Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ирак Елекеев: Жеке сот орындаушылар институты жүктеме мен бюджет шығынын азайтады

Ирак Елекеев: Жеке сот орындаушылар институты жүктеме мен бюджет шығынын азайтады

Жеке сот орындаушылар институтын дамыту – бес реформаны жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамның бірі. Атқарушылық іс жүргізу және сот туралы заңға сәйкес 2010 жылы белгілі бір нормалар қабылданды. Осы кезден бастап екі жүйе іске қосылды. Олар – мемлекеттік және жеке. Ал 2011 жылы елімізде жеке сот орындаушылары пайда бола бастады. Бұл бүгінде өзін ақтап отыр ма? Осы тұрғыда республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Ирак Елекеев мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Ирак Қасымұлы, сізді жұрт сот актілерінің дер кезінде орындалуына елеулі ықпал еткен жеке сот орындаушылар институтының іргесін қалаушылардың бірі ретінде біледі. Сондықтан да жеке сот орындаушылар палатасына келгеніңізге қуанып қалдық... 

– Жеке сот орындаушылар институтының негізін Конституциялық кеңестің қазіргі төрағасы Қайрат Мәми мырза екеуміз қалаған едік. Сондықтан бұл салаға қатысты мәселелерден сырт қалған емеспін. Жалпы, жеке сот орындаушылар институты Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы өткен Судьялардың съезінде: «…сот актілерін орындау ісін жетілдірудің түбегейлі шарасы – жеке сот орындаушылар институтын енгізу. Франция және басқа да дамыған елдердің тәжірибесі бұл қызметтің тиімділігі зор екенін сенімді түрде көрсетті. Осы тәжірибені зерделеу керек», деп атап көрсеткен еді. Жеке сот орындаушылар институтын енгізудегі басты мақсат – атқару өндірісінің сапасы мен тиімділігін арттыру, мемлекеттік сот орындаушылар жүктемесі мен бюджет шығындарын азайту. 2010 жылы сот актілерін мемлекеттік және жеке сот орындау­шылар аралас орындайтын үлгіні қарастыратын заң қабылданып, 2011 жылдан бастап жеке сот орындаушылар жұмысқа кірісті. Жеке сот орындау­шылықтың тиімділігі ескеріле отырып, 2016 жылдан бастап мемлекет борышкер болып табылатын атқарушылық құжаттан басқа барлық сот актілерінің категориялары соларға берілді.

-Жалпы бұл институтты енгізудің нәтижесі қандай болды? Егер оң болса, нақты көрсеткіш бар ма?

-Бұл институтты енгізудің нәтижесі оң болды. Мемлекеттік бюджет шығыны мен тараптардың негізгі шағымдары азайды. Десек те, осындай оң өзгерістер болғанымен, атқарушылық өндірістің шешімін күткен мәселелері кеміген жоқ. Әлі күнге дейін алиментті өндіріп алудың тиімді тетіктері табылмай отыр. Қолданыстағы заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартудың тиімділігі төмен. Борышкерлерге тиісті шара қолданылмайды. Осының салдарынан атқарушы құжаттардың 50 пайызы орындалмай отыр. Жеке сот орындаушыларға енді аукциондардан түсетін төлемді жинау міндеті жүктелді. Бұл ретте олардың өз заты емес, борышкерлер мүлкінің мәжбүрлеп сатылатыны назарға алынбай отыр. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларға құқық бұзушыны тиісті ескертусіз, мемлекеттік органдардың белгіленген 30 күн ішінде өндіріп алудың дербес шарасы қабылданбаған әкімшілік айыппұлды өтету құжаттары түседі. Мұның сыртында атқарушылық өндірістің шығындары да артып кетті. Жеке сот орындаушы мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық орындау­шылық жүйені қаржыландыру керек.

– Біраз уақыт бұл саладан тыс қызметтерде жүрдіңіз. Салыстырмалы түрде жетістіктер бар шығар...

–  Арада біршама уақыт өткен соң мені кеңесшілік қызметке шақырған соң палатаға қайта келдім. Әрине, біраз жұмыс жасалған. Ең бастысы, палата ресми түрде жұмысын бастап, аймақтарда филиалдары құрылыпты. Әйтсе де, кемшіліктер де бар еді. Мәселен, Мемлекет басшысының пәрменімен тиісті заң бойынша бекітілген борышкерлерден сот орындаушылардың еншісіне тиетін он пайыздық үлес жойылып, бұл қызметтің тарифін белгілеу Үкіметтің құзырына беріліпті. Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған соң осы мәселемен түбегейлі айналысып, нәтижесінде тиісті заңнамада сот орындаушылар мүддесіне сай аталмыш тетік көрініс тапты. Бүгінде осы өлшемге қатысты мәселелер туындап отыр. Өйткені, ол ақша. Палата төрағасының орынбасары болған Құлахмет Бекетов орындаушылық қағаздарды дұрыс бөлмей келген. Бас Прокуратураның тексерісі барысында бір сот орындаушыға оның 2400 орындаушылық қағаз бергені анықталды. Осы жағдайдан соң палата төрағасы орынбасарының штаты қысқартылып, Бекетов жұмыстан босатылды. Екінші үлкен мәселе тұтқындалған мүліктерге салынатын салықтарға қатысты туындады. Тиісті заңнамаға сәйкес, борышкерлерден өндірілуге тиіс бұл алым бүгінде сот орындаушылардан өндіріліп келген. Бұл олардың алатын қаламақысынан екі-үш есе көп. Сондықтан оны өтей алмай, олардың мойнына сот шешімімен 7 млрд теңге қарыз ілінді. Жуырда осы мәселені Жоғарғы Сотта көтергеннен кейін ол шешімдердің түгелдей күші жойылды. Қазір опциондық алым сот орындау­шылардан алынбайтын болды. Салық органдары оған қатысты өздерінің арыздарын қайтарып алды. Бұл – үлкен жетістік. Өкінішке қарай, сот орындаушылар осындай мәселелер бойынша жиі сотқа тартылады, лицензияларының күші жойылады.

