"Қазақпарат" мемлекеттік ақпарат агенттігінің журналистері наурыз-сәуір айында жалақы алмауына байланысты Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа шағым түсірді, деп хабарлайды Қазақстан жаңалықтары ақпарат агенттігі.
Журналистер "Біз "Қазақпарат" журналистері наурыз-сәуір айында жалақымызды ала алмауымызға байланысты 21 мамырда ереуілге шығатынымызды жарияладық", - деп шағымдарын Абаевтың Facebook-тағы парақшасына жазған.
Аталған шағымға сәйкес, байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Қазанғап жалақыны төлеу бойынша мәселені шешуге уәде берген.
"Алайда 17 мамыр күні агенттік басшысы Дәурен Дияров "Қазақпарат" ұжымына ақша аудару туралы құжатқа әлі қол қойылмағанын мәлімдеді. Енді бізге ереуілді шегеруді болмаса өз еркімізбен қызметтен кетуді ұсынып отыр. Біз мұндай талапты заңсыз деп білеміз. Әзірге ешбір уәкілетті органға барған жоқпыз. Осыған сіздің араласуыңызды өтінеміз", - делінген жазылған хатта.
Еске салайық, мемлекеттік ақпарат агенттігінің қызметкерлерін жалақыдан қысқаны бірінші рет емес. 2011 жылы да қызметкерлеріне жылдап жалақы бермей, журналистер наразылық танытқан еді. Кейін қаражаттан қысылған агенттік «Қазақстан» РТРК АҚ құрамына кіруге мәжбүр болған.