Ғарышқа апаратын мекен

521
ғарыш
Фото: vestifinance.ru

Адамзат баласы ғарышпен байланыс орнатып,  Ю.Гагарин ғарышқа ұшқалы «Байқоңыр» әлемдегі алғашқы және ең ірі ғарыш айлағы саналады.

Байқоңырдың ең басты құндылығы – әлі де қолданыста екендігі. Мұнда жыл сайын ғарышқа 20-ға жуық зымыран ұшады. Мысалы: 2018 жылы 17 тасымалдаушы-ракета ұшырылады.

Мұның бәрі әлемнің әр түкпіріндегі туристерді қызықтырады. Әсіресе зымыранды ұшыру сәтінің куәгері болғысы келетіндер көп.

Қазір Байқоңырда туризм жолға қойыла бастады. Мәселен, 2017 жылы маусымда өткізілген 5-ші Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының бас қосу кезінде екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары 2018-2022 жылдарға арналған Байқоңыр қаласын дамыту бағдарламасының жобасын қарастырды. Мұның аясында туризмді дамыту да бар.

Анықтама:

  • Әлемдегі ең бірінші ғарыш айлағы;
  • Аймақта теңге мен рубль айналымда;
  • 1994 жылдан бастап Ресейге жалға бергені үшін жылына 115 млн доллар аламыз;
  • 2000 жылға дейін «жабық» аумақ болған;
  • 1995 жылы «Байқоңыр» деп атау алды, оған дейін Ташкент-90, Заря, Звездопад, Ленин ауылы, Ленин қаласы аталған;
  • Жер шарын алғаш рет айналып шыққан «Восток-1» кемесі ұшырылды;
  • 130-дан астам отандық және шетелдік ғарышкерлер орбитаға көтерілді.

Бұл мақсаттың аясында  «Байқоңыр» туристік ғарыш аймағын құру жобасы ұсынылды. 2018 жыл мен 2025 жылдары аралығында салынуы керек аймақтың жалпы көлемі – 50 га. Жоспар бойынша, мұнда сауда орталығы, әлемдік стандарттарға сай қонақ үй, мейрамхана, казино, ұлттық сувинерлер дүкені, этноауыл мен ғарыш музейі салынады.

«Қаланы дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы» аясында 7 жылда  туристік инфроқұрылым қалыптасады. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында ғарыш айлағына және қала сыртындағы объектілерге қауіпсіз маршрут ұйымдастырылады. Сондай-ақ, шетелдік қонақтарға ыңғайлы болуы үшін виза алу жеңілдейді. Қазіргі кезде «Байқоңыр» ғарыш кешеніне сапарларды ұйымдастыратын туроператорлардың тізімі жасалған. Онда қазақстандық туроператорлар да бар.

2017 жылы алғаш рет 7 отандық туроператор «Байқоңыр» кешеніне тур ұйымдастыруға рұқсат алды. «Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану орталығы» ФМБК іріктеген қазақстандық туроператорлар шетелдік және отандық туристер үшін тиімді тарифтер бойынша «Байқоңыр» кешеніне турпакеттер жасап, объектілер туралы ақпаратты, тіпті жүк зымырандарын ұшыру кестесіне дейін өздерінің ресми сайттарында жария ету мүмкіндігіне ие болды. Яғни, қызыққан жанның Байқоңырға саяхаттап баруға мүмкіндігі бар.

Турпакеттер

Дәл қазіргі уақытта туроператорлар туристер үшін 3-ші желтоқсанда ғарышқа көтерілетін зымыранды тамашалауға  турпакеттерді сатуда. Назарларыңызға 5 күндік және 3 күндік турына арналған қызмет түрі мен бағасын ұсынамыз.

 Бағасы (рубльмен есептегенде)

Типі 5 күн 3 күн
Үлкендерге 65 000 55 000
Оқушы және студенттерге 49 000 41 000
Балаларға 35 000 25 000
Шетелдіктерге 1500 € 1200 €

Қызмет түрі:

  • Қалаға және ғарыш айлағына кіріп-шығу құжатын рәсімдеу;
  • Сапарларға арналған бағдарлама;
  • Гид қызметі (шетелдіктер үшін ағылшын тілінде аудармашы);
  • Қонақүйге орналастыру(таңғы аспен бірге);
  • Байқоңырдағы жол қозғалысын қамтамасыз ету;
  • Әуесқой фото мен видео түсіруге рұқсат алу;
  • Тур қызметі;
  • Мұражайға кіру ақысы.

  Қайда барса болады?

Мұнда саяхаттап келген адамдар ғарышпен тілдескендей әсер алады. Ол үшін Байқоңыр ғарыш айлағы мұражайына баруға кеңес береміз. Мұражайдан  Ю.Гагариннің жеке заттарын, Айлы глобусты, Жердің алғашқы серігін, «Союз», «Белка», «Стрелька» капсулаларын көруге болады. Сондай-ақ,  қонақтардың «Орлан» косметикалық киімін киіп, ғарыш кемесінің капсуласына шығу арқылы өзін нағыз ғарышкер сезінуге мүмкіндігі бар. Туристер «Союз» зымыран тасығышы орнатылған Ю. А. Гагарин атындағы № 1 ұшу алаңын көре алады. Кезінде, Сергей  Павлович тұрған  академик Королевтің мұражайына  да экскурция жасаған дұрыс.

Байқоңырда Ю.Гагарин шатыры, «Союз» зымыран тасығышы мен қаза болған ғарышкерлер мемариалына бас соқпай кету мүмкін емес. Сондай-ақ,  мұнда Халықаралық Ғарыш мектебіне(ХҒМ) экскурция ұйымдастырылады.

Қалада ғарыш саласындағы белгілі тұлғаларға арналған ескерткіштер (Ю.Гагарин, С.Королев және т.б) көп. Ал, Байқоңыр қаласының  символына айналған екі ескерткіш «Союз» зымыран-тасығыш монументі мен «Ғылым» стелласының жергілікті халық үшін орны бөлек.