4 қазанда тұңғыш рет қор биржасы тақырыбында түсірілген «Финансист. Игра на вылет» фильмі кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Қор биржасының 25 жылдығы мен ұлттық валюта күні қарсаңында шығатын фильмнің режиссері - Елена Лисасина. Бас продюсері бұрын биржа брокері болған Ерболат Байғанин. Фильм талантты математик Русланның қаржыгер болып қызмет істей бастағаны, кейін қалталы адамдармен шайқаса жүріп, алматылық теміржол зауытын ІРО-ға шығарғаны туралы. Жақында жабық таныстырылымы өткен фильмнің бас продюсері Ерболат Байғанин "фильм шынайы оқиғаларға құрылған", дейді.
-Тың тақырыпқа түсірілген фильмнің жарыққа шығуымен құттықтаймын. Фильм сіздің өміріңіз туралы ма?
- Менің өмірім туралы деуге келмес, бірақ мен өзім брокермін. Қазақстандық қор биржасының құрылуына көмектескендердің бірімін. 1992 жылы Алматыға келген тұста қор биржасының президенті Бақыт Нұрымбетовпен танысып, осы салаға келдім. Ол кезде экономиканың құлдырап жатқан кезі болатын. Акция, облигацияны ешкім түсіне бермейтін. Біз АҚШ-қа барып, Нью-Йорк қор биржасының қызметімен танысып, құнды қағаздар туралы заң жобасын жаздық, түрлі шаралардың ортасында жүрдік.
-Фильм түсіру туралы ой сол кезде келді ме? -Жоқ, кейін. 2010 жылдан кейін. Тағдыр айдап мәскеулік бизнесмен Тимур Турловпен таныстық. Бірге кәсіппен айналысқан едік, кейін жобамыз тоқтады. Бірақ, жақсы қарым-қатынасымыз сақталып қалды. Кейін ойлана келе неге осы біз істеп жүрген саламыз туралы фильм түсірмейміз деп ойладық. -Нәтижесінде осы фильм шықты. Қор нарығының қызметін дәл көрсете алдыңыздар ма?-Біз өз-өзімізді мақтай алмаймыз. Оның бағасын көрермен береді. Сондықтан бұл ерекше тақырыпты қозғайтын фильмді көруге кеңес беремін. Жалпы халықаралық деңгейге шығаруға тұрарлық сапалы отандық кино. Біз әдемі, классикалық қор нарығын көрсеткіміз келді.
-Актерлер құрамы сәтті таңдалған сияқты. Бірақ, қаржы тақырыбы көпшілігіне таныс емес. Оларға фильмге түсу қиын болған шығар.-Фильмге басынан-аяқ өз ісінің шебер мамандары атсалысып, үлкен жауапкершілікпен аяқтады. Мәселен, актерлар құрамында Асылхан Төлепов, Шыңғыс Капин, Бақытжан Әлпейісов сынды танымал, шебер мамандар болды. Фильм режисері Елена Лисасина мен қоюшы-оператор Александр Вертяков асқан ойшылдықпен біз қалаған дүниелерді жасап шығарды. Түсірілім тобы тек сапаға жұмыс істейтін кәсіби мамандар. Өйткені, киноның тарихы, хикаясы, әрбір дыбысы мен жарығы бірден-ақ сәтті шықты. Әрине тақырыпқа сай қиындықтар болды. Бірақ барынша дайындалды. Түсіндірдік. Шыңғыс осы салаға қатысы бар компанияда тәжірибеден өтті. Нәтижесі ойдағыдай, мақсатымыз орындалды.
- Тақырыпқа сай қиындықтар дегеніңіз қаржы тақырыбын түсінетін мамандарға қатысты ма?
