ЛОНДОН – Америкадағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі әлемнің басым бөлігін таңқалдырды. Бірақ сайланған президент халықты таңқалдыруын тоқтатар емес. Көп сарапшылардың болжамы орындалмай, ол жеңіске жете салысымен қор нарығы күшейіп, АҚШ-тың негізгі үш индексі рекордты деңгейге қымбаттап, доллардың бағасы өсті. Бұл күтпеген нәтижелердің себебін түсіндіре алсақ, алдағы бірнеше айда нарықта қандай өзгерістер болатынын шамалаймыз.
Сайлаудың алдында сарапшылардың көбі Трамп жеңген жағдайда құнды қағаздар жаппай сатылып, жұрттың бәрі тәуекелі аз мемлекеттік облигацияларға көшеді деп болжаған. Сайлау нәтижелері шыға бастағанда солай болды да, әсіресе Трамптың Флоридадағы ерекше жеңісінен соң оның Сайлаушылар алқасында алға шыққаны айқындалып, нарық құлдырай түсті. Оның жеңілмейтіні анық болғанда Dow Jones индексі 800 пунктқа, S&P 500 бірден тәуліктегі ең төменгі шекке дейін құлдырады. Оның үстіне доллар да төмен сырғып, АҚШ Қазынашылығы нарығындағы сапаға деген сенім азайып, облигациялар табысын жоғалта бастады.
Бірақ нарықтағы пессимизм ұзаққа созылған жоТрамптың тегеурініне төтеп беруқ. Жаңа сайланған президент билікті қабылдайтынын айтып Нью-Йоркте сөз сөйлей салысымен, Шығыс стандарт уақытымен түскі 3-тер шамасында акциялар күрт қымбаттай бастады, баға содан бері өсіп жатыр, ал бұл әлемдегі қауіпті активтерді көбейтін жіберді. Капитал АҚШ-қа ағыла бастағандықтан, доллар 13 жылдан бері болмаған деңгейде нығая түсті.
Бұған қоса, көп инвесторлар мемлекеттік облигациялардың «қауіпсіз шекпенінен» шығып, пайыздық үстемелер күрт қымбаттай бастады, ал бұл өнімділікті қолдауды доғаратындарын айтқан Федералдық резерв басшысы Бен Бернанкенің мәлімдемесінен кейін басталған 2013 жылғы «ханталапайдан» да асып түсті. Дәл қазір нарық Федералдық резерв келесі айда да пайыздық үстемелерді өсіре түседі деген сенімде отыр.
Бұл бетбұрыстың себебін түсіндіру үшін Трамптың сайлаудан кейінгі мәлімдемелеріне көңіл аудару керек. Экономикалық салада ол қайта реттеу, корпоративтік салықты реформалау, инфрақұрылым шығындары сияқты дамуға бағытталған шаралар туралы айтты. Сайлаудан кейін Трамп Қытай мен Мексика тауарларына «жазалау» тарифтерін енгізу, Солтүстік Америка еркін сауда келісімін (NAFTA) бұзу, Оңтүстік Корея мен АҚШ арасындағы сауда келісімінің күшін жою сияқты протекционистік уәделерін айтпайтын болды. Дегенмен, ол Транс-Тынық мұхиттық әріптестік келісімінен шығатынын тағы қайталады, бірақ бұл келісім әлі ратификацияланбаған. Ол, сондай-ақ, Федералдық резерв пен оның басшылығын да сынамайтын болды.
Трамп фокусын өзгерту арқылы нарықты сайлауалды компаниясы кезінде айтқан экономикалық өсімге кесірін тигізетін шараларды қолға алмайтынына сендірді. Бұған қоса ол Клинтон әулетіне қысастық жасау үшін арнайы прокурор тағайындап, олардың ісін тергету туралы ойынан да бас тартып, ымырашылдыққа ұмтылатынын New York Times газетіне айтып берді. Дәл сол сияқты, жылдар бойы Президент Барак Обаманы сынап келген Трамп тіпті оны асыра мақтап сөйлей бастады.
