АҚШ-тың сауда баланысының дефициті - 450 миллиард доллар, яғни ЖІӨ-нің 2,5 пайызы. Демек, америкалықтар әлемге экспортына қарағанда сырттан қызметтер мен тауарды 450 миллиард долларға көп импорттайды. АҚШ-тағы бұл дефициттің жыл өткен сайын артуының себебі неде? Америкалықтардың өмір стандарттары төмендей бастаса не болуы мүмкін?
«АҚШ өнімдерін өз нарықтарында сатуға кедергі келтіріп, сол арқылы Америка бизнесіне зиянын тигізіп, жұмысшыларының өмір стандарттарын төмендетіп отыр» деп шетел үкіметтеріне кінә арту оңай. АҚШ-қа тауар экспорттауға қолдау білдіріп отырған үкіметтерді де кінәлау оңай. Солардың кесірінен америкалықтардың бизнесі шетелдіктерге орын босатып отыр (дегенмен, америкалық тұтынушылар сатып алатын заттарға шетел үкіметтері субсидия берсе, онда бұдан АҚШ-тағы отбасылар ұтатыны анық).
Бірақ АҚШ-тағы сауда дефицитіне басқа елдердің импортқа тосқауыл қоюы мен экспортқа субсидия беруі себеп болған жоқ. Басты себеп – америкалықтар өздері өндіргенінен көп қаражат жұмсайды. Саудадағы жалпы дефицитке басты себепкер – АҚШ-тағы бизнес пен жекелеген отбасылардың қор жинау мен инвестиция салуға қатысты шешімдері. Шетелдік үкіметтердің саясаты тек Американың саудадағы әріптестерінің арасында сол дефицитті өзара бөлісуге қатысты ғана болуы мүмкін.
Америкалықтардың қор жинау мен инвестициядағы шешімдерінің сауда дефицитіне әсері мынадай: егер мемлекет бизнес құрал-жабдықтары мен құрылымдарына инвестиция салғаннан гөрі көбірек үнемдесе, онда оның сырт әлемге сататын өнімі де көбірек болады. Басқаша айтсақ, инвестицияны алып тастағандағы қор экспорт минус импортқа тең, бұл – кез келген елдің кез келген уақыттағы ерекшелігі.
АҚШ-тың сауда дефицитін азайту үшін америкалықтар көбірек қор жинап, азырақ инвестиция салуы керек. АҚШ өнімдеріне басқа елдердің нарықтарын ашып, басқаларға АҚШ-тың нарығын жауып тастайтын саясат жалпы сауда балансына әсер ете алмайтыны айдан анық.
АҚШ сауда дефицитін отыз жылға жуық бір деңгейде ұстап келді, себебі шетелдіктер АҚШ-тың акциялары мен облигацияларын сатып алып, ондағы жылжымайтын мүлікке инвестиция салу арқылы ақша құюға әзір болды. Алдағы жылдары да бұл үрдістің әрі қарай жалғасатынына ешқандай кепілдік жоқ, дегенмен бұл процестің тоқтауына да еш негіз байқалмайды. Америкалықтарға қарыз берген шетелдік ұйымдар ақшасына қайтарып алса, қарыз берушілердің жаңа буыны олардың орнын басады.
Егер шетелдіктер АҚШ-тың қаржылық активтеріне сұранысты азайтса, ол активтердің бағасы да арзандайды, соның нәтижесінде пайыздық мөлшерлеме артады. АҚШ-тағы мөлшерменің артуы ішкі инвестицияны азайтып, қор жинауға итермелейді, содан келіп сауда дефициті кемиді.
Сауда дефицитінің азаюы қазір импортпен бәсекеге түсіп жатқан америкалық экспортерлар мен фирмаларға көмектескен болар еді. Бірақ сауда дефицитінің төмендеуінен америкалықтардың тұтынатын өнімдері азайып, болашақта тұтынатын заттардың өндірісіне салатын инвестициясы кемиді.
Ал бұл – мәселенің бір жағы ғана. Сауда дефицитін азайту үшін АҚШ халқы мен бизнесіне ұсынылатын тауарлар мен қызмет түрлерін кемітіп қана қоймай, Американың тауарларын шетелдіктерге тартымды қылып, шетелдің тауарларын Америкада тартымсыз ету керек. Бұл – доллар курсы төмендегеннен АҚШ-тың экспорт құны кеміп, импорт бағасы өседі деген сөз. Ұлттық өнімнің физикалық көлемі бұрынғы қалпында қалса да, оның ішкі тұтынушылар арасындағы құны төмендейді, себебі импорттан сонша табыс табу үшін олар көбірек өнім өндіруге мәжбүр болады.
Сауда саласындағы сарапшылардың болжамы бойынша, АҚШ-тың сауда дефицитін ЖІӨ-нің бір пайызына төмендету үшін экспорт бағасын 10 пайызға түсіріп, импорт бағасын 10 пайызға көтеру керек. Бағадағы осы өзгерістер қазіргі 2 пайыз сауда дефицитін азайтып, АҚШ-та сауда балансын орнатуға мүмкіндік береді. Бірақ, АҚШ-тың экспорты ЖІӨ-нің 15 пайызын, ал импорты ЖІӨ-нің 12 пайызын құрайтындықтан, экспорт бағасының 10 пайызға төмендеуі орташа шынайы табысты (инфляцияны ескергендегі) 1,5 пайызға төмендетсе, импорт бағасының 10 пайызға өсуі шынайы табысты тағы 1,2 пайызға азайтып жібермек.
Демек, сауда дефицитін жою үшін АҚШ-та өндірілетін өнімнің 2,5 пайызын басқа жаққа ығыстырып, экспорт пен импорт бағасын өзгерту керек, бұл олардың шынайы құнын ЖІӨ-нің 2,7 пайызына дейін төмендетеді. Қысқаша айтсақ, ұлттық өндірістің деңгейін өзгертпесе де, америкалықтардың шынайы табысы 5 пайызға төмендейді.
Ұзақ мерзімдік тұрғыдан қарасақ, ұлттық өнімнің өсу деңгейі АҚШ-тағы зауыттар мен құрал-жабдықтарға салынатын жалпы инвестицияның ахуалына байланысты. Егер тұтыну көбейіп, инвестиция азаюдың арқасында дефицит кемісе, инвестицияның тарылуы даму көрсеткішін төмендетеді, бұл ұзақмерзімдік табыстардың да азаюына алып келеді. Бірақ егер сауда дефициті отбасылар көп қор жинап, үкіметтің дефициті кемігеннен болса, инвестицияның жоғары деңгейін сақтап тұруға, сол арқылы ұзақ мерзімдік тұрғыдан жоғары табысты сақтап қалуға мүмкіндік бар.
Демек, сауда балансының тағдырын Американың жинақ қорындағы өзгерістер мен халықтың ұзақ мерзімдік шынайы табыстары шешпек. Басқаларды кінәлау бұл жағдайды өзгерте алмасы анық.
Автор туралы: Мартин Фельдштейн - Гарвард университетінің экономика профессоры, Экономикалық зерттеу жөніндегі ұлттық бюроның бұрынғы президенті. 1982-1984 жылдары президент Рональд Рейганның Экономикалық кеңесшілер алқасын басқарған.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024