Смартфон сатып алғанда алданып қалмау үшін не істеу керек?

0
1570
Смартфон

Қолымдағы Huawei P7 3 жыл бойы еш проблемасыз жұмыс істеді. Тек бір ғана мәселе сыртына қаптама еш жерде сатылмайтындықтан (тек aliexpress-тен алдыруға болады) сызылып, сырылып, ең соңында сынып, жарамайтын күйге түсті. (Ішкі жағы әлі де кідіріссіз жұмыс істеп тұр). Бірақ жұмысыма байланысты жаңасын алуға тура келді.

Мен әрқашан үнемді, бірақ соған қарамастан сапалы құралдарды ұстағанды жақсы көремін. Сондықтан 3 жыл бұрын таңдау Huawei P7-ге түсті.

Huawei — Ascend P7 2014 жылы нарыққа шықты

Смартфон сатып алудан бұрын жасайтын амалдар:

  1. Әлеуметтік желілерде смартфондарға қатысты пост жазатын белсенді блогерлерді бір шолып шығу керек. Мен Facebook-тағы бір-екі танысымнан кеңес сұрап едім, ол Xiomi-ді таңдағаным дұрыс екенін айтып,  Note 4 немесе Meizu  М3 Note алуды ұсынды.
  2. Жаңа технологияларға арналған форумдар қарау керек. Ол жерде адамдардың ауызы күйген смартфондармен немесе көңілінен шыққан дүниелер туралы көп мәлімет табуға болады екен. Өзің бұрын мұндаймен ұшыраспасаң басқалардың тұтынушылық тәжірибесіне мән берген дұрыс.

Не үшін iPhone мен Samsung сатып алғым келмейді?

iPhone сияқты әйгілі емес, Samsung сияқты тым көп емес. Бірақ сапасы екеуінен кем емес. Қазір нарықта Huawei Р8, 9, 10 сатылады. Олардың да сапасы жақсы екеніне сенімдімін. Бірақ бұл жолы басқа маркаларды да ұстап көргім келді.

Әдеттегідегі осы ретте де iPhone, Samsung-ті ұстағым келген жоқ. Басқа түрлерін қарастыра бастадым. Ең алдымен жоғарыда айтылған кеңеске құлақ аса отырып, интернеттен елдің пікірлерін білдім. Фейсбукте танымал қолданушылардың бірі смартфон таңдау туралы сауал қойыпты. Көпшілік көбіне Xiaomi, Meizu сияқты қытайлық брендерді ұсынғанын білдім. Интернеттегі түрлі форумдар да осы осы екі марканы таңдау туралы кеңес көбірек берген.  Ақыры осы екеуінің бірін таңдағанды жөн көрдім. Бөліп төлеуге немесе кредитке алғым келмеді. Егер қаражатым сәл жетпей тұрса екеуінің бірін таңдайтыным сөзсіз еді. Мүмкіндікті неге қолданбасқа? Бірақ, ақшаңыз болса дұрысы қолма-қол алу. Алдымен баға білу үшін смартфон сататын интернет-дүкендерді шолып шықтым. Бағасын біліп, пікірлерді  оқыдым. Бөліп төлеуге немесе кредитке алсам, онда бұл сайттар арқылы алдырып, үйде тыныш отырғаным дұрыс еді. Бірақ мен үнемді болуы үшін қолма-қол алаған дұрыс деп,  дүкендерге тікелей баруды шештім.

Арзан смартфондар қай жерде сатылады?

