Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қытайлық автоалпауыт жаңа L6 көлігін таныстырады

Қытайлық автоалпауыт жаңа L6 көлігін таныстырады

Үш күннен кейін қытайлық Li Auto L6 кроссоверінің таныстырылымы өтеді. Алайда көліктің ресми брошюрасындағы бүкіл мінездемесі интернетке тарап кетті. Бұл компания тарапынан жасалып отырған жарнамалық шара ма, әлде бәсекелестердің ісі ме белгісіз. Көліктің өте жақсы сападағы суреттері тарап кеткендіктен, мамандар компанияның өзі жасап отыр, деп топшылайды.

Бұған дейін L1 7,8,9 шығып, L1-ден басқасы Қытайда ғана емес, Ресей, Орталық Азия елдерінде кеңінен сұранысқа ие болған. Тоқпен, бензинмен жүретін гибридтік көліктің 2022 жылы 133 246 данасы, 2023 жылы рекорд жасап, 376 000 данасын сатқан. 2024 жылы бұл көрсеткішті 800 000 жеткізбекші. Бұл ретте Li-дің бағасы арзандау L 7,8 түрлері сұранысқа ие болған. Қытайлық компанияның биыл нарыққа L6-ді шығарып, реттік саны жағынан кері кетуін мамандар бюджеттік көлікке сұраныстың орнын толтыруға байланысты деп топшылайды.
Желіге тарап кеткен деректерге сүйенсек, L6 көлемі 4925 х 1960 х 1735 мм, дөңгелек базасы — 2920 мм. Стандартты түстері: қара, сұр, күміс және інжу түстес. 1400 доллар төлеп «жасыл інжу», «сұр піл» аталатын түстерге тапсырыс беруге болады.

Ішкі жабдықталуы қазір сатылымда бар L 7,8,9-ге ұқсас. Мысалы, 15,7 дюймдік экраны бар медиажүйе, көлікке 11 экранға дейін орнатуға мүмкіндік беретін SoC Qualcomm Snapdragon 8295P платформасы, 19 динамикасы бар акустикалық жүйе, 4 микрофон, «SPA-деңгейдегі» орындықтармен жабдықталған. 3К сападағы 2 экран орнатылған. Бес орындық көліктің ең қымбат нұсқасында бокс-тоңазытқыш бар.

Двигателі жағынан барлық L6 бірдей: 1,5 литрлік турбомотор, 36,8 кВт·сағ.тартылыс батареясы, екі электромотор бар. Барлығы бірігіп 480 ат күшін береді. Көлік таза электрмен 212 шақырым (кейбір деректерде 172 шақырым) жүре алады. Толық бакпен электр, бензинді қосқанда 1390 шақырымға дейін жетеді.

Ең қымбат L6 Pro-да автономды жүргізу жүйесі Horizon Journey 5 chip чипінің базасында болады. Оның құрамына бір 8 мегапиксельдік, бес 2 мегапикскльдік, төрт 3 мегипиксельдік, бір радар, 12 ультрадыбысты құрылғы, Max нұсқасына бұларға қоса лидар болады және екі бірдей NVIDIA Orin-X чипі қосылады.
Әйтсе де мұның бәрі ресми ақпарат емес. Көліктің толық сипаттамасын 3 күннен кейін білеміз. Алайда мамандар бар дерекке сүйеніп, L6 бұған дейін шыққан 7,8,9-дың кішірек, арзандау көшірмесі болады деп отыр.

Li Auto-ның ең қымбат түрі L9 / фото ашық дереккөздерінен алынды

Айта кетейік, электрокөліктер мен гибридтер шығарумен айналысатын Li Auto компаниясын 2015 жылы Ли Сян құрған. Бейжіңде орналасқан компания 2020 жылы NASDAQ биржасына тіркелді.

2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша компанияның Қытайдың 140 қаласында 467 сату орны, 209 қалада сатудан кейін қызмет көрсетуге арналған 360 нүктесі бар.

Былтырға дейін компания Li Auto L9 – 429 800 юань (26 664 792 теңге*- Қытайдағы бағасы), Li Auto L8 – 321 800 юань (19 964 472 теңге), Li Auto L7 – 301 800 юань (18 723 672 теңге) сатып акелген еді. Биылғы наурыз айында бұларға толыққанды электрокөлік - Li Auto Mega – 559 800 юань (34 729 922 теңге) қосылды. 7 орындық, футуристік дизайндағы минивен тоқпен 710 шақырым жүре алады.

Наурыз айында сатыла бастаған Li Auto Mega / фото: ашық дереккөздерінен

Айта кетейік, Li Auto Қазақстанда ресми түрде сатылмайды. Li 7-нің сұр диллерлер әкелген көліктердің бағасы Kolesa.kz -тегі хабарландыруларға сүйенсек 19 млн 500 мың теңгеден басталып, 31 млн 500 мыңға дейін барады. Li 8 21-27 млн аралығында, Li 9 23 млн – 35 млн аралығында. Ал Li Auto Mega-ны тек тапсырыспен алдырасыз, оның бағасы 33-39 млн теңге аралығында. Мұндай көліктерге зауыт кепілдігі берілмейді, сатылмнан кейінгі сервистік қызметтер көрсетілмейді.

Бұған дейін ресейлік сайттарда Li көліктері соғылып, қауіпсіздік жастықтары атылған жағдайда жарамсыздық белгісі жанып, қалатыны, оны тек Қытайдағы зауытта ғана өшірілетіні, көліктің «кірпішке» айналу туралы ақпарат тараған еді. Алайда соңғы уақытта мұндай «қателікті» өшіріп, мультимедиа тілін орысшалаймыз, деген хабарландырулар көбейген. Сонымен қатар қытай көліктеріне қатысты тағы бәр мәселе бағасының күрт құлдырауы. Қытайдың өзінде Li көліктері жекеге сатылғаннан кейін бірден 5 млн теңгеге дейін құнын жоғалтады екен. Мұны елдегі ең танымал блогердің бірі Dianju Ge Shuo Diandongche өзінің Weibo-дегі парақшасында жазған. Алайда бұған қарамастан қытайлық көліктерге, оның ішінде Li брендіне қызығушылық төмендемей отыр.

Ұқсас материалдар