Оның Республикалық партия ішіндегі қарсыластарымен, соның ішінде Өкілдер палатасының спикері Пол Райанмен және әсіресе партиядағы ең басты бақталастарының бірі – Массачусетстен сайланған губернатор Митт Ромнимен қарым-қатынасынан да сондай тенденцияны байқауға болады. Конгрестің екі палатасында да республикашылдардың жеңіске жеткенін, штаттарда да олардың күші басым екенін ескерсек, партия басшылығымен татуласса, Трамптың өсімге бағытталған саясатты жүзеге асыруға жолы ашылады.
Әрине, жедел әрі инклюзивті дамуды шынайылыққа айналдырып, шылқыған бай нарықты нығайта түсу үшін көп нәрсе, соның ішінде мұқият әзірленген жоспар, ауқымды саяси сауда және оны тұрақты түрде орындау қажет болады. Оның үстіне, бұл процесті бақылайтын команда әлі жасақталған жоқ; басқа жаңа қызметкерлер сияқты оның мүшелері де ұзақ тексеру процесінен өтуі керек, кейбіреулерін бекітуде Сенат тегеурінді қарсылық көрсетуі мүмкін.
Команда қызметіне кіріскен соң оның мүшелері Трамптың жоспарын өз таңдауымен емес, қажеттіліктен дәстүрлі емес қаржылық саясатқа көбірек тәуелді болып қалған экономикаға бейімдеудің жолдарын іздеуі керек болады. Бұл жоспар осы бір ұзаққа созылған қаржылық экспансия кезінде қаржы нарығы мен ресурсты бөлісу тәртібі бұзылып, мұның соңы байлықты бөлісудегі теңсіздікке әкеліп соққанын мойындауы тиіс.
Бір жағымды жаңалық: жаңа келетін әкімшілік Обаманың кезінде негізі қаланған, бірақ ол билікте болған сегіз жылдың ішінде Конгрестегі тым бөлшектеніп, функционалдығы төмендеген саясаттың кесірінен орнынан жылжымай тұрған шараларға иек арта алады. Бұл шаралар инфрақұрылымға инвестиция салу, салықты реформалау және жұмыс орындарын ашу сияқты императивтерді орындауға бағытталған.
Бірақ, АҚШ-тың вакуумда орналаспағаны белгілі. Сыртқы сын-қатерлерден де өту керек, немесе сайланған президент нарықтың дегенін орындай алатын болса, оларды өз жағына тартып алуы тиіс. Алдағы бірнеше айдың ішінде тұрақсыздық тудыратын бірқанша саяси оқиғаны бастан кешіргелі отырған Еуропадағы өзгерістердің салдары әсіресе ауыр болмақ.
Италия конституцияға қатысты референдум өткізгелі жатыр, ал бұл премьер-министр Маттео Ренци үкіметінің отставкасына әкелуі мүмкін. Ұлыбритания Еуроодақтан нық сеніммен әрі қатаң тәртіппен шығудың жоспарын ұсынуы керек. Францияда «Ұлттық майданның» өкілі Марин Ле Пен алдағы болатын президент сайлауында истеблишменттің көңілін түсіруге тырыспақ. Ал, Германияда канцлер Ангела Меркель дәстүрлі саясаткерлер жеңіліске ұшырап жатқан тұста, келесі жылы күзде келесі мерзімге сайлануға күш салмақ.
Еуропадағы тұрақсыздық қаупіне қарамастан, Трамп АҚШ-тағы өсімге әсер етіп қана қоймай, оны барынша инклюзивті ете алатын жағдайда тұр. Конгресс қолдаған жан-жақты экономикалық саясат ұстанымын жақтау арқылы оның әкімшілігі жеке секторды қолындағы ірі қаражатты қысқа мерзімді қаржылық инжинирингке емес, зауыттарға, құрал-жабдықтарға және адамдарға инвестиция салу сияқты дамуды тездететін жобаларға салуға көндіруі мүмкін. Америкалықтардың көпшілігін Трампқа дауыс беруге итермелеген экономикалық уайымның бұлты сейілсе және нарық көп пайда тауып, күшейе түсетін болса, бұл болжамның шындыққа айналары анық.
Мұхамед әл-Ериан - Allianz-тың аға экономикалық кеңесшісі, АҚШ Президенті Барак Обаманың Ғаламдық даму кеңесінің төрағасы, «Қаладағы жалғыз ойын: орталық банктер, тұрақсыздық және келесі апаттан құтылу» кітабының авторы.
Copyright: Project Syndicate, 2016. www.project-syndicate.org