Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Биыл Қазақстандағы егіс көлемі 23,7 млн гектар болады

Биыл Қазақстандағы егіс көлемі 23,7 млн гектар болады

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы мәселелері талқыланған сараптамалық кеңеске қатысты. 

Талқылауға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Министр қазіргі басты міндет – 2025 жылғы көктемгі егіс науқанын сапалы өткізу екенін атап өтті.

Биыл Қазақстанда жалпы егіс көлемі 23,7 млн гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Оның ішінде шамамен 1 млн гектар жер жоғары табысты дақылдарға басымдық бере отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында игеріледі.

Жамбыл облысында 641,2 мың гектар жерге егін егу жоспарланған, оның 90%-ы бүгінде орындалған.

Айдарбек Сапаров 2024 жылғы жоғары өнім көлемі ел экономикасының өсуіне елеулі әсер еткенін еске салып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді осы қарқынды сақтап қалуға шақырды. Ол үшін заманауи агротехнологияларды енгізіп, табысты дақылдарды өсіру қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдетілген несие көлемі рекордтық 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Үкіметтің қолдауымен инвестициялық жобаларды және ұсақ шаруашылықтарды қолдауға арналған қаржыландыруға өтініштер қабылдау 2024 жылдың қарашасында басталды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірушілерінен жалпы сомасы 468,1 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Биыл жеңілдетілген лизинг көлемі 200 млрд теңгені құрайды», – деді министр.

Айдарбек Сапаров заманауи агротехнологияларды енгізу, тыңайтқыштарды тиімді әрі оңтайлы пайдалану, тұқым сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударып, Президент тапсырмалары аясында министрлік қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады.

«Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта жоғары қосылған құны бар өнім өндірісіне, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге және аграрлық ғылымды дамытуға басымдық берілді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі астықты терең өңдеуге арналған кешенді жоспар әзірледі. Оның мақсаты – еліміздің жоғары қосылған құны бар өнім өндіру және экспорттау бойынша әлемнің он жетекші елінің қатарына енуі. Сонымен қатар аграрлық ғылым мен білім беру жүйесін трансформациялау жұмыстары жалғасып жатыр», – деді ол.

Жиын барысында қатысушылар саланы одан әрі дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және су үнемдейтін суару технологияларын қолдану бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.

Атап айтқанда, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев ауыл шаруашылығы министрлігіне аграрлық ғылымды қолдағаны үшін алғысын білдірді. Соның нәтижесінде тұқым шаруашылығы мен селекция бағытындағы жұмыстар күшейтілгенін айтты.

«Соңғы жылдары Үкімет жаңа картоп, көкөніс, бақша және жеміс-жидек дақылдарының сорттарын шығару, тұқым шаруашылығы және агротехнологияларды әзірлеуге арналған ғылыми зерттеулерге қомақты қаражат бөліп келеді. Шаруашылықтар бұл қолдаудың нақты нәтижесін сезіне бастады, өнімділік 25-30%-ға артты», – деді ол.

Іс-шара соңында министр ауыл шаруашылығы техникасы, су үнемдейтін технологиялар, тұқымдар және қайта өңделген өнімдер көрмесін аралап шықты.

Ұқсас материалдар