Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Теңгенің тағдыры таразыда тұр

Теңгенің тағдыры таразыда тұр

Девальвация болсын, болмасын... Қазақстанда сарапшылардың теңгенің құнсыздануы туралы пікірі екіге жарылды. Кәсіпкерлер мен банкирлердің кейбірі девальвация керек десе, сарапшылар болмайды деп дейді. Девальвация болмайды дегенді Елбасы да, Ұлттық банк төрағасы да айтқан. Ал, кәсіпкерлер мемлекеттің күшпен теңге бағамын ұстап тұруының құны девальвациядан да қымбатқа түсіп отыр дейді.

«Бизнес тоқтады, белсенділік жоқ. Жарты жыл ішіндегі ЖІӨ өсімі 1,7 пайызды құрады. Біз 4 пайыз деп жоспарлаған едік. Үкіметтің 2 - 2,5% көлемінде ұстап тұрамыз дегенінен ресейлік рубльдің одан әрі әлсізденіп бара жатуы кедергі болады. Теңгенің жаңа дәлізі жағдайға әсер ете алмайды. Теңгенің долларға қатысты бағамын 198-ге дейін көтеру еш нәтиже бермейді. Қазір компаниялар түрлі әдіспен қызметкерлерін ұстап қалуға тырысады, бірақ күзге қарай таңдау болмайды. Біздің баға паритетін бекітуіміз, курсты теңестіруіміз немесе субсидия беруіміз қажет. Барлық кәсіпорындар үлкен қысым көріп жатыр. Күзге қарай көпшілігі тоқтап қалуы мүмкін. Менің ойымша, курсты әлсіздендіру қажет» , - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата басқармасының төрағасы Абылай Мырхзахметов жақында Алматыда журналистермен кездесуінде. Бұған дейін осыған ұқсас пікірді «Халық банк» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова да бірнеше рет айтқан еді. Мырзахметовтың пікірінен кейін  Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовың экс-кеңесшісі, белгілі сарапшы  Олжас Құдайбергенов жағдай мүлдем басқа деп, теңгенің құнына қатысты талқылауды бастап жіберді. "Қазақстаннан Ресейге баратын экспорт қаңтар-мамыр айларында 23,3 пайызға азайды. Ресейдегі бөлшек сауда айналымы бірінші жартыжылдықта 15%-ға, инвестиця 20%-ға, оның ішінде құрылыс секторындағы инвестициялық белсенділік 3 есе төмендеген. Бұл  фактор Ресейге кез-келген елден баратын импорттың төмендейтіндігін көрсетеді. Мысалы, Жапониядан баратын импорт 37%, Түркиялық импорт 40 пайызға, Беларуссия импорты 32,9 пайызға азайған. Ресейлік экспорт шығын көрді. Рубль құнсыздануынан кейін ЕАЭО елдеріне баратын экспорт 21,9 пайыз, өзге елдерге 8,2 пайыз төмендеді. Яғни Ресейде үлкен дағдарыс жүріп жатқандықтан, оған баратын экспорт кез-келген девальвацияда құлдырайды. Сондықтан "ресейлік факторға" баса назар аударып, экономикадағы жағдайды ресейлік рубльге байланыстыру отандық кәсіпкерлеріміздің қазіргі жағдайын одан сайын нашарлатып жібереді",- дейді  Ұлттық банк басшысының бұрынғы кеңесшісі. Оның сөзінше, егер мұнай бағасы 55-60 доллар көлемінде қалса, белгіленген дәліз аясында кезең-кезеңімен әлсіздендіруге болады. Мұнда да қара алтын бағасының көрсеткішін назарға ұстап отыру қажет. Егер мұнай бағасы ең төменгі норманы сақтап қалса, девальвацияның қажеттілігі басты мәселе болмақ дейді ол. Бірақ мәселе құнсызданудың қашан болатындығында емес, басқа қандай шараларда қолдану екендігінде. Экономистің сөзінше, девальвация тек арнайы кешенді шаралармен бірге іске асырылса ғана, әсерін береді. Өзге жағдайда жүргізу "ішкі ауруды емдемей, бар тесікті деальвация есебінен толтырып, халықты тонау" болады. Ал, кәсіпкерлер жағдай күрделенсе кешенді шаралар құруы керек деді ол. Ол үшін ҰКП барлық саладағы бизнестің барлық масштабын (ірі, орта және шағын) айқындайтын кәсіпорындарды таңдап, олардың 2013-2015 жылдар аралығындағы сауда саясатына сараптама жасау қажет. Қажет болса өзінің ақысыз түрде қызметін ұсынуға дайынмын деді Құдайбергенов. Бұдан кейін Абылай Мырзахметов нарықтағы жағдайды сан жүзінде сипаттап, жауап берді. Оның хатында айтылғандай осы жылдың алғашқы жарты жылдығында азық-түлік саласы 15%-ға және машина жасау саласы 30%-ға, құс еті өндірісі 37%-ға, май өндірісі саласында, соның ішінде өсімдік майы, маргарин және азықтық майлар өндірісі 12%-ға ( «Шымкентмай» АҚ өндіріс көлемін 21%-ға ), шоколад және қанттан жасалған кондитерлік өнімдердің өндірісі 20%-ға («Баян Сұлу» АҚ өндірісі 30%-ға), алкоголсіз сусындар саласы бойынша,  Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Юникс» ЖШС («Тассай» тауар белгісі) өндіріс көлемін 15%-ға төмендеген. 2015 жылдың 1 жартыжылдығында елдегі өнеркәсіп өндірісінің физикалық көлемі 8 облыста азайған. Сегіз облыстың арасынан өндіріс көлемінің азаюы жөнінен шекара маңындағы облыстар алда тұр (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары). Қазақстанның бидай өңдеушілерінің Одағының дерегінше, өткен жылдың қарашасына бері ел аумағына 500 мың тоннадан астам ресей бидайы кіргізілген. Бұл бидай біздегі ұн диірмендерінде өңделеді. Рубль мен теңге бағамының айырмашылығындағы диспаритет Ресейден келетін импорттың күрт өсуіне алып келді. 2015 жылдың 6 айында «Қазақстан Темір Жолы» АҚ дерегі бойынша теміржол тасымалының барлық түрінде Ресейге шығарылатын экспорт динамикасы 15%-ға төмендеген. Ал, сол бағытан келетін импорт көлемі 15%-ға ұлғайған. «Жоғарыда статистикадан кейін екі дағдарысты құбылыстың қалыптасқандығын байқаймыз»,- дейді ол. Біріншісі бір жыл көлемінде мұнай бағасының төмендеуіне байланысты. Капиталды шығындар 30 пайызға қысқарып, мұнай қызмет көрсету саласында сұраныс азайды. Ал ресей рубльінің құнсыздануы өнеркәсіптік саладағы шағын және орта бизнеске ықпал етті. Осы жағдайға байланысты ҰКП басшысы екі түрлі ұсыныс тастайды: - Нүктелі субсидиялау. ҰКП өнеркәсіптік өндіріс үшін 70 млрд теңге көлемінде нүктелі субсидия жоспарын дайындағанымен, Үкіметтің бюджеттік мүмкіндіктері болмай тұр. - Валюта курсын өзгерту.  Девальвация керек дегендердің қатарында қоғам белсендісі, экономист Мұхтар Тайжан  мен  экономикалық шолушы Денис Кривошеев бар. Мұхтар Тайжанның сөзінше, мұнай бағасының құлдырауы мен ресейлік рубльдің әлсізденуіне байланысты соңғы жылы еліміздегі 20 млрд доллар алтын-валюталы резерв жұмсалған. Яғни Ұлттық банктегі мамандар мен экономистердің қорқынышынан біз республикалық бюджеттің үштен екі бөлігін ауаға тастадық дейді ол. Хат иесінің сөзінше, қазіргі экономикалық жағдайды ауырып жатқан науқаспен салыстыруға болады. Тез арада оның ыстығын түсірмесек, кейін басқа емнің пайдасы болмай қалуы мүмкін. Егер қазір девальвация жүргізілмесе, шетелдік өндіруші компанияларды есептемегенде, біздің долларлық табысымыз азаймақ түгілі тіпті жоғалып кетеді. Қызметкерлердің көпшілігі қысқарады немесе кәсіпорындар түгеліміне банкротқа ұшырайды.  "Біздегі шикізатпен Норвегияға да, Нигерияға да айналуға болады. Барлығы да экономикалық саясатқа байланысты", - деп жазады ол. Денис Кривошеев болса экономисті осы жылдағы нақты көрсеткіштерді елегісі келмейді деп кінәлап отыр. "Бізде апат. Сауда балансы оң көрсеткіштен теріске ауысып жатыр. ЖІӨ тұрақты түрде төмендеп жатыр. Әлі де қысқара береді", - деп жазады ол. Маманның сөзінше, ресейлік импорттан келген зардапқа құтқару операциялары да көмектесе алмайды. Алғашқы 6 айда тек шығын көрсеткен "Азия Авто" осының дәлелі. Мұндай проблема басқаларында да бар. Д.Кривошеев О.Құдайбергенов сілтеме беріп отырған РФ-ның сауда айналымы туралы ресми мәліметтер шындыққа сай келмейді деп атап өтеді. Оның сөзінше, операциялардың жартысынан астамы жеке тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылады. «Ашық шекарада оларды есептеу мүмкін емес. Сондай-ақ, ол экс-кеңесшінің өткен жылдың қарашасында рубль мен теңге арасындағы теңгерімсіз курстың және сатып алу сұранысының азаюынан келген шығын 50 млн доллардан аспайды деген уәдесін еске салып өтті. Қазір Ресейден 3 млрд теңгеден астамға көлік әкелінген. Қазақстандықтардың жиһаз бен киім-кешекке, азық-түлікке жұмсаған қаржысын әлі де есептеу мүмкін емес» дейді шолушы. Оның жазуынша, теңгені кезең-кезеңімен құнсыздандыру керек. Бірақ инфляциядан кейінгі девальвацияны бастау үшін соңғы 10-15 жылда жинақталып қалған инфляцияны жабу қажет. Девальвация туралы дискуссия әлі де толастаған жоқ.  Сарапшылардың өзі тоқетерін айта алмай тұр.  Ал қарапайым қазақстандықтардың кейбірі теңге құнсыздануына қарсы шығып,  change.org порталында Мемлекет басшысына девальвация өткізбеу туралы үндеу жариялап, қол жинауда.  Әзірге, оған 100-ден астам қол қойған. Үндеу авторы «Халық девальвацияға «дайындалуы» мүмкін емес. Құнсыздану кезінде халықтан алынған қаржы олигархтық топтың бақылауында қалады. Біз мұндай бөлуге қарсымыз. Біз Ұлттық банк пенПрезидент айтқан уәдесін сақтағандығын талап етеміз», — деп жазады. Осылайша теңгенің құны таразыда тұр. Осы аралықта Қытайда юань үш күнде үш рет құнсызданып үлгерді. Мұның соңынан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің де валюталары 1 пайызға дейін құнсызданды. Тағы бір көршіміз Ресейде рубльдің құнсыздануы былтырдан бері жалғасып келеді.

Похожие материалы