияларға берілді. Инвестиция және даму министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда түрік инвесторларының қатысуымен тәтті тағамдар және жеңіл өнеркәсіп өндірісі басталады. Ел экономикасына салынатын инвестиция көлемі 70 млрд теңге болады. Айта кетейік, 2016 жылдың наурызында Қазақстан инвестициялық саясатын жақсартқан 25 елдің қатарына кірді.

Ұлттық экономика министрлігі Ерболат Досаев Қазақстандағы экономикалық өсім 0,2%-ға бәсеңдеді деп хабарлады. Министрдің сөзінше, үкімет әзірше осы жылға арналған экономикалық өсімге қатысты болжамды бекітуді қарастырып жатқан жоқ.

Апта ортасында доллар бағамы 330 теңгеге дейін төмендеп кетті. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 330,90 теңге болды. Ал ақша айырбастау орындарында америкалық валютаның максималды курсы 331,6 теңгеден сатылды.

Бейсенбі, 28 сәуірде Ұлттық банк 2006 жылғы банкноттар 3 қазанда айналымнан алынып тасталынатындығын хабарлады. Аталған күнге дейін бұл банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және ел аумағында төлемдер және банк операциялары үшін қандай да болмасын шектеусіз пайдаланылады. 3 қазанға дейін банкноттар айырбастау тегін, комиссия немесе айырбастау үшін ақы алмай жүргізіледі.

Казкоммерцбанкте кадрлық өзгерістер жүргізіліп, Кеңес Рақышев “Қазкоммерцбанк” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. Бұл қызметте Ракишев мырза Марк Хольцманды алмастырады. Марк Хольцман өз кезегінде ҚКБ директорлар Кеңесінің мүшесі ретінде өз жұмысын жалғастырып, банктің басқару органына төрағалық етеді. Сондай-ақ банктің миноритарлық акционері Нина Жүсіпова директорлар Кеңесінің мүшесі ретінде жұмысын тоқтатып, жаңа мүшелер тағайындалды.

Жұма, 29 сәуірді теңге нығаюмен аяқтады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 327,41 теңге болды. Апта басынан бері салыстырғанда доллар 6 теңгеге әлсіреді. Статистика комитеті 2016 жылдың І тоқсанындағы еліміздегі жалақы көлемі туралы мәлімет жариялады. Ведомство хабарлауынша, қаңтар-наурыз айында Қазақстандағы бір жұмысшының орташа номиналды айлық жалақысы 132,769 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға жоғары.

Похожие материалы