-Иә, қаржы тақырыбы өте күрделі. Сондықтан киноның алғашқы сәтінен бастап-ақ қиындық туды. Ең бірінші кезекті сценаристің кім болатынын білмедік. Тіпті, таппадық. Фильм барысында 6 сценаристі ауыстыруға тура келді. Арасынан ең үздігін таңдадық. Екіншіден, қаржы мәселесін дәл ойымыздағыдай бейнелеп түсіретін режиссерді де ұзақ іздедік. Бұл орайда Елена Лисасинаны тапқанға дейін 3-4 режиссерді ауыстырдық. Түсірілім тобын жасақтап алғаннан соң, актер құрамын таңдауда да мәселе пайда болды. Фильмнің музыкасын сараладық. Режиссердің дәлме-дәл ойынан шыққан музыканың түпнұсқасын таптық. Ал кино саундтрегін орындауға қазақстандық әншіні емес, шет елдік орындаушыны бірлесе таңдадық. Бәрі жайдан жай болған жоқ. Әр қадам қиындықпен жасалды.
-Бюджеті де ауқымды шығар. Құпия болмаса қанша қаражат жұмсалды?
-Фильмге жұмсалған ақша Қазақстандағы түсіріліп жүрген толықметражды туынды қаражатынан асып түсті.
-Түсірілім қанша уақытқа созылды?
- Жалпы дайындық бір жылдан астам уақытқа созылды. Ал түсірілімді 41 күнде аяқтадық. Басында фильмді 2016 жылы көрсетеміз деп жоспарлағанбыз. Алайда, биыл жарыққа шығу мүмкіндігі туып отыр. Бір қызығы, фильмінің таныстырылымы Қазақстан қор биржасының және ұлттық валютаның 25 жылдығына сәйкес келді. Біз мұны әдейлеп жоспарлаған жоқпыз. Өзіміз де таңқалдық.
-Фильмге арқау болған қаржы, қор нарығы көрерменге қызық деп ойлайсыз ба? Мен көрермен ретінде не ала-аламын?
-Бұл кино жастарға ғана емес, орта буынды көрерменге де қызығушылық туғызады. Біз қиын тақырыпты, қарбаласқан қаржы өмірі мен ішкі тыныс-тіршілігін қарапайым дүниелермен халыққа жеткізуге тырыстық. Сондықтан көрерменнің көп болғаны біз үшін маңызды. Жалпы акция, облигация, пайыз сынды қаржыда қолданатын термин ұғымдарын кинодағы кейіпкер өмірімен байланыстыра түсіндірдік. Сонымен қатар бас кейіпкердің жағдайының өзгеруі, басына түскен қиындықты шешуі, шешім қабылдауы, толғанысы мен тағдыр тартысын бейнеленді. Сондай-ақ, махаббат пен сатқындық, достық пен қастық, жақсылық пен жамандықты ақ-қарадан ажыратқандай жеткіздік. Сондықтан әр көрермен өміріне қажетті мәлімет алып, өзінше бір ой түйетіні анық. Біз Қазақстан кино индустриясында өзіндік ізін қалдырарлық сапалы өнім жасап шығардық деп ойлаймын. Пайдалы дүниемен бөлісетін бұл киноның халыққа берері мол.
-Алдағы уақытта осы тақырыптағы фильмдер түсіруді жалғастырасыз ба?
-«Финансист» фильмінің жалғасын сұраушылар көп. Бұл сауалға нақты жауап бере алмаймын. Бір Алла біледі. Бұрын мен қаржыгер болдым, енді кино саласына бет бұрдым. Жоспар көп. Оған уақыты келгенде күә боласыздар.
-Фильмнің таныстырылымнан кейінгі көрермен әсері қандай?
-Фильм дайын болғаннан соң, алдын-ала студенттер мен әр сала мамандарынан құралған көрермендерге көрсеттік. Таныстырылым да жасадық. Олардың кинодан алған әсерлері жақсы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинодраматург Сатыбалды Нарымбетов те оң батасын берді. Меніңше, нағыз еңбекті талап еткен кинокартина сенімді ақтайды.
-Уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс білдіреміз!Жанерке Серикова