Ұлыбритания, Франция, Америка Құрама Штаттары - бұл елдердің қайсысы саяси тұрғыдан ерекшеленіп тұр? Жауап айқын емес пе? Өткен жылы Ұлыбританияның Брексит референдумы және Америка Құрама Штаттарында Дональд Трамптың сайлануы жаһандық элитаға қарсы популистік көтерілістің егіз рәміздеріндей болды. Франция, керісінше, Эммануэль Макронға дауыс бере отырып, өз елінің президенті ретінде әдеттегі «Давос адамын» сайлады, ол ең элиталы қаржылық, әкімшілік және білім беру мекемелерімен байланысы бар технократ-глобалист болып табылады.
Бірақ, бұл саяси клишелерден бір сәтке артқа қадам жасайықшы. Мен жақында Лос-Анджелесте Милкен институты өткізген Global конференциясына қатысу үшін британдық сайлау науқанынан қашып кетіп, осылай жасадым. Милкен конференциясы Давостың американдық баламасы болып табылады, бірақ онда Давос ешқашан қол жеткізе алмаған неғұрлым елеулі назар бизнеске аударылып және АҚШ үкіметі өкілдігі күшті көрсетілген.
Трамптың негізгі экономикалық лауазымды адамдарын (қаржы министрі Стивен Мнучин және сауда бойынша хатшысы Уилбур Росс) және Конгрестің бір топ лауазымды тұлғалары мен іскер көшбасшыларын тыңдағаннан соң, бір тұжырымдамаға келуге болады: Трамптың сайлануы тек уақытша аберрация болып табылады. АҚШ ұлтшылдық ностальгия тақырыбындағы паркке уақытша ғана жол бұрған, ал негізі олар әлі де жаһанданудың болашақтағы шығындары емес, пайдасына бет бүрған.
Милкен конференциясында Трамптың ішкі саяси бағдарламасының көп бөлігін іске асырмайтыны анық болды. «Тот белбеу» штаттары инфрақұрылым шығыстарының күрт өсуін көрмейді. АҚШ-тың Мексика немесе Қытаймен қарым-қатынасы айтарлықтай өзгере қоймайды. Трамптың негізгі салық ұсыныстары Конгресстен өте алмайды.
Ал Трамптың Obamacare бағдарламасын «жойып және ауыстыру» уәдесі бірден қызметке кіріскеннен кейін, қоғамдық қысыммен, «реформалау және жөндеу» уәдесіне жол берері де анық.
АҚШ прагматизмі туралы осындай әңгімеден кейін, менің британдық саясатқа қайта келуім терең депрессияға ғана апара алады. Бірнеше ай бұрын ғана параллель көрінген саяси жолдар енді айырылуда. АҚШ Трамптың «баламалы шындығын» (бәлкім Трамптың өзін емес) қабылдауына 100 күн өтті, ал Ұлыбританияда тіпті 8 маусымда орын алатын сайлау арқылы берілетін күтпеген мүмкіндікке қарамастан, ешкім өзін-өзі жоюға апаратын Еуропамен байланыс үзуін болдырмау үшін Брексит баламасы керектігі туралы ойланбайды да.
Біз ұлтшылдық популизммен қауіпті ойынға американдық және британдық азаматтық қоғамының түрлі жауабын қалай түсіндірсек болады? Америкада, логикалық тұрғыдан үйлесімсіз, экономикалық тұрғыдан әділетсіз, және іске асыруы дипломатиялық тұрғыдан мүмкін емес болған саясатқа дереу оппозиция мен пікірталастардың өрлеуі арқылы жауап берді. Демократтар Конгресте бұрын-соңды болмаған бірлікті көрсетіп, теледидардағы комедианттар одан да тиімді оппозицияны жасады, миллиондаған прогрессивті сайлаушылар көшелерге шықты, БАҚ тынымсыз тергеу істеріне кірісті, және Американың Азаматтық Бостандық Одағы мұсылмандарды елге кіргізбеу туралы әкімшілік шешімінен соң 24 сағат ішінде $24 млн жинады.
Ең бастысы, АҚШ бизнес өкілдері өздерінің экономикалық мүдделеріне қауіп төндіреді деп Трамптың кез келген саясатын бұғаттай бастады. Парламент Сенатының жоғары лауазымды қызметкері Милкен конференциясында айтып өткендей, Walmart және басқа да бөлшек сауда өкілдері АҚШ-тың импортына қатысты жаңа салықтардың саяси құнын «біздің мүшелерімізге өте тиімді жолмен ұғындырып отырды». Бұл Трамптан түскен негізгі протекционистік қатерді жойды және «шекара реттеу» салығы бойынша түсімдер арқылы үлкен салықтық жеңілдіктерді қаржыландырамын деген үміттерін өшіріп тастады.
