Алматыда жеңіл рельсті көлік жүйесін (LRT) салу жобасын жүзеге асыру үшін 61,4 млрд теңге бөлінеді.
Бұл туралы қалалық мәслихаттың бюджет мәселелеріне арналған отырысында Алматы қаласы әкімдігінің экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді.
Қазіргі уақытта депутаттар 2026–2028 жылдарға арналған қалалық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, Алматының қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 92,7 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қаражаттың басым бөлігі LRT жобасын іске асыруға бағытталмақ.
– Қоғамдық көлік жүйесіндегі ең маңызды жобалардың бірі – жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысы. Осы мақсатқа 61,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Ұзындығы 18,3 шақырымды құрайтын бірінші кезеңнің құрылысы 2027 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған, – деді Бауыржан Құдайбергенов.
Жоба бойынша LRT желісі қаланың негізгі көлік дәліздерінің бірі саналатын Төле би көшесінің бойымен өтеді. Кейін бағыт Абылай хан даңғылына жалғасып, Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жетеді. Одан әрі Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін созылады.
Қала билігінің мәліметінше, жаңа көлік жүйесі мегаполистегі көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қатынау уақытын қысқартуға және қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
LRT жобасын жүзеге асыру мақсатында жер учаскелерін мемлекет қажеттілігі үшін алып қою жұмыстары да басталған. Осыған байланысты Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылғы 26 наурызда тиісті қаулыға қол қойған болатын.
Мамандардың пікірінше, жеңіл рельсті көлік желісінің іске қосылуы Алматының көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы ірі жобалардың біріне айналып, қаладағы қоғамдық көлік жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.





