Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Трамптың виртуалды «дуалы»

Трамптың виртуалды «дуалы»

Көп жағынан алып қарағанда Республикалық партияның АҚШ-та «шекараны реттеу салығын» енгізу жоспары – президент Дональд Трамптың АҚШ пен Мексика шекарасына физикалық дуал тұрғызу идеясының виртуалды қосымшасы іспетті. Трамптың дуал тұрғызу идеясы сияқты «шекараны реттеу салығы» туралы бастаманы да қоғамдық сана қабылдай алмады, бірақ ақыр соңында бұл идея қарапайым америкалықтың өміріне көп кері әсерін тигізбек.

Бір қарағанда, мұндағы басты идея – импортқа салынатын салықты, айталық 20 пайызға өсіріп, дәл сондай соманы экспорт салығынан алып тастау. Популистердің көбінің басты реакциясы – бұл АҚШ-та жұмыс орындарын ашу үшін айрықша жағдай жасайды, себебі ол импортқа қырын қарап, экспортты қолдайды. Өкінішке қарай, көпшілік айтып жүргендей, мұнда қисындық тұрғыда бір үлкен олқылық бар: АҚШ-та тербелмелі айырбас курсы қалыптасқан.

Шекараны реттеу салығының бір «нәтижесі» - доллар күшейеді, бұл америкалықтардың импорттық заттарды сатып алуына жағдай жасайды (себебі доллармен шетел валютасын көбірек алуға мүмкіндік туады); бір жағынан күшті доллардың кесірінен АҚШ-тың экспорттық тауарлары шетелдіктер үшін қымбатқа түседі. Іс жүзінде айырбас бағамының әсерін салық арқылы жабуға болады, демек сауда балансы өзгеріссіз қалады. Егер сіз республикалықтардың ұсынып отырғаны «фокус-мокус» деп есептесеңіз, мұныңыз да жөн шығар, бірақ мұны әзірге есімізде сақтай тұрайық.

Аса беделді экономист-ғалымдардың бірнешеуі шекара салығын мүлде басқа бір себеппен қолдап отыр. Олар шекараны реттеу салығының саудаға әсерін азайту үшін айырбас бағамы өседі дегенге имандай сенеді. Бірақ, олар мұны бәрібір қолдайды.

Біріншіден, АҚШ-тың импорты экспорттан әлдеқайда көп, бұл үлкен сауда дефицитін туғызады, оның көлемі («ағымдағы шот») ЖІӨ-нің 2,5 пайызына жетуі мүмкін. Бұл - осыдан он жыл бұрынғы ЖІӨ-нің 6 пайызы көлеміндегі дефицитпен салыстырғанда үлкен прогресс, бірақ АҚШ-та экспорттан гөрі импорттың ауқымы әлдеқайда үлкен. Демек, үкімет экспорт салығы жеңілдіктерімен салыстырғанда импортқа салынатын 20 пайыздық салықтан әлдеқайда көп ақша жинайды деген сөз. Оның үстіне, салықты субсидиялау кестесі жылына шамамен 90 миллиард доллар кіріс келтіреді.

Сиқыр бұл жерден бітпейді. Импорт пен экспортты «біз бен олар» деп түсінетіндердің көбі таң қалатын шығар, бірақ шындығында барлық сауданың жартысы фирманың өз ішінде жүреді, яғни транзакциялар АҚШ-тың бір компаниясының шетелдегі бөлімшелерімен арада болады. Әлемдегі ең жоғары корпоративтік салық АҚШ-та болғандықтан, фирмалар шетелдердегі еншілес компанияларына активтерін көбірек шоғырландырып, АҚШ компанияларына неғұрлым аз қалдыруға тырысады.

Бұлай істеу үшін олар фирма ішіндегі импортқа бухгалтерлік бағаны жасанды түрде жоғары етіп қояды да, экспортқа жасанды түрде төмен бухгалтерлік баға белгілейді. Бағасын асыра не кеміте көрсету – салық пен тексеруден жалтарудағы уақыт тезінен өткен ең оңтайлы әдістер. Транзакция фирманың өз ішінде жүріп жатқанда, табысты төмен мөлшерде салық салынатын юрисдикция аясында есептетіп жіберу тек қолдың ептілігін қажет етеді.

Берклидегі Калифорния университетінің профессоры Алан Ауэрбах айтқандай, шекаралық реттеу салығы АҚШ сияқты салығы көп елдерде бағаны асыра не кеміте көрсетуге итермелейді. Демек, жалпы алғанда шекараны реттеу салығы АҚШ тауарларын бәсекеге қабілетті етіп жібермесе де, ол – табысты арттырудың тиімді жолы, ал бұл басқа салықтарды азайтуға жол ашады.

Технократиялық тұрғыдан мықты көрінетін бұл идеяның қай жерінде қателік болуы мүмкін? Біріншіден, бұл идея «адамдар лабиринт жүйесін тез үйреніп кете алмайды», «шетел үкіметтері қарсы жауап беруде тартыншақтайды» деген сияқты тұжырымдарға негізделген. Екіншіден, ол күрделі транзит мәселесін ескермей отыр.

Ең әуелі, АҚШ импортының басым көпшілігі шетел валютасымен емес, доллармен бағаланады. Демек, шетел валютасы арзандаған күннің өзіне бұл доллар келісім-шарттарына байланған импорттаушыларға еш көмектеспейді. Импорт салығының кесірінен олардың шығыны 20 пайызға өседі. Салық субсидиясына қарамастан, кей экспортшылар ұтылады, себебі Нью-Йорк Федералдық резерві жақында хабарлағанындай, сыртқа дайын өнім шығару үшін олар шетелдерден қосалқы тауарларды импорттауы керек.

Тағы бір мәселе – доллардың бағасы өссе, америкалықтар көп байлығын жоғалтады, себебі олардың сырттағы активтерінің құны төмендейді, бұл туралы әріптестерім Эммануэль Фархи, Гита Гопинат және Олег Итсхоки айтқан. Дегенмен, ең басты мәселе – айырбас бағамы салық/субсидия схемасына көмектесу үшін ыңғайлы түрде қалыптасып отырады деген аңғал тұжырым.

Айырбас бағамына қатысты соңғы 40 жылда жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, айырбас бағамы бір демде фундаменталды көрсеткіштерінен біраз жылға ауытқып кетуі мүмкін. Шекара салығы долларды бірден компенсациялық курсқа қарай жылжытады деген тұжырым ақылға сыймайды. Бұл процесс ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, ал оның жұмыссыздыққа қысқа мерзімдік тұрғыдан жағымсыз әсер ететіні анық.

Шекара салығын арттыру АҚШ-та көп жұмыс орнын ашуға жәрдемдесетіні рас. Бұл схема кеден агенттерінің санын көбейтуді қажет етеді, ал бұл көлеңкелі экономиканың ұлғаюына жол ашады, себебі адамдар салық төлеуден жалтара бастайды. Шекара салығын қолдайтындар айтып жүрген жаңа жұмыс орындары осылар ма, сонда?

Автор туралы: Кеннет Рогофф, Халықаралық Валюта қорының бұрынғы бас экономисі, Гарвард университетінің Экономика және қоғамдық саясат профессоры.

 

Похожие материалы