Ресейде ресми тарих (мемлекеттің түсіндіруі) пен оған қарсы тарихтың (азаматтық қоғамның түсіндіруі және халықтың жады) арасында текетірес жүріп жатыр. Биыл Қазан революциясының жүз жылдығы болатындықтан, бұл қалың бұқараның мәселесіне айналатын түрі бар.
Президент Владимир Путин – кеңестік кезеңге деген емес, мемлекетті қасиетті санайтын мезгілге деген сағыныштың бір үлгісі, онда үкімет, қазіргі тілмен айтқанда, «фейк жаңалықтардың» арқасында діттегеніне жетіп отырған. Шындығында, Қазан революциясын ешқандай екіұшты сезімсіз еске алады. «Революция» деген сөздің өзіне қазіргі Ресей элитасы жиіркенішпен қарайды, себебі оның алдына Путин режимінің суқаны сүймейтін «қызғылт-сары» не «түрлі түсті» деген эпитеттерді қосу дәстүрге айналған. Бір жағынан революция – Ресей тарихының маңызды бөлігі, сондықтан ол ұлттық бірегейліктің бір бөлігі.
Коммунистік партия үшін бұл мерейтой – өздерін үлкен де берік антикапиталистік дәстүрдің мұрагері етіп көрсетіп қалу мүмкіндігі, дегенмен бұлар маркстік-лениндік ілім мен Ресей православ шіркеуінің ілімдерін қатар оқытады. Бірақ Коммунистік партия қазір билікте емес, ал биліктегілерге бұл мерейтойға бірізді көзқарасты ұсыну өте қиын.
Революцияның тарихи маңыздылығын ескерсек, Кремль оны еске алмай қала алмайды. Бірақ қарсылас топтар - қызылдар мен ақтарды бітістірудің орнына режим жағдайды өз жағына қарай бұру үшін бір жаққа қарай ойысады. Олар империя жағына шығатын шығар.
Империяның түсіндіруі бойынша, Владимир Ленин – гүлденіп, рухани жағынан байып келе жатқан империяның түбіне жеткен ақылды, бірақ жауыз адам. Кейін Иосиф Сталин империяны марксизм-ленинизм идеялары негізінде қайта құрды делінгенімен, ол шындығында мемлекетті орыстың консерваторлық құндылықтарына негіздеді.
Никита Хрущевтің пост-сталиндік «жылымығы» кезінде репрессия мен цензура босаңсып, империяның басты құндылықтары жойылды, Қырым Украинаға еш қаперсіз берілді. Бірақ, 1964 жылдың соңында Хрущев орнынан түскеннен бастап жағдай жақсарды, орыстар тыныш та бақытты ғұмыр кеше бастады. Империяның тағы бір мәрте күйреуі болған Кеңес одағының құлауы – Ресей тарихындағы аса ірі геосаяси апат болды.
Осы интерпретация бойынша, қатал басшылары темірдей тәртіп орнатқан Ресей тарихының мұз дәуірі – ел үшін ең жақсы кезең болған. Демократияландыру мен модернизация басталған жылымық – нашар кезең, себебі ол күйреу мен қақтығысқа алып келді. Путин режимінің сталиндік заманға жасаған емеуріні Ресейдің әлемдегі ықпалын қалпына келтіріп, елге молшылық алып келетін осы заманның диктаторы ретіндегі келбетін сомдай түседі.
Осы дискурс кейбір жергілікті басшыларды Сталин мен Иван Грозныйға ескерткіш тұрғызуға итермеледі, ал федералдық үкімет Киев Русіне православ дінін алып келген Ұлы Владимирдің ескерткішін салтанатты түрде ашты. Оның қазіргі президентпен аттастығы мұндай қисынды болар ма?
Бір жағынан тарих саясатқа қарағанда анағұрлым күшті. Үгіт-насихат Ресейдің «мың жылдық тарихындағы» (авторы – Владимир Путин) әскери жеңістерге ерекше мән береді, онда Ресей басқыншы Батыстың шабуылына төтеп берген қамал ретінде суреттеледі. Батыс Еуропадағы 70 жылдық либерал-демократияға себепкер болған Екінші дүниежүзілік соғысты Ресей өзінің автократиялық режимін ақтап алу үшін пайдаланады.
Өткенді мадақтау тіпті қазіргі нашар экономикалық ахуалды жасырып-жабуға көмектеседі. Ресей экономикасына қаншама зардап әкелгеніне қарамастан, Қырымды аннексиялауды өз ұстанымын тарихқа сүйене отырып жақтап шығуы Путинге қаншалық пайдалы әкелгенін қарап көріңіз. Оның зардабы Батыстың санкцияларының кесірі деп түсіндірілгендіктен, бұл Путиннің империялық ұстанымына сәйкес келе қалды.
Бірақ соғыс, канонада, әскери командирлер, мемлекеттік тұлғалар, әкімшілік иерархия, империяны құру сияқты Ресейдің ресми тарихын құрайтын мемлекеттің өз өмірбаянымен қоса балама тарих та бар. Ол – қарапайым адамдардың, диссиденттер мен еркін ойлы адамдардың естеліктерінен тұратын бостандық тарихы.
«Қарсы» тарихпен күрес барысында режим жеке адамдардың естеліктері мен өмірбаяндарын «мемлекет меншігіне» алып жатыр. Путин Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жақындарын еске алуға арналған бейресми «Бессмертный полкқа» (Ажалсыз полк) өту арқылы оны Кремльдің бастамасына айналдырып жіберді.
Бірақ мұндай әрекеттер екі тарих арасындағы қақтығысты бәсеңдете алмайды, бұл қақтығыс сталиндік қуғын-сүргінді айыптауға қатысты консерваторлар мен либералдар арасындағы кикілжіңде анық байқалған сияқты. Сондай-ақ, бұл жікшілдік Екінші дүниежүзілік соғыс (немесе орыстар айтатындай «Ұлы Отан соғысы») және 1990-жылдардың аласапыраны төңірегінде де байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, символдық мәніне қарамастан, Қазан революциясы екінші дәрежедегі оқиға деп қарастырылуы мүмкін.
Десе де, бұл мерейтой Путинге «Ресей әрдайым ықпалды ұлттық лидерлердің арқасында ұлы мемлекет болған, Путиннің билікті қолына жұмылдыруының арқасында ол өз биігіне қайта көтерілді» деген өз қалауындағы нарративті күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл – Ресейдің стиліндегі тарих: өткен өмір қазіргі мақсаттарға қызмет етуі керек.
Автор туралы: Андрей Колесников – Мәскеудегі Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024