Қырғиқабақ соғыс аяқталғанына ширек ғасыр өткенде Батыс пен Ресейдің арасы қайта бұзылды. Дегенмен, бұл жолы бір тарап идеология емес, геосаяси ықпал үшін көбірек күресіп жатқанын ашық аңғартты.
Батыс посткеңестік аймақтағы демократиялық қозғалыстарды түрлі жолдармен қолдап, ұзақ отырған диктаторларды жауапкершілігі бар лидерлермен алмастырған «түрлі түсті» төңкерістерге ерекше ықылас білдірді, дегенмен олардың барлығы өздері айтқандай шынайы демократ болмай шықты.
Бұрынғы кеңестік блоктың көп елі әлі күнге авторитар басшылардың бақылауында тұр, солардың ішінде Владимир Путин сияқты кейбіреулері алдындағы коммунистерге қарағанда сайлауды сендіретіндей етіп өткізудің жолын тапты. Олар өздерінің «иллиберал демократия» жүйелерін тарихтың әмбебап теориясына емес, прагматизмге сүйеніп жеткізе білді. Бұл лидерлер бар шаруаны оңтайлы шеше алатындарын айтып сендірді.
Бұл әсіресе қарсы пікірді жаныштап, ұлтшылдықты қоздыру тұрғысынан анық байқалды. Алайда, олар ұзақмерзімді экономикалық өсімге қол жеткізу жағынан соншалық тиімді жұмыс істей алмады. Кезінде әлемдегі ең ірі державалардың бірі болған Ресейдің ЖІӨ-сі қазір Германия ЖІӨ-сінің 40 пайызын, Франция ЖІӨ-сінің жартысынан астамын ғана құрайды. Адамдардың жас ұзақтығы жөнінен Ресей Гондурас пен Қазақстаннан кейінгі 153-орында тұр.
Жан басына шаққандағы табыс жөнінен Ресей 73-орында (сатып алу қабілеті паритеті бойынша), Шығыс және Орталық Еуропадағы Кеңес одағының бұрынғы серіктерінен әлдеқайда төмен тұр. Бұл елде өнеркәсіп өндірісі күрт құлдыраған, экспорттың үлкен көлемі табиғи ресурстарды сатудан тұрады. Ол «қалыпты» нарықтық экономикаға айнала алмады, оның орнына кландық капитализмнің ерекше бір түріне ойысты.
Иә, кей салаларда Ресей өзінің салмақ дәрежесінен жоғары тұр, мәселен ядролық қаруды алайық. Оның қолында Біріккен Ұлттар Ұйымындағы вето құқығы және бар. АҚШ-тағы Демократиялық партияға хакерлік шабуылы дәлелдегеніндей, оның кибернетика саласында Батыстағы сайлауларға үлкен кедергі келтірерліктей әлеуеті бар.
Мұндай араласу жалғаса береді дегенге негіз көп. АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейдегі күмәнді кісілермен (олар Путинмен өте жақын қарым-қатынаста) байланысы бар екенін ескерсек, америкалықтардың АҚШ-қа Ресейдің ықпалы жөнінде алаңдауына негіз бар, мұны қазір жүріп жатқан тергеу нәтижесі анықтайды.
Темір перде сөгілгенде жұрттың көбі Ресейге, кеңірек алып қарасақ бұрынғы Кеңес одағына көп үміт артты. Жетпіс жыл коммунизм қыспағында болғандарға демократиялық нарықтық экономикаға ауысу оңай болмады. Сол кезде ғана ыдырап кеткен жүйеге демкоратиялық нарықтық капитализм қаншалық жақсылық әкелетінін көзімен көргендер экономика өркендеп, азаматтардың құқықтары кеңейе түседі деп ойлады.
Не дұрыс болмады? Кімді кінәлаймыз? Кінә артатын адам бар ма? Ресейдегі посткоммунистік транзитті жақсырақ ұйымдастыруға болатын ба еді?
Бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиын, тарихтың доңғалағын қайта айналдыру мүмкін емес. Бірақ, меніңше қазіргі проблемалар бір жағынан Ресейдегі транзиттің тағдырын дұрыс шешпеген Вашингтон консенсусының салдары деп ойлаймын. Бұл құрылым ең алдымен жекешелендіруге көңіл бөлді, оның қалай орындалатынына онша бас қатырмады, оның жылдамдығы басқа процестерден, соның ішінде нарықтық экономиканы жұмыс істетуге қажетті институционалдық инфрақұрылымды қалыптастырудан тез жүрді.
Осыдан он бес жыл бұрын «Жаһандану және онымен келіспеу» атты кітабымды жазғанымда мен экономикалық реформаға қатысты «шок терапиясы» - үлкен қателік екенін айтқанмын. Ал, бұл доктринаны жақтаушылар «шыдай тұрыңдар, мұндай тұжырымды біраз уақыттан кейін айта аламыз» деген.
Сол транзиттен бері ширек ғасыр өткен соң, оның алғашқы нәтижелері шыға бастағанда, «жеке меншік құқықтары орныққан соң ол заң үстемдігінің орнауына алып келеді» дегендер өз тұжырымдарының қате болғанын түсінді. Ресей және басқа да транзиттік елдер экономикасы дамыған елдерден бұрынғыдан да артта қалды. Транизиттік елдердің кейбірінің ЖІӨ-сі олар тәуелсіздік алған кездегі деңгейден де төмен.
Ресейдегілердің көбі АҚШ Қазынашылығы Мәскеуді әлсірету үшін Вашингтон консенсусының шешіміне ықпал етті деп санайды. 2006 жылы Institutional Investor-да шыққан материалда Гарвард университетінің Ресейдің транзитіне «көмектесуі» тиіс тобындағы коррупция туралы жан-жақты айтылған. Бұл материалдың жарық көруі осы күдікті күшейте түсті.
Меніңше, бұл істе мұндай ерекше мәселе жоқ. Ниет қанша жақсы болғанымен, жаңсақ идеялардың салдары ауыр болуы мүмкін. Ресей ұсынған өзімшіл сараңдықтың мүмкіндіктері де басқалар қарсыласатындай күшті болған жоқ. Шындығын айтқанда, Ресейге олигархияның құрылуына алып келетін саясат емес, жалпы халықтың гүлденуіне алып келетін әрекеттер қажет болды.
Сондықтан, Батыстың олқылықтары оның адам құқықтары мен халықаралық ережелерді құрметтейтін демократиялық мемлекеттерді қалыптастыру жолындағы табанды әрекетіне кедергі болмауы керек. АҚШ қазір Трамп әкімшілігінің мұсылмандардың келуіне тыйым салу, ғылымды жоққа шығаратын қоршаған орта саясаты, халықаралық саудадағы міндеттемелерінен бас тарту сияқты шектен шығу әрекеттерін нормаға айналдырмау үшін күресіп жатыр. Бірақ Ресейдің Украинадағы әрекеттері сияқты халықаралық құқық талаптарын бұзу әрекеттері де «нормаға» айналмауы керек.
Автор туралы: Джозеф Штиглиц – экономика саласында Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбия университетінің профессоры және Рузвельт институтының бас экономисі. Оның соңғы кітабы «Еуро: ортақ валюта Еуропаның болашағына қалайша қатер төндіреді?» деп аталады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024