Алдымен ГУМ-ға бардым. Алматыдағы ең арзан әрі сапалы смартфондар осы жерде сатылады деген сөз бар халық арасында. Мұнда неге екенін таңдау аз, тіпті дүкен жабылудың алдында тұрғандай көрінді. Сатушылар бұрынғыдай белсенді емес. ГУМ-дағы саудаға икемсіз атмосферадан шығып, «Мобила» дүкеніне бас сұқтым. Мұнда да мен іздеген Xiaomi-ді таппадым. Барының бағасы қымбат. Осыдан кейін Аэровокзал аталып кеткен бірақ вокзалға қарағанда ұялы телефон дүкеніне көбірек ұқсайтын дүкенге кірдім.  Meizu  М3 Note еш жерден табылмады, ал Xiomi Note 4 болмаса да Xiaomi Note 4X бірнеше жерден кездесе кетті. Бағасы да қолайлы – 53 900 теңге. Сатушы кеш болғанын айтып асығып тұрғандықтан, телефонды тезірек сатып алып, Huawei P7-нің күйін кешпес үшін бірден көрші бутиктен сыртына бірден қорап алып, бетіне қосымша әйнек қойғызып, үйге тарттым.

Үйге келгенде байқағаным:

  1. Телефонның қорабы маған дейін ашылған болып шықты. Асығып тұрып ғана мән бермеппін. Ішінде ешқандай нұсқаулық болмады. Әдетте «түпнұсқа» телефонда нұсқаулық қағаздар болуы керек. Бірден күдіктенуге тура келді.
  2. Кепілдік талонындағы жазулар тым майда, көзге көрінбейді. Ирелеңдеген жазулар түсініксіз. Әйтеуір кепілдік беруші ЖШС аты  мен сатушы ЖК-ның мөрі бар. Күдігім қоюлана түсті.
  3. Телефонды сатып алғаным туралы ешқандай чек немесе басқа сатып алғанымды мақұлдайтын құжат алмаппын.
  4. Ең қорқыныштысы телефонға сим картаны орнатып, қоңырау шала бастағаным сол еді өздігінен қосылып, өше бастады.  4G-ді өшіріп, 3G немесе 2G арқылы қоңырау шалып көріп едім, өшіп, қосылғаны тоқтады. 4G үшін баптау керек шығар деп, оны соңына қалдырдым. Бірақ түпнұсқа емес, сапасыз телефон алдым-ау деген күдік көңілде тұрды.
  5. Соңында бұл күдігімнің растығына  толық көзім жетті. Мессенджерлерді көшіріп, орната бастаған едім, Whatsapp қосылып, жұмыс істеді. Telegram-ға келгенде өздігінен өшіп, қосылу мәселесі қайта басталды.

Шешім: маған сапасыз телефон сатқан. Мен алдандым.

Түпнұсқа емес смартфон сатып алғанда немесе алданып қалсаңыз не істеу керек?

Алданғаныма сенбей, «баптаулар» қажет шығар деген оймен интернеттен пікірлерді оқи бастадым. Әртүрлі пікірлер жүр. Бірі телефонға  «прошифка» жасағанын, бірі  сим картаға «баптау» жасағанын, бірі тіпті ештеме шықпаған соң телефонды қайта өткізгенін жазыпты. Соңғысы көбірек екен.  Бұдан кейін сатып алған жерге қайта өткізу немесе ауыстыру туралы ойлап, «Тұтынушы құқығы туралы» заңды оқуға кірістім. Өйткені менің қолымда кепілдік талонынан басқа ешқандай құжат жоқ еді.  Ертесі бірінші кезекте сатып алған дүкенге аттандым.

Дүкенші  көңілсіздеу қарсы алды. Мендегі проблеманың  болмайтын дүние екенін айтып, баптау қажет деді. Оның айтуынша Xiaomi-дің ішінде Xiomi Note 4-те ғана осындай проблема болыпты. Бірақ мұны сату кезінде айтпаған еді. «Қазір түзейміз» деп телефонды шұқылай бастаған еді, он бес минутта дайын болды деп ұсынды. Қоңырау шалып көрген едім, телефон жақсы істеп  тұр. Бірақ, мессенджерлермен жұмыс істеу кезінде өшіп-қосылу мәселесі қайта басталды. Өкінішке қарай сатушы мұның неден екенін түсіндере алмады. Ұсынған шешімі: кепілдік талоны бойынша көрсетілген мекен-жайға барып, өткізу керегін, қорытындысы 1 аптада дайын болатынын айтты. Орнына жаңасын беру немесе ақшаны қайтарып беретінін содан кейін шешілетінін айтты.

Әңгіме арасында басқа клиенттер келіп, сатушы соларға қызмет көрсетіп кеткен еді,  көрші бутиктегі көршісі сыбырлап маған сатқан телефонның түпнұсқа еместігін, бір апта тексеруге жіберу босқа уақыт құрту екенін, дұрысы қазір «қаттырақ» сөйлесіп, ақшаны алып кету керегін айтып үлгерді. Телефонды тексеруге жіберуге дайын тұрған мен бұл кеңеске құлақ асқан жөн деп шештім. Сатушыға өкінішке қарай олай жүре алмайтынымды, телефонның кінәраты көзге көрініп тұрғанын, сатушының маған ашылған телефон сатқанын, ешқандай сатып алу туралы құжат бермегенін, айтып, ақшаны қайтаруды ұсындым. Бағадан бері тым сыпайы болып тұрған сатушы мүлдем өзгеріп шыға келді. Айғайласа бастады. Айғайды естіген соң қасымызға сауда орталығының менеджерімін деп, түсі суықтау адам пайда болып,  телефон сатып алуға қатысы жоғына қарамастан сатушылардың ісінің дұрыстығын түсіндіре бастады. Сатушыларға тағы екі адам қосылып, төрт адам психологиялық қысым жасауға көшті.  «Телефон аларын алып кетіп, бізді қорқытып тұр» деген сөздер айта бастады. Тіпті бірі ұялы телефон шығарып мені видеоға түсіре бастады. Көп адамдар мұндайға шыдамайды. Қолды бір сілтеп кете беруі мүмкін. Мұндайда осалдық танытпаңыз. Сіз еш заң бұзған жоқсыз. Бар кінәңіз алдап сатқан затты алғаныңыз.

Бұдан кейін амал жоқ телефонды ашып, «Тұтынушылар туралы заңды» көрсетуге тура келді. Сатушылар бұл заңнан мүлдем хабары жоқ болып шықты. Керекті жерлерін оқып, түсіндірген соң, бір жаққа қоңырау шалып, тура осы маркадағы басқа телефон алуды ұсынды. Онысы жақсы істейтін, түпнұсқа екені бірден байқалатын телефон болып шықты. Бірақ сатушы оның да ашылғанын, тек витринада ғана қалғанын айтты. Бұлардың қулығы клиентке витринадағы телефонды көрсетеді. Сатып алушы тексереді.Бәрі жақсы екенін көз жеткізген соң, сөреден «түпнұсқа» емес телефонды беріп, құжатсыз, кепілдік талонымен шығарып салады. Егер телефон істеп кетсе, клиенттің ойында түк жоқ пайдалана береді. Егер ақау шықса, тексеруге жібереді. Оны тексеретін көп жағдайда өздерінің «сыбайластары». Ауыстырып беруге шешім шығарса жақсы, ауыстырып бермеуі де мүмкін. Ақшаңыз, уақытыңыз желге ұшады. Адамдардың көпшілігі ары қарай шағымданып жүруге уақыты немесе сауаты жетпей, әуреге түскісі келмей, істі жылы жауып қоя салады. Ақшаны қайтару ұзаққа созылатын нәрсе екенін түсініп, мен витринадағы телефонды сатып алуға дайын екенімді айттым. Телефонды тексеріп, кепілдік талонын толтырып, сөмкеге салған кезде сатушылар оны сатып алғаным туралы құжаттарды беруден бас тартты. Онысын «бүгін күн жексенбі, дүйсенбі келіңіз толтырып береміз» деп түсіндірді.  Бұған сенбеңіз. Сізге сатып алған сәтте барлық құжаттарды беруі керек. Мұның заңсыздығын, сатушы сатып алушыға құжаттарды толық беру керегін түсіндіргеніммен, олар бұл туралы білмеді. Әлде білмейтінсыңай танытты.  Бұл мәселені шешу үшін бухгалтеріне қоңырау шалып, сөйлесуді ұсынды.  Мен бас тарттым, орнына оларға ескертіп,  «Тұтынушылар құқығын қорғау» ұйымына қоңырау шала бастадым.  Бұдан кейін бір-біріне қас-қабағымен белгі беріп, сөйлесіп тұрған сатушылардың бірі жүгіріп бір жаққа кеткен. Қайта келгенде қолында телефонның ақшасы болды.  «Екінші бізге келмеңіз» деп жұлқынып, ақшаны алдыма лақтырып тастады. Ақшаны алған соң ары қарай сөйлесіп тұруға шамам жетпеді. Онсыз да 3 сағат уақытымды жоғалттым. Мен бұдан не жоғалттым?  Алған күні бірден сыртына 2000 теңгеге қаптама алып, бетіне 1000 теңгеге әйнек жапсырған едім. Әйнек өткізген телефонда кетті. Қаптама басқа телефонға жарамайды. Шығын. 3 сағат уақытым  маған сапасыз телефон сатқанын дәлелдеуге кетті. Жұқарған жүйкені қосыңыз. Xiaomi брендіне сенім азайды. Енді алу керек пе деп ойланып қалдым. Шағын дүкендерге сенім азайды. Бұлардан дұрысы телефонға қаптама сияқты аксессуарларды ғана алу керек. Сосын бұл оқиға ішкі сенім деген нәрсеге тағы әсер етті. Енді кез-келген істе мұқият болуым керек. Біздің қоғамда алаяқтар көп деген ой туды. Егер кездесіп қалсақ, сенімсіздік танытып тұрсам ренжімессіз, «ауыз күйген үрлеп ішеді». Мұндай оқиға күнделікті кездеседі. Нарық заманы болғандықтан әрі іргеміздегі Қытайдан сапасыз тауарлар көп келетіндіктен  көзсіз, ақшақұмар сатушылардың арқасында ақшамызды, уақытымызды, кейде жүйкемізді жұқартуға тура келеді. Мұндай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек? Оқып шығыңыз:

  1. Алатын телефоныңыздың марасын, бағасын алдын-ала анықтап, зерттеп алыңыз. Дүкенде сан түрлі телефон бар. Дұрыы алдын-ала не керегін біліп бару.
  2. Телефонды күдікті көрінетін кішігірім дүкендерден, базардан, көшеден алмаңыз. Дұрысы бағасы қымбаттау болса да ірі дүкендерден алған дұрыс. Өзіңіз барып, онлайн сатып алсаңыз да сенімді. Қазір телефонның түрі көп. Арзанын да, қымбатын да кездестіруге болады. Көшеде, базардан алған телефон ұрланған немесе сапасыз, бағалы брендтердің көшірмесі болуы мүмкін.
  3. Бағасы тым арзан телефонды алмаңыз. Қымбат телефондардың бағасын жайдан-жай түсірмейді. Әдетте мұндай телефондарда ақау болғандықтан бағасын төмен сатуға тырысады. Егер мұндаймен ұшырассаңыз сатушыдан неге бағаның төмен екенін сұраңыз.
  4. Телефон сатып алар алдында тауардың жиынтығына назар аударыңыз. Жиынтықта телефонды қолдану туралы нұсқаулық, қуаттандырушы құрылғы, аккумуляторы, құлаққап болады. Кейбір телефондарда бағдарламалық диск, қолға арналған бау, болуы мүмкін. Телефонның беті жұқа пленкамен жабылған болуы керек.
  5. Сатушы телефонның қорабынан көз алдыңызда ашып (ашылған телефон алмаңыз), жиынтықтағы заттарды көрсеткеннен кейін сим картаны салып қоңырау шалып көріңіз. Дауысы дұрыс естіле ме, анықтаңыз. Барлық тетіктерін басып істейтіндігіне көз жеткізіңіз. Дисплейді мұқият тексеріңіз. Зарядтаушы құрылғыны қарап шығыңыз. Егер wi-fi болса қосылып, тексеріп көріңіз. Түсінбейтін жері болса сатушыдан мұқият сұраңыз. Қораптағы IMEI нөмірін телефоннан *#06#  теріп сәйкестігін тексеріңіз. Телефон қосулы болуы керек, сим картаның болуы міндетті емес.

5.Сатушы сатып алған соң барлық құжаттарды беруі керек.

-кассалық чек

-өндіруші берген тауардың құжаттары

-сатушының қолымен толтыратын өндіруші-компанияның кепілдік талоны. Кепілдік талоны көшірме немесе жазулары көзге көрінбейтін болмауы керек. Әрі қол қоюдың алдында кепілдік талонында жазылған мәтінмен мұқият танысыңыз. Ол жерде телефонның маркасы, үлгісі, сериялық нөмірі, сатушы фирманың аты, мекен-жайы, сатқан күні, сатушының қолы мен мөрі. Телефонға кепілдік берілмейтін жабдықтары да бар. Сосын егер ақау сіздің кінәңіздан туындаса оған өзіңіз жауапты екеніңізді ұмытпаңыз.

  1. Егер сатып алған телефон бұзылған болып шықса немесе ақау шықса, уайымдамаңыз. Телефон сатып алған жерге немесе кепілдік талонында көрсетілген мекен-жай бойынша барып, тура осындай телефонға немесе басқа үлгідегі ауыстырып беруді, телефондағы ақауды жоюды немесе телефон ақысын қайтарып беруді талап ете аласыз. Әдетті дүкенде сатушылар телефонды сараптамаға жіберіп, ақауы бар-жоғын анықтайтынын, сосын не жөндеп немесе ауыстыру, ақшаңызды қайтарып беруді шешетінін айтуы мүмкін. Сатушының сөзіне ермеңіз! Сіз ол жерден ақауы бар телефон емес, жаңа телефон алдыңыз. Ала салып жөндеуден өткен телефон ұстағыңыз келе ме? Жоқ. Әрі ол жөндеуен кейін телефонның жақсы істеп кететініне еш кепілдік жоқ. Жиі-жиі сервис орталыққа барып жүргіңіз келмейтін шығар? Дұрысы не ауыстырып болмаса ақшаңызды кері қайтарып алыңыз. Әрі сервис-орталыққа жібергеннен кейін біраз уақыт күтуге тура келеді. Егер жөндеуге жіберуге келіссеңіз сатушы немесе жөндеген компания телефонды қабылдап алу, өткізіп беру кезінде телефонның жағдайы, қабылдап алған күні, жөндеу мерзімі көрсетіліп, дүкеннің мөрі басылуы тиіс.
  2. Егер сатушымен арада тауардың бұзылуына қатысты дау туындаса, сатушы сатып алушының кінәсінан ақа у шықты деп күдіктенсе, өз есебінен сараптама жүргізуі тиіс. Егер зауыттан болған ақау болса сатушы жаңа телефонға ауыстырып немесе ақысын қайтарып беруі керек. Сатып алушы сараптамаға күдіктенсе өз ақшасына басқа жөндеу орталығына барып, телефонды тексере алады. Егер сатушы бұл жағдайда тауарды ауыстырып немесе шығынды қайтарып бергісі келмесе сотқа шағымдана аласыз. Әдетте мұндай жағдайдың көпшілігінде сатып алушы жеңіске жетеді. Әрине телефондағы ақау өзінің кінәсінан болмаса. Алған күні су құйып алып, оны сатушының кінәсінан болғанын көрсеткісі келетіндер де арамыздан табылады. Қаржыңыз, уақытыңызды жоғалтқыңыз келмесе әр істе мұқият болыңыз.

    Мейiрхан Амангелдиев

Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