Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 22-26 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 22 ақпанды теңге нығаюмен бастады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 351,63 теңге болды.  Максималды курс — 352,10 теңге, сауданың аяқталуы кезінде 351,50 теңге болды. 2016 жылдың 1 қаңтарында БЖЗҚ-дағы жинақталған зейнетақы көлемі 5,8 трлн теңге болды деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.  Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28,3%-ға ұлғайды. 6 млн-нан астам жұмыс істейтін қазақстандықтар жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5%-ға артық. Ал шетелде заңдастырылған мүлік пен бағалы қағаздардың жалпы құны 1,14 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады. Нақтырақ айтқанда 37 тұрғын үй 1,12 млрд теңгеге, 3 тұрғын үй емес обьект 8,3 млн теңгеге, 2 коммерциялық нысан 6,1 млн теңгеге бағаланған. Мұнай көлемін 2016 жылдың қаңтар айындағы деңгей бойынша сақтап тұру туралы келісімге әлемдегі мұнай экспорттаушылардың 75% қосылады. Бұл туралы Ресейдің энергетика министрі Александр Новак мәлімдеді. Ресейлік министрдің сөзінше, Ресей, Венесуэла, Сауд Арабиясы мен Катар арасындағы келісімнің жүзеге асырылуы үшін осының өзі жеткілікті. Сейсенбі, 23 ақпанда энергетика вице-министрі алдағы айларда Қазақстанда бензин бағасы қымбаттамайды деген мәлімдеме жасады. "Жалпы, жақын арада Қазақстанда бензиннің өсуіне ешбір себеп жоқ. Ресейде маусымдық өзгерістер болып тұрады, бірақ айтарлықтай өсімдер болмайды", — деді ол. Ал Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Үкімет Ұлттық қордан қосымша қаражат сұрамайды деп хабарлады. Оның айтуынша, кепілді трансферт аясындағы заңға сәйкес, министрлер кабинетінің қосымша қаржы алуға мүмкіндігі болған. "Бірақ біз мүмкіндіктен бас тарттық", - деді Е. Досаев. Сондай-ақ ол инфляцияның бұрынғы 6-8% дәлізде қалатындығын да атап өтті. Алматы қаласындағы тұрғын үйлерді жалдау құны төмендеп жатыр, деп хабарлайды kn.kz сарапшылары. Бір апта ішінде мегаполистегі пәтер бағасы айына 133 мың теңге деп белгіленген. Ал шаршы метр үшін орташа баға — 2093 теңге. Қалада орташа есеппен ең қымбат тұрғын үй жалдау бағасы 249 мың теңгені құрайды. Ал ең арзан пәтерді айына 78 мың теңгеге жалдауға болады. Сәрсенбі, 24 ақпанда Қазақстан теңге мен мұнай бағасына қатысты болжамын өзгертті. Экономика министрлігінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жаңаланған болжам бойынша, мұнайдың баррелі 30 доллар, доллар бағамы 360 теңге болған жағдайда, ЖІӨ-нің биылғы өсімі 0,5 пайыз деңгейінде болады. Ведомство басшысы Е.Досаевтың сөзінше, бұған халықаралық қаржы ұйымдары мен инвестициялық банктердің мұнай бағасын 40 тан 30 доллар аралығында деп белгілеуі себеп болды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұрғындармен кездесу өткізіп, қаланың экономикалық жағдайына қатысты есеп берді. Мегаполис басшысының сөзінше, экономикалық өсімі 3%-ды құрады. Қаладағы орта және шағын бизнес обьектілерінің саны 185,2 мыңнан асқан. Шағын бизнеске арналған кредит көлемі 712 млрд теңгені (+25,6%) құрады. Сондай-ақ, Б.Байбек үш базардың жаңаланып, 9 базардың қайта жөндеу жұмыстары басталғанын және екі ірі сауда орталығы ашылғанын атап өтті.

Бейсенбі, 25 ақпанда Үкімет барлық сала бойынша бюджет шығынын арттырды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2016 жылға арналған бюджет есебін таныстыру барсында шығын 266,8 млрд теңге көлемінде болатынын хабарлады. Бюджет шығыны бұдан бұрын бекітілген жоспармен салыстырғанда 600,2 млрд теңгеге артты. Әлеуметтік саладағы шығындар үшін 2 998 млрд теңге жұмсалады. Мәдениет және спорт саласына жұмсалатын шығындар 91 млрд теңге болады. 2016 жылы бекітілген жоспардан 34,5 млрд теңгеге артық. 2017 жылы өтетін Универсиадаға дайындық бойынша іс-шараларды іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін трансферт есебінен 28,8 млрд теңге қарастырылады.  12 және 3 мың орындық екі мұз айдынының құрылысын аяқтауға, ал универсиада іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуге 18 млрд теңге бөлінеді. Жұма, 26 ақпанды теңге бағамы өзгеріссіз аяқтады. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 349,83 теңге болды. Ақша айырбастау орындарында доллардың 26 ақпандағы максималды курсы 351 теңге деп белгіленген. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан бюджеті бақыланбайтын мигранттардың есебінен шығынға ұшырап жатыр деп мәлімдеді. "Қазақстанда 300 мыңнан астам мигрант жұмыс істейді. Жыл сайын 5-7 млрд доллар көлемінде қолма-қол ақша және банктер мен өзге төлем жүйелері арқылы 1 млрд доллардан астам қаржы шығарылады. Бұл тұрғыда әлеуметтік тәуекелдерді жабу үшін салықтар мен өзге де аударымдар төленбейді»,- дейді вице-министр Біржан Нұрымбетов. Citigroup Inc. компаниясы жаҺандық тоқыраудың жақындап қалғаны туралы ескертті.  «Біздің ойымызша нарықтағы 2-3 жылға созылған тыныштықтан соң қайтадан қиындықтар басталды. Әлемдік экономиканың өсімі өте қиын жағдайға тап болды», — деді агенттік сарапшылары. Citigroup тобы 2015 жылғы әлемдік экономика өсімін 2,4%-дан 1,6%-ға төмендеткен еді. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш тағы төмендеуі мүмкін екенін ескертіп отыр.

Похожие материалы