Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Экономист: Жаңадан құрылатын ұлттық компанияға үміт артудың қажеті жоқ

Экономист: Жаңадан құрылатын ұлттық компанияға үміт артудың қажеті жоқ

Жуырда инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанның экспорт нарығын дамыту мен инвестиция тартуға бағытталған екі ұлттық компания құрылатынын мәлімдеді. Сарапшылар мұның ешқандай нәтиже бермейтінін, тек мемлекеттің экономикадағы үлесін арттыратын бастама екенін айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы қаңтардың 31-інде жариялаған жолдауында үкіметке 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайтуды, экспорт саясаты жөніндегі кеңес құрып, осы бағытта жаңа стратегия құруды тапсырды. Үкіметтің кейін, 4 ақпанда, өткен отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке екі апта ішінде экспорт пен импорт жөніндегі жаңа ұлттық компаниялардың жобасын жасауға тапсырма берді.

Көп кешікпей министр Жеңіс Қасымбек жаңадан ашылатын ұлттық компаниялар жайында мәлімдеме жасады.

- Біздің «ҚазЭкспорт Кепіл» компаниямыз бар, оның жанынан «Қазақэкспорт» компаниясы құрылады. Барлық жұмыс экспортты дамытуға бағытталады. Экспортты қолдау жөніндегі барлық сұрақпен енді осы компания айналысады, – деді ол.

Бірақ министр сыртқы сауданы дамыту үшін ашылғалы жатқан ұлттық компаниядан басқа және бір компанияның құрылатынын  хабарлады.

- «Kaznex Invest» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі жанынан инвестиция тарту жөніндегі «Казақинвест» ұлттық компаниясы құрылмақ. «Бұл компания үкімет атынан барлық инвестормен келіссөз жүргізетін жалғыз мекеме болмақ. Екі компанияның алдына екі нақты міндет қойылды, бірі инвестиция тарту жөніндегі барлық қызметті өз мойнына алса, екіншісі өнімді экпортқа шығарумен айналысады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрінің мұндай мәлімдемесі экономистер арасында біраз талқы тудырды. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рахым Ошақбаев жаңа компания ашу жұмыстың нәтижелі болуына әсер етпейтінін, тек басқа компаниялардың тиімсіз жұмысын жасырудың амалы екенін айтады.

- 2010-2016 жылдар аралығында республикалық бюджеттен инвестиция тартуға – 13,9 млрд теңге, экспортты дамыту үшін 9,3 млрд теңге бөлінді. «Ол қаражат қалай жұмсалды? Мәселе неде?» деген мәселені қарастырмағаннан кейін орнына ұлттық компания ашып, олардың атын өзгертуден не пайда? – дейді экономист.

Маманның айтуынша, Қазақстанда  2007 жылы экспортты дамыту және арттыру мақсатында құрылған Kaznex Invest корпорациясына да республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Қаржы министрлігінің статистикасы бойынша, «Kaznex Invest» АҚ-ға 2016 жылы 2,3 млрд теңге бөлінсе, 2017-2019 жылдар аралығында жыл сайын 1,6 млрд теңге құю қарастырылған. 7kun-ге жауап берген Рахым Ошақбаев жаңа компанияның экспортты арттыратынына сенбейтінін жеткізді.

- Құрылатын жаңа компаниялар біз күткен нәтижені әкеледі дегенге сенбеймін. Себебі, бір нәрсе қайта-қайта істеп, бірақ басқа нәтижені күту – ақымақтық, - дейді сарапшы.

Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры, экономист Меруерт Махмұтова да құрылатын жаңа ұлттық компаниялардың экспорт нарығында қалыптасқан жағдайды «өзгерте алатынына сенбейтінін» жеткізді.

- Жаңа компания импорт пен экспортты көтеруге жәрдем бере қоймайды. Бюджеттің кірісі төмендеп келе жатқан уақытта бұл (жаңа компанияларды құру – ред.) - тағы бір шығыс. Біздің басқа мемлекеттік компаниялардан көріп жатқан пайдамыз жоқ, бұдан да кіріс болмайды. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорын құрастырғанына 10 жылдан асып кетті. Олардан елге пайда келіп жатқан жоқ. «Инвестиция бердік» деп айтады, бірақ олар тек делдал, себебі оларға қаражатты бюджеттен, Ұлттық қордан беріп отыр ғой, - деп пікір білдереді маман.

Экономистің айтуынша, бізде экпорт пен импорттың азаюына баға факторы себеп болып отыр.

- Экспорт пен импорт үлесінің түсуі біздің экспортқа жұмсап жатқан мұнай бағасының төмендеуінен болды. Яғни, баға факторы. Бағасы төмендеген соң, экспорттың көлемі де төмендейді. Енді экпорттан түсіп жатқан валюта төмендегендiктен, оған сатып алатын импорт та кемiді. Екі девальвациядан кейін бизнес әлі төмендеп жатыр, сондықтан сауда да азайды, - дейді Меруерт Махмұтова.

Президенттің 31 қаңтарда жарияланған жолдауында мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15 пайызға дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейіне дейін төмендету тапсырылған еді. Бірақ мемлекет әлі де экономика араласуға мүдделі болып отыр. Экономист Мақсат Халық осылай дейді.

- Бізде ашылатын көп мемлекеттің компания жұмысының басы бар, аяғы жоқ. Кезінде Ұлттық инновациялық қор ашылды? Қазір қайда? Транспорттық технологиялар орталығы құрылып еді. Оның да тағдыры белгісіз боп қалды. Үкімет өзі жаңа жобалар ашады. Бірақ оны жекеменшікке бергісі келмей, қожайын боп қалғысы келеді. Олар дұрыс жұмыс істеу үшін жеке секторға беру керек, сонда ғана мемлекет бюджетінен тыс қаражат тартылады, - деді маман.

Кейбір экономистердің «ұлттық компаниялар жұмысында тиімділік жоқ» дегеніне сүйеніп, «квазимемлекеттің сектор жұмысын қалайша жақсарта аламыз?» деп қойған сұрағымызға маман ондай компанияларда ашықтық жетіспейтінін алға тартып, жариялылық болмаса қандай да бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес екенін айтты.

Айта кетейік, Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы 2-3 жылда мұнай бағасының төмен әрі құбылмалы болуы жалпы экспорқа кері әсерін тигізген. Экспорт көлемі 2013 жылдан бастап 85 млрд доллардан 2015 жылға дейін 46 млрд долларға дейін қысқарды. Ал 2016 жылдың қаңтар-қараша айында Қазақстанның сыртқы саудасы 55,3 млрд долларды құрады. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 21,4 пайызға аз.

Похожие материалы