Енді былтырғы референдумнан кейін Ұлыбританиядағы енжарлықпен осы АҚШ оппозициясын салыстырыңыз. ЕО-дан шығу Трамп әкімшілігінің кез келген ұсынысына қарағанда әлдеқайда үлкен саяси және экономикалық өзгерістерге апарары анық болса да, Брексит сынауға немесе сұрақ сұрауға болмайтын жылжымайтын догмаға айналғандай. Трамптың сайлау уәделеріне қарсы ашулы шыққан американдық бизнеспен салыстырғанда, ешқандай ірі британдық компаниялар Брексит шешімін кері қайтару науқаны арқылы өз мүдделерін қорғауға тырыспады. Тіпті бірде-біреуі премьер-министр Тереза Мэй референдумда Ұлыбританияның ЕО-дан шығуынан соң оның Еуропалық бірыңғай нарық және кеден одағының мүшелігінен шығуы туралы шешім қабылдауға мандат берілмегеннін де айтпады.
Ең сорақысы, Брексит туралы дауласуға қарсы тыйым экономика, ұлттық мүдде немесе ақылға қонарлық себеппен түсіндірілмейді. Оның орнына «халықтың еркі» деген сөздер айтылады. Бұл суық сөздер, одан да қатерлі «халық жаулары» деген ұқсас сөз тіркесімен бірге АҚШ-та, сондай-ақ Ұлыбританияда риторикалық жабыстырғыш сөзге айналды. Бірақ мұнда шешуші айырмашылық бар: АҚШ-та, мысалы, мұндай фашистік тіл экстремисттер қатарында естіледі; ал Ұлыбританияда, тіпті жетекші БАҚ және парламенттік дебаттар қатысушылары Брекситке қарсы келгендерді үнемі демократияға қарсы ұйымдасқан, қастандық жасаушылар немесе патриот емес диверсанттар деп атайды.
Мәдени факторлар Трампқа белсенді жауап беретін американдықтар және Брекситке қатысты британдық енжарлықты ішінара түсіндіре алар. Қандай да бір қиындыққа американдықтар аз болса да бір әрекет жасайды деп күтуге болады. Ал британдықтар, қиындыққа тап бола тұра ештеңе істемей, тек «маңғазданып ернін тістеп» шыдаған адамды батыр деп құрметтейді.
Мүмкін одан да маңыздысы, АҚШ-тағы оппозицияның демократиялық легитимділігіне ешқашан күмән келтірілмегені болар, мысалы, американдықтардың айқын көпшілігі Трампқа қарсы дауыс бергені рас. Шын мәнінде, Трамп 2% -ға аз дауыс жинады, дәл осындай айырмашылық Джимми Картер мен Джордж Бушқа 1976 және 2004 жылы сайлауда жеңуге мүмкіндік берген.
Ұлыбританияда, керісінше, Брексит 48% мен 52% сияқты шағын, бірақ шешуші көпшілікпен қабылданды. Көптеген жетілген демократиялық мемлекеттерде Брексит сияқты үлкен конституциялық өзгерісті растау үшін аса үлкен көпшілік дауысы талап етіледі, Ұлыбритания болса мұндай тексеру мен теңгеруде ешқашан қажеттілік көрмеген. Ұлыбританияның конституциясында жазылмаса да, парламенттік көпшілік қолдаған Премьер-Министрдің билігін шектеудің тек бір жолы бар- ол сайлаушылардың өз пікірлерін өзгерте алуы құқығы. Бірақ сайлаушылардың ойларын өзгертуге тырысқан кез келген адам демократиялық ұстанымға қарсы «халық жауы» деген атауға ие болса, не істемек?
Сайлаушылардың өмірлеріндегі ең ірі саяси шешімі туралы қайта ойлауға ынталандыру демократияны қорлау ретінде қарастырылуы тоқтатылмаса, Ұлыбритания өзіне-өзі тұрақты зиян келтіруге қарсы қорғаныстан айырылады. Және Ұлыбритания, ескі ұлтшылдықтың қисық-қыңыр қате жолына бұрылып, АҚШ болса көпұлтты жаһанданудың заманауи тас жолымен Еуропаға қайта қосылады.
Автор туралы: Анатолий Калецкий - Gavekal Dragonomics бас экономисті және төрағасы, “Капитализм 4.0, Жаңа экономиканың пайды болуы” кітабының авторы.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024