Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматы метросы «Барахолка» арқылы Алатау қаласына дейін ұзаруы мүмкін

Алматы метросы «Барахолка» арқылы Алатау қаласына дейін ұзаруы мүмкін
Алматы метрополитенінің үшінші желісі Алатау қаласынан «Мизам» базары арқылы қазіргі «Сайран» метро бекетіне дейін салынуы мүмкін. 

 Мемлекеттік сатып алу сайтында Алматы метрополитенінің үшінші желісінің техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға екі хабарландыру жарияланды. Оның бірі – Алатау қаласынан «Мизам» базарына дейінгі аралық, екіншісі – «Мизам» базарынан «Сайран» бекетіне дейінгі аралық. 

Тапсырыс беруші – Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы. Жобалауға 2025 жылдың 18 сәуіріндегі Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы негіз болған.

Бірінші жоба бойынша құжатты әзірлеуге 1,3 млрд теңге (1 351 054 778), ал «Мизам» базарынан «Сайран» бекетіне дейінгі құрылыстың құжаты бойынша 896 млн теңге (896 459 961) бөлінген. Екі құжат бойынша да ашық конкурс биыл 11-18 маусым аралығында өтеді. Жұмыстарды өткізу мерзімі – 2026 жылғы 31 мамыр.

Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Алатау қаласынан «Мизам» базарына дейінгі аралықта 7 бекет болады. Олар: 

  – № 1 бекет – «Gate City» жанында, «Солтүстік» көлік торабының аумағында;

  – № 2 бекет – «Кемел» шағын ауданының жанында;

  – № 3 бекет – Солтүстік айналым жолы мен Боралдай көшесі қиылысының аумағында;

– № 4 бекет – Солтүстік айналым жолы бойында, Сауда көшесімен қиылысында орналасқан;

– № 5 бекет – Солтүстік айналым жолы бойында, әскери бөлім жанында орналасқан;

– № 6 бекет «Кенжехан» базарының жанында;

 – № 7 бекет – «Мизам» базарының аумағында;

– Депоға дейінгі желі, электрдепосы – «Солтүстік» көлік торабының солтүстігінде.

Ал «Мизам» базарынан «Сайран» бекетіне дейінгі аралықта 5 бекет салынады. Олар келесі мекенжайларда орналасады:

– № 1 бекет – Солтүстік айналым жолы бойында, «Ялян» базарының аумағында;

– № 2 бекет – Солтүстік айналым жолы бойында «Adem» сауда үйі аумағында;

– № 3 бекет – Райымбек данғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында;

– № 4 бекет – Төле би көшесі мен Тілендиев көшесінің қиылысында;

– № 5 бекет – Абай данғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында (бірінші желіге өту жағын ұйымдастыру).

 Сонымен қатар екі жоба бойынша құрылыс алаңдарының орындарын анықтау, жолаушылар ағынын болжау, құрылыс кезінде қазақстандық өндірушілердің құрылыс материалдарын пайдалануды қарастыру, архитектуралық шешімдерді анықтау, қоршаған ортаны қорғау шараларын қарастыру, қозғалысы шектеулі адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету және өзге де талаптар қойылған.

Ұқсас материалдар