Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 1-5 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 1 ақпанда Ұлттық банктің орталық аппараты Астанаға көшпейтіндігі белгілі болды. Осыған дейін "Астана" қаржы орталығын құру мақсатында еліміздің басты қаржы институының кеңсесі елордамызға көшіріледі деп жоспарланған еді.  Бірақ кейінірек Ұлттық банктің экс төрағасы Қайрат Келімбетов ҰБ орталық аппаратын Астанаға көшіру қаржылық қиындықтарға байланысты кейінге шегерілуі мүмкін деген еді. Банктердегі теңгелік депозит мөлшерлемесі 14,9%-ға дейін көтерілді. Сонымен бірге Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры валютадағы депозиттер бойынша ықтимал ең жоғары жылдық мөлшерлемені 3%-дан 2%-ға дейін азайтты. Сенбі-жексенбі күндері еліміздің айырбастау пункттерінде тағы да доллар сатылған жоқ. Америкалық валюта тек 1 ақпаннан бастап сатып алынды.  Сейсенбі, 2 қаңтарда интернеттегі сауда кезінде бағаны доллармен көрсетуге тыйым салынды. kolesa.kz, krisha.kz және market.kz сияқты автокөлік пен жылжымайтын мүлікті электронды сауда арқылы сататын сайттар бағаны  ұлттық валютамен көрсететін болды.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемесін 17% деңгейінде белгіледі. Сарапшылардың сөзінше, бұл шағын және орта бизнестің несиелендіруін азайтады. Ұлттық Банкінің базалық пайыздық мөлшерлеме жөніндегі кезекті шешімі 2016 жылғы 14 наурызда жарияланатын болады.

Әзербайжанның Орталық банкі банктердің лицензиясын жоюды жалғастырды.  Елдегі лицензиясы бар банктердің саны 36-ға қысқарды. Бұдан бұрын реттеуші елдің банк жүйесіне оң әсерін тигізе алмаған орташа және кішігірім банктердің лицензиясын жойған болатын.

Сәрсенбі, 3 ақпанда Мұнай бағасы қайтадан 32,60 долларға арзандады. Бұл АҚШ-тағы мұнай қорының көп болуы мен Иранның наурыз айынан бастап қара алтынды экспорттауды арттыру жоспарына байланысты болып отыр. Осы арада Қазақстандық қор биржасында доллар бағамы 8,69 теңгеге қымбаттады.  3 ақпанға арналған доллардың орташа бағамы 369,15 теңге болды. Ал ақша айырбастау орындарында доллар 379-380 теңгеден сатылды.

Қазақстандық «ЦентрКредит» банкі өзінің еншілесі «ЦКБ-Мәскеуді» ресейлік жеке инвесторға сатқаны туралы мәлімдеді. Алайда банктің қаншаға бағаланғаны жөнінде түсініктеме берілген жоқ. Мамандардың бағалауынша, келісім 1,3-2,1 млн доллар көлемінде болуы мүмкін.

Америка федералды үкіметінің қарызы 19 трлн доллардан асты.  Аталған сома Американың жалпы ішкі өнімінің 103 пайызын құрайды. Барлық қарыздың 13,7 трлн доллары компаниялар мен жеке компанияларға тиесілі. Қарыздың қалған 5,3 трлн доллары Федералды резерв жүйесіне берілуі керек. Бейсенбі, 4 ақпанда, шикізат нарығында Brent маркалы мұнайдың бағасы бір күн ішінде 7 пайызға көтеріліп, Астана уақыты бойынша 10:00 де барреліне 35,33 долларға бағаланды. Қара алтын құнының өсуі доллардың басқа шетелдік валюталарға қатысты әлсіреуінен болды, дейді сарапшылар. Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 363,23 теңге болды. Ақша айырбастау орындарында доллар 367 теңге аралығында сатылды. «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясынан 1,8 млрд теңге ұрланғаны белгілі болды. Тексеруі кезінде жұмысшылар тарапынан АИ-95, АИ-92, АИ-80 маркалы жанармай мен дизельдің жалған талондары арқылы ұрланғаны және бухгалтерлік есептің бұрмаланғаны анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сараптамалық зерттеу құрылып, аталған іске қатысы бар тұлғаларға қатысты оперативті тергеу жүргізіліп жатыр. Жұма, 5 ақпанда Bloomberg сарапшылары  Қазақстанды  жұмыссыздыққа қатысты инфляция деңгейі бойынша экономикада «бақытсыз» елдер қатарына енгізді. Рейтинг «Бақытсыздық индексіне»(Misery Index — инфляция көлемімен жұмыссыздыққа) негізделіп жасалған. Қазақстанның алдында бұл тізімінде Венесуэла, Аргентина, Оңтүстік Африка, Грекия, Украина, Испания, Сербия, Түркия, Бразилия елдері бар.

Елімізде нан мен қант бағасы қымбаттады. Статистика комитетінің хабарлауынша, Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасы 2016 жылдың басынан бері 2,3%-ға артты. Ең жоғарғы нанның бағасы Петропавл қаласында тіркелді.  Петропавлда жыл басынан бері нанның құны 32,9%-ға артқан. Ал Жезқазған қаласында 23,2%-ға , Атырауда 12,5%-ға қымбаттады.

Похожие материалы