Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Apple» бренді атынан сатылған контрафактілік тауарлар анықталды

«Apple» бренді атынан сатылған контрафактілік тауарлар анықталды

 2025 жылғы 16-19 қыркүйек аралығында Алматы қаласында контрафактілік өнімдерді анықтауға бағытталған арнайы рейдтік іс-шаралар өтті.

Шараны Әділет министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Тексеру барысында Байсат көтерме-бөлшек сауда базарының аумағында «Apple» тауар белгісінің атын жамылып сатылып жатқан ірі көлемдегі контрафактілік өнім партиясы анықталды. Жеке кәсіпкер әртүрлі ұялы телефон аксессуарларын – қуаттағыш құрылғылар, кабельдер, құлаққаптар, адаптерлер және тағы басқа бұйымдарды көтерме бағамен өңірлерге таратып отырғаны белгілі болды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде шамамен 2 миллион теңге сомасына бағаланған, жалпы саны 1 500 дана контрафактілік өнім тәркіленді.

Бұдан бөлек, осы базар маңындағы қойма үй-жайдан тағы бір ұқсас құқықбұзушылық фактісі анықталды. Қоймада WD-40 тауар белгісіне ұқсас таңбалармен таңбаланған, контрафактілік белгілері бар техникалық аэрозоль өнімдерінің ірі партиясы сақтаулы тұрған. Сараптамаға дейінгі бағалау бойынша, бұл өнімдердің жалпы саны 2 000-нан астам дананы құрап, нарықтық құны шамамен 3 миллион теңгені құрады.

Аталған факті бойынша да ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Құзырлы органдардың мәліметінше, мұндай рейдтер зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, тұтынушыларды сапасыз әрі қауіпті өнімдерден сақтау, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың жолын кесу мақсатында жүйелі түрде жалғастырылады.

Ұқсас материалдар