Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру туралы келісім 2015 жылғы қаңтардың 1-іне күшіне енген. Негізінен Ресей, Қазақстан, Армения, Белорусия мен Қырғызстанның серіктестігі түрлі бастамалар шеңберінде біріккенімен, келіспеушілік әлі де бар.
ЕАЭО келісімі бес ел аумағындағы тауарлар мен қызметтің, жұмыс күші мен капиталдың еркін айналымына мүмкіндік береді. Ол үшін мүше елдердің барлығы одақ шеңберіндегі барлық жеке және заңды тұлғаларға тең құқық беріп, бірдей мүмкіндік жасау керек, яғни елдердің қаржылық жүйесін біріктіруі керек. Алғашқы келіспеушілік те осы жерден басталады.
Мүше елдер 2017 жылдың мамырында ортақ қаржы нарығы дайын болады деп жоспарлаған, ал біріккен нарық 2025 жылдан бастап қана жұмысын бастамақ. Бес елдің ортақ шешімін табу қиынға соқтырып жатқан мәселенің бірі - ЕАЭО елдерінің арасында кредит тарихын алмасу келісімі. Бұл құжатсыз қаржылық интеграция туралы айту мүмкін емес. Аталған мәселе біраз жылдан бері шешімін таппай келеді: 2009-2011 жылдары Ресей мен Қазақстан ЕурАзЭО (ЕАЭО-дан бұрын жұмыс істеген ұйым) елдері арасында кредиттік ақпарат алмасу туралы құжатқа қол қоймақ болды, бірақ келісім процесі Қырғызстанда 2010 жылы болған қақтығыстың салдарынан кейінге қалдырылды.
2014 жылы ЕурАзЭО-ның орнына ЕАЭО құрылды, бірақ бұл одақта да кредиттік ақпаратпен алмасу туралы келісімге келе алмады. Бұл құжаттың маңызы сол – елдер кредиттік ақпаратпен алмаспаса, яғни кредит тарихын бір-біріне бермесе одаққа мүше елдер территориясындағы банктердің барлығы несие алушыларға қатаң және күмәнмен қарайды. Мысалы, ресейлік банктер қырғызстандық клиенттерге, қазақстандық банктер Белорусиядан келген азаматтарға кредитті күмәнмен береді я қаржысын тәуекелге тікпей, мүлдем беруден бас тартады.
2015 жылдың күзінен бері мемлекеттер аталған келісімдегі кей шарттарға қатысты әлі де бір шешімге келе алмай жатыр. Шетелдік басылымдардың жазуынша, бұған негізгі кедергі келтіріп жатқан – еуразиялық интеграцияның негізгі бастамашысы болған Қазақстан. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның Ұлттық банкі біраз ел келісім берген шартқа қол қоймай отыр.
Негізгі «қақтығыс» нүктесі кредиттік бюролар жүйесінде. Кредиттік бюро дегеніміз - адамдардың кредит тарихын жинақтап, кредиттік есеп беретін коммерциялық ұйым, яғни банктер азаматтарға кредит беру үшін бұл институттың ақпараттары өте қажет. Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, кейбір елде кредиттік бюролар – жекеменшік, кейбірінде – мемлекеттік. Мысалы, Ресейде 21 бюро бар (барлығы жекеменшік), Қазақстанда екеуі кредиттік бюро бар – бірі жекеменшік, екіншісі мемлекеттік, қалған елдерде бір ғана бюродан.
Қазақстанның өкілдері бұл құжаттың g2g — government to government форматында, яғни мемлекет құрылымдары арасындағы ақпарат алмасу секілді жүйе болғанын қалайды, себебі ақпарат қауіпсіздігі үшін елге осы тиімді. Белорусия да мұнымен мемлекеттік бюро айналысқанын қалайды. Ал Ресейде кредиттік бюролардың барлығы жекеменшік, сондықтан Армения мен Қырғыстан секілді ол да бұл жобаның b2b — business to business форматында, яғни кәсіпкерлер арасында келісім-шарт болғанын қалайды.
Енді елдер ертең – 8 желтоқсанда Қазақстанның Ұлттық банкінде өтетін кездесуде осыны талқылап, бір келісімге келуі керек. Жалпы, Қазақстанның мұндай позицияда мықтап тұрып алуының себебінде бір мән бар. Біздегі мемлекеттік кредиттік бюро (МКБ) - елдегі күрделі қаржы жүйесін бақылайтын қосымша орган. Оның құрылуына мемлекет қазынасынан біраз қаражат жұмсалған еді, сондықтан бұл орган экономикалық жүйе басқарылуында өзінің негізгі функциясын атқаруы қажет.
Кредит тарихымен алмасу – мәселенің басы, одақ интеграциясындағы кедергілердің бірі ғана. Одан басқа түсінбеушілік те жетерлік, мысалы, сақтандыру нарығы. Ұйым шеңберінде мүше мемлекеттердің кез келген азаматы я компаниясы ЕАЭО-дағы кез келген елде сақтандырылуға мүмкіндігі бар. Бұл үшін сақтандыруда тұрған клиенттер туралы ақпарат жиналатын ортақ база құру керек. Бірақ бұл жерде де мәселе Қазақстанға келіп тіреледі. Бізде сақтандыру компаниялары клиенттерінің жеке базасы бар. Ұлттық банк мұндай құзыретті өзінің еншілес компаниясы, жаңағы айтқан – мемлекеттік кредиттік бюроға беріп қойған. Осылайша, Еуразия шеңберіндегі сақтандыру нарығының интеграциялануы туралы айтқанда тағы да мемлекеттік мүдде мәселесіне келіп тіреледі.
Егер Қазақстанның Ұлттық банкі өзінің еншілесін [мемлекеттік кредиттік бюроны] одаққа мүше елдермен кредит тарихы алмасуына жауапты етіп қойса, бұл ресейлік компанияларға тиімсіз болмақ. Аталған құжат еуразиялық интеграцияның даму жолындағы ең үлкен кедергінің бірі болғандықтан серіктестікте де осы құжат аса үлкен маңызға ие. Егер 8 желтоқсанда өтетін талқылауда елдер бір шешімге келмесе одақ жұмысы қазіргідей баяу ғана қозғала бермек.
Аян ҚАЛМҰРАТ, "7"