Алматы. 3 ақпан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 30 қаңтар - 3 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.
Дүйсенбі, 30 ақпанда елімізде Универсиада ойындары басталды. Ал спорттық сайыстар аяқталған соң Атлетика ауылындағы пәтерлер жалға беріледі. Ол жерде олимпиадаға дайындық орталығы, бюджеттік супермаркеттер желісі орналасады. Бұдан бөлек, 43 орындық студенттер қонақ үйі, 1,5 мың адамға арналған Алатау ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы, Қазпошта орталығы ашылады. Ал пәтерлер «1 шаршы метрді 1120 теңгемен 20 жылда сату құқығы бойынша жалға алу» шартымен беріледі.
Қазақстандықтар доллар сатып алуды азайтты. Желтоқсан айында қазақстандықтардың айырбастау пункттерінен долларды нетто-сатып алу көлемі 358,5 млн долларды құрады. Бұл қараша айымен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Осыған ұқсас жағдай басқа да танымал шетел валюталарында қайталанып отыр. Мысалы, ресейлік рубльді қолма-қол нетто сатып алудағы көрсеткіш өткен жылы екі есе қысқарды.
2016 жылы Қазақстанға келетін бензин мен дизель отынының көлемі 20 мың тоннаға азайған. Ішкі нарықтағы өндіріс 130 мың тоннаға көбейген. Импорт көлемінің азаюы Қазақстандағы мұнай өндіруші кәсіпорындардың дизель және бензин өндірісін арттыруымен байланысты. Бірақ жанармай әлі де тапшы болып отыр. 2016 жылдың қаңтар-қараша айында ішкі нарықта бар болғаны 8,3 млн тонна көгілдір отын болған.
Сейсенбі, 31 қаңтарда Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауын арнады. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты арнауында экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды тапсырды. Жолдауда экономика-қаржы секторы, технология, білім беру, денсаулық сақтау бағыттары қамтылған. Жаңа жолдаудың ең маңызды тұстарын мына жерден оқи аласыздар.
Ислам даму банкі Қазақстанның халал өнімдерін экспорттауға арналған үш жылдық жоба әзірледі. Банк өкілінің ойынша, Қазақстандағы халал-индустрияны дамыту барысында тиісті стандарттарды әзірлеу қажет. 2014 жылы әлемдік тауар айналымында халал өнімдердің үлесі 2,6 трлн теңгені құрады, ал 2015-2016 жылдың көрсеткіштері бұдан жоғары болуы мүмкін. Қазақстан осы нарықтың бір бөлігі болуға мүмкіндігі бар. 2 миллионға жуық мұсылман осы өнімді қажет етеді.
Сәрсенбі, 1 ақпан Цеснабанк пен ЦентрКредит Банкі бірлескен мәлімдеме жасап, бірігу туралы ақпаратқа байланысты пікір білдірді. Банктің хабарлауынша, екі қаржы институтының бірігуіне қатысты келіссөздер аяқталуда. Бұдан кейін мәмілені реттеуші органдар мақұлдауы тиіс. Келесі кезеңде Банк акционерлері ауысады. Ол 2017 жылдың екінші тоқсанында болуы мүмкін деп жоспарланып отыр.
Қазақстандағы бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 154 632 теңгені құрады. Ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлеріне тиесілі – 90 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 41,8%-ға төмен. Ал білім беру саласындағы жалақы – 100,0 мың теңге ( тиісінше 35,4%-ға төмен). Өңірлер бойынша ең жоғарғы жалақы Маңғыстау облысында белгіленді – 273,8 мың теңге, Жамбыл облысында мұның шамасы 102,7 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 33,6%-ға төмен.
Бейсенбі, 2 ақпанда есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жұмысынан заңбұзушылықтар анықтады. Ведомствоның мәліметінше, темір жол, Құрық порты бойынша паром кешені және «Қорғас – Шығыс қақпа» арнаулы экономикалық аумағындағы құрылыс жұмыстары барысында заң бұзушылықтар жіберілуі мүмкін. Анықталған қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құраған.
АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ашық нарық комитеті жылдық пайыздық мөлшерлемені 0,5—0,75% деңгейінде сақтап қалды. Қаржы ұйымы 2016 жылдың желтоқсанында 1 жыл ішінде алғаш рет пайыздық мөлшерлемені 0,25—0,5 пайыздан 0,25-ке көбейткен еді. 2007-2008 жылдары ФРЖ пайызын біртіндеп төмендетіп, 0-0,25%-ға дейін жеткізген.
Ұлттық қор кірісі Қашаған есебінен көбеюі мүмкін. Банк сарапшыларының шолуына сәйкес, өткен жылы Қазақстанның мемлекеттік бюджеті орташа шығындардың болуына қарамастан артқан. Егер осы жылы да қаржыны жұмсауда консервативті әдісті сақтайтын болса мемлекеттік бюджетте тұрақты жағдай қалыптасады. 2016 жылдың нәтижесі бойынша Ұлттық қордың кірісі мұнай бағасының арзандауына байланысты 30%-ға дейін немесе 1,1 трлн теңгеге дейін азайған.
Жұма, 3 ақпанда Астанада үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Н.Назарбаев қатысып, министрлер мен аймақ басшыларының есебін тыңдады. Жақсы баға алғандар мен сын естігендер де болды. Дәлірек айтқанда, "Самұрық-Қазына" басшысы Өмірзақ Шүкеевтен жекешелендіру туралы сұрап, үшінші кезеңіне көңілі толмайтындығын жеткізді. Қаржы министрлігін бюджетті игеру туралы әрекетін сынға алды. Ал Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевқа толығымен қолдауын білдіріп, Ұлттық банктің жұмысына араласқандары жазалау керек деп мәлімдеді. Толығырақ сайтымыздағы шолудан оқи аласыздар.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылы ЖІӨ 2% деңгейінде болуы мүмкін деп мәлімдеді. Экономикалық өсім тау-кен өндірісі (3,6%), тамақ өнеркәсібі (3,2%), машина жасау ісі (13,0%) салаларында болады. Бұдан бөлек, Ұлттық экономика министрлігі ауыл шаруашылық саласында 2,5%, құрылыс секторында 2,6%, транспорт және логистика саласында 4,0% өсім болады деп болжап отыр. Тимур Сүлейменов 2017 жылы да «мемлекет экономикасы үшін біраз қиындықтар» болатынын айтады.
Қазақстанда дәрігерлер қателік жібергені үшін өтемақы төлеуі мүмкін. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының ақпараты бойынша, «Қазақстан Республикасындағы медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Заң жобасының тұжырымдамасында медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе немқұрайлылық қатынастың болмаған кезінде, азаматтың денсаулