Алматыдағы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің табалдырығын 199 бала аттады

Алматыдағы ең үздік білім ордасының бірі - №90 дарынды балаларға арналған физика-математика бағытында мамандандырылған мектеп-лицейінің табалдырығын 199 бала аттады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Үздік мектепте оқуға ниеттілер өте көп. Сондықтан биыл 3 қазақ, 4 орыс сыныбы ашылған.

«Барлық Қазақстандықтарды Білім күнімен құттықтаймын! Білім деген алға жетелейтін ұлы күш. Бүгін білім күнінде оқушыларды қарсы алдық, сапалы білім мен тәрибе беру үшін еңбек етеміз. Жетістікке жету үшін кешенді түрде қарау керек. Мектептің жүрегі – ұстаз. Ұстаздардың біліктілігі шеберлігі жетістіктерге жеткізеді. Одан кейін ата-ананың жауапкершілгі, балаға дұрыс тәрибе беруді қадағалап отыратын ата-ананың көмегі. Және әрине талантты оқушылардың өз еңбегі. Осы үштіктің нәтижесінде сапалы білім мен жетістік болады», дейді лицей директоры Бұлбұл Оспанбек.
№90 мамандандырылған мектеп-лицейі дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы лицейде 1256 бала оқиды. Олардың 15-і 2024-2025 оқу жылында халықаралық, 16 бала республикалық деңгейдегі олимпиадалардан орын алған. Олардың қатарында жақында ғана Токиода 2 орын алған Жасмин Қайназарова, Тимур Изимов, Жәнібек Түркебаев, Аслан Марат, Найля Құрбанова, Диас Әмірәли, Аялы Асхатқызы, Раяна Әлиходжаева сынды үздіктер бар.

Лицей ұжымы жаңа оқу жылында халықаралық деңгейдегі жетістіктерін көбейтуге ниетті.
Сонымен қатар биыл лицей реновация жасалатын мектептер тізіміне енген. 1958 жылы негізі қалғанған білім ордасын күрделі жөндеу мен кеңейту маңызды. Өйткені ең үздік лицейде білім алғысы келетін алматылықтар саны артып келеді.