– Қазіргі таңда аймақтардағы жеке сот орындау­шылар сыртқы фактордан зәрезап болғандығы жөнінде көп шағымданады екен. Осы туралы айтып беріңізші.

– Осыған байланысты Үкімет басшысына, Жоғарғы Сотқа да шығып, үндеу жасадым. Бұл әрине сот орындаушылардың жұмысына көлеңкесін түсіреді. Тек биылғы жарты жылдың ішінде 43 жеке сот орындаушының лицензиясы тоқтатылыпты. Ең өкініштісі, бұл ретте палатаның, оның жер-жердегі филиалдарының пікірі ескерілмеген. Тиісті ереже бойынша алдымен мұндай мәселелерді біз өзіміз қарап, шараны өзіміз қабылдауымыз керек. Алайда құзырлы орын мұны ескермей, кім қарсы келсе, соның қыз­метін тоқтатып отыр. Осының салдарынан бірқатар жеке сот орындаушылар әлі күнге дейін палата төрағасына қатысты өз еріктерін білдіре алмауда. Кейбірі тіпті біздің бастамаларымызды қолдағанымен, ашық айтудан қорқақтайды. Қазіргі таңда елімізде 1700 жеке сот орындаушы бар. Олардың саны соттардың санына сай болса, өте жақсы болар еді. Өйткені, сот орындаушы жұмысы физиологиялық күшпен атқарылады. Олар сот актілерін орындау барысында әртүрлі жағдайға тап келеді. Қауіпті жағдайларға ұшырайтын кездері болады. Сондықтан бізге олардың жұмысын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбегіне сай жалақы алуына қол жеткізу үшін көп жұмыс атқару керек. Өкінішке қарай, палата басындағы мына шырғалаң осындай маңызды жұмыстармен айналысуға мүмкіндік бермей отыр.

– Бүгінде Жеке сот орындаушылар палатасы өзін-өзі реттейтін ұйымға жатады ғой... Жалпы, палата кімге бағынады, Әділет министрлігіне ме?   

– Бұл жерде мәселе атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне қатысты туындады. Жеке сот орындаушылар осы шараны қаржыландыруға мәжбүр болып, бұл өз кезегінде олардың атқарушылық іс өндірісі бойынша шығынын арттырды. Палата жыл сайын осы автоматтандырылған ақпараттық жүйенің жұмысын қамтамасыз етіп, оны жетілдіргені үшін «Алсеко» АҚ-на 215 млн теңге төлеуге міндеттелген. Шын мәнінде Әділет министрлігі ұсынған бұл ұйым жүйені жетілдіруге өзі қаржы салуы тиіс еді. Алайда, ондағылар керісінше, бізден жүйенің жұмысын қамтамасыз еткен және оны жетілдіруге жұмсаған қаржысын қысқа мерзімде қайтаруды талап етіп отыр. Мемлекеттік бағдарлама үшін бұл ұйымның қаржы сұрауы қай қисынға сәйкес келетінін ұғу қиын. Шын мәнінде жеке сот орындаушылар осы елдің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқын қорғау үшін жұмыс істеп жатқан жоқ па? Олай болса, олардан мемлекеттік бағдарламаны орындағаны үшін ақша талап етуі, меніңше, негізсіз.

Екінші мәселе, тұтқындалған мүліктерді сатуға қатысты. Бұл жұмысты биылғы жылдың 1-қаңтарына дейін Әділет министрлігі жүзеге асырды. Сатушыны өздері тауып, келісім шартқа да өздері отырып келді. Оған палатаның еш қатысы болған жоқ. Алайда арзан сатылған мүлік үшін палатаны кінәлаумен болды. Мүліктерді сатудан түскен ақшаның қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Енді жаңа заң қабылданғаннан кейін бұл құзырет палатаның өзіне беріліп отыр. Сондықтан палатаға өздері үшін қолайлы адамдар керек. Жеке сот орындаушылар палатасы өзін-өзі реттейтін ұйым. Мұндай мәселелер палатаның өз ішінде шешілуі керек. Жазалау, жұмыстан шығару, лицензиясын тоқтату, тағы басқа жұмысқа қатысты шаралардың бәрін Жеке сот орындаушылар палатасы өздері қабылдауы тиіс. Менің ұғымымда Жеке сот орындаушылар палатасы Жоғарғы Сот құзырында болуы керек.

-Әңгімеңізге рахмет!

Похожие материалы