Адам мүшесінің орталық бөлігі саналатын ми туралы жалпы ақпаратқа мектеп бағдарламасы арқылы қанықсақ та, оны түпкілікті зерттейтін арнайы институттың бар екенін екінің бірі білмес.
Былтыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан құрылған Когнитивтік нейроғылым орталығында Қазақстан бойынша алғаш рет миға іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілетін болады. Институт іске қосылған аз уақыттың ішінде жаңа сала – нейроғылымды дамытып, ми мен адам санасының мүмкіндіктерін тану көкжиегін кеңейтуді көздеген ғалымдар тыңнан түрен салуда.
Ми институтын ашпастан бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаевамен Қазақстанда нейроғылымды дамыту мәселесін талқылап, мұнда атқаратын жұмыстардың жай-жапсары талқыланған еді.
Сол кезде Әлмира Құстыбаева университет ректорына жүргізіп жатқан ғылыми зерттеулері туралы ақпарат беріп, Ми институтын құру туралы ұсынысын жеткізді. Мұны құп көріп әрі ғалымдарға сенім артқан оқу орны басшысы болашақта орталықтың жаратылыстану, гуманитарлық және өзге де ғылыми бағытты қамтитын конгломератқа айналуы мүмкін екенін және ғалымдар тобына әрдайым көмек көрсететінін жеткізген.Әлбетте, бұл эмоционалды-когнитивті функциялар мен сананың нейромеханизмдерін зерттеу секілді мидың іргелі зерттеулеріне бағытталған ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық ғылыми қорларды тартуға мүмкіндік береді.
Ал Ми инстиутының негізгі қызметі қандай? Ми институтының директоры Әлмира Мэлсқызының айтуынша, орталық айналысатын ғылыми зерттеулер ойлаудағы ұтымдылық пен тиімділікті оңтайландыруға, ми-компьютер интерфейстерінің дамуын ілгерілетуге әсер етеді.
«Нейроғылым – соңғы жылдары белсенді дамып келе жатқан жаңа ғылым саласы. Бұл бағыттағы зерттеулер когнитивті даму мен эмоционалдық күй процестерін жеңілдетуге, девиантты дамуды түзетуге, қартаю кезінде когнитивті функциялардың нашарлау процестерінің алдын алуға көмектеседі», – дейді орталық директоры.Демек, енді елімізде адам ағзасындағы алып мүше – миды зерттейтін институт ғалымдары да ғылымға сүбелі үлес қосып, нәтижелі еңбегін көрсетеді деген сөз. Ал дәл осы ғылыми орталықтың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашылуы да бекер емес. Биыл құрылғанына 90 жыл толған еліміздің көшбасшы жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық университеті осы кезеңде бірнеше даму сатысынан өтті. Алыс және жақын шетелдерге қуатты зияткерлік әлеуетімен, беделді ғылыми мектептерімен танылды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келген арнайы сапарында білім ордасының әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар тапсырмалар берген еді.
ҚазҰУ көп ұзамай зерттеу университеті мәртебесіне ие болып, ғылыми әлеуетін көтеруге ықпал жасайтын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Оған бір дәлел – 2019 жылы Мемлекет басшысы Бейжіңде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, ынтымақтастыққа қол жеткізген болатын.Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болды. Нәтижесінде Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылды.
Одан бөлек биыл «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. 5 мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда телекоммуникациялар мен ақпараттық технологияларды өндіруде әлемде мойындалған ZTE, Binlin Electronic Technology, BASF корпорациясы және басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Президент тапсырмасына сәйкес, «Жасанды интеллект саласында маман тапшылығын жою» жұмыстары қолға алынды.
Әлем елдерінде медицина саласын цифрландыру жүйесіне көшіру және жасанды интеллектіні медицинада қолдану қарқынды дамуда. Сол себепті «Медицинадағы жасанды интеллект» білім бағдарламасы бойынша Ақпараттық технологиялар факультеті мен медицина және денсаулық сақтау факультеті бірлесе мамандар дайындауға көшкен.Халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту мақсатында университет биыл АҚШ-тың Penn State университетімен ІТ бағытында бірлескен ғылыми орталық құру туралы келісімге қол қойды. Францияның экология және қоршаған орта институтымен «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық» зертханасын бірлесіп ашты. ZooStan орталығының негізгі мақсаты – соңғы миллион жыл ішінде адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас динамикасының призмасы арқылы өткен тарихты зерттеу.
Демек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бүгінде қанатын кеңге жайған әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті. Халықаралық ғылыми қоғамдастыққа одан әрі интеграциялау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды интернационалдандыру – білім ордасын дамытудың басым бағыты. Университеттің ғылыми базасын дамыту мақсатында шетелден көптеген ғалымдар шақырылды. Оқу ордасы ғалымдар және студенттер алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми және білім беру қызметін орындау мақсатында жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
ҚазҰУ халықарылық QS WUR рейтингінде 163 орынға көтерілді. Посткеңестік елдерден бұл топқа тек екі университет – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттк университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кіреді.Биыл университет «Times Higher Education University Impact Rankings – 2024» халықаралық рейтингінде Топ 401-600 орынға, «QS Asia University Rankings» халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды. Бұл рейтингте ҚазҰУ Бейжің университеті, Сингапур ұлттық университеті, Корея университеті сияқты әлемдік университеттермен қатар Топ-30-ға енді.
Осылайша, 90 жылдық мерейлі белеске көтерілген оқу орны ғылым сапасын арттыру, білім алушыларды ынталандыру, жас ғалымдардың ізденістерін қолдауға күш салып, күн сайын ілгері кеткен ғылыми-технология саласын дамыта бермек.