Қазақстанның мемлекеттік бюджеті ағымдағы жылдың алғашқы жартысын табыспен аяқтады. Профицит – 1.43 трлн теңгені құрады. Мұның негізгі себептерінің бірі – Ұлттық қордан түсетін трансферттердің артуы. Олар алғашқы жартыжылдықта 15%-ға өсіп, 2.4 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Айта кетелік, жалпы бюджет табысының төрттен бірін – осы Ұлттық қордың қаражаттары құрайды. Әрине, бұған энергия ресурстарының әлемдік бағасының өскендігі және экономикалық белсенділіктің қалпына келе бастауы арқасында қол жеткізілді. Солардың арқасында Ұлттық қорға түсетін салықтық түсімдер бойынша жоспар бірінші жартыжылдықтың өзінде 79.3%-ға атқарылды. Дегенмен мамандардың айтуынша мұнайгаз секторына тым тәуелділік – ел бюджеті үшін үлкен қауіп-қатер.
«Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс салдарынан қалыптасқан саяси және экономикалық ахуал, монетарлық шарттардың ғаламдық сипатта қатаңдатылуы Қазақстанның бюджет-салық саясатына кері әсер етіп жатыр және бюджетті жиі-жиі қайта қарауға мәжбүрлеуде», - дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Клара Сейдахметова.
2022 жылдың алғашқы жартысында шоғырландырылған (Ұлттық қордың түсімдері мен шығындарын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың түсімдері мен төлемдерін қосқанда) мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайып, 13.1 трлн теңгені құрады. Бюджет 2022 жылға 62.5%-ға орындалды.
Ал шоғырландырылмаған республикалық бюджеттің табысы 9.92 трлн теңгені құрады. Жоспар 105.2%-ға орындалды.
«Энергия тасымалдаушылардың бағасының өскендігінің арқасында салықтық түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 76.6%-ға өсті. Бұл жерде салықтық түсімдердің 30.1%-ы мұнай секторында қызмет атқаратын ұйымдардың салықтарынан тұрады. Одан басқа, салықтық түсімдердің негізгі бөлігін корпоративтік табыс салығы (КТС-28%), қосылған құн салығы (ҚҚС-26%) және жеке табыс салығы (ЖТС-11%) бойынша түсімдер құрайды», - деді К. Сейдахметова.
Қазақстан бойынша жалпы жергілікті бюджет 26%-ға өсіп, 5.1 трлн теңгеге жетті (жоспардың орындалуы – 108.6%). Табыстардың ең көп өскендігі Алматыда (+47%), Шымкентте (+35.5%) және Атырау облысында (+32%) тіркелді. Ал табыс ең аз түскен өңірлер: Қызылорда (+14%), Қостанай (+11.4%) және Маңғыстау (+10.1%) облыстары.
Ұлттық қордан түсетін трансферттердің әркелкі үлестірілетіні бюджеттің кірістік бөлігінің оларға өте тәуелді екендігін көрсетеді.
«Трансферттердің ең көбі Түркістан облысына ағылып жатыр – 2022 жылдың алғашқы жартысында ол 502.7 млрд теңгеге жетті. Бұл жергілікті бюджеттерге бағытталған барлық трансферттердің 19.4%-ын құрайды. Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарына екі есе аз трансферттер жолданды. Трансферттерді ең аз алған өңірлер: Маңғыстау мен Атырау облыстары (сәйкесінше 41.6 және 41.7 млрд теңге)», - деді Jusan analytics талдаушысы.
Жергілікті бюджеттерде трансферттердің алар үлесі бүкіл кірістердің 53.1%-ын құрайды. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында олардың үлесі 70%-дан асады.
Үкімет әр жолы Ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферттердің көлемін арттырып, бюджетке қолдау көрсетуде. Дегенмен мұнайға қатысты емес тапшылық барған сайын өсіп жатыр. Бұл түптеп келгенде экономиканың тұрақсыздығына әкеп соғуы ықтимал.
Похожие материалы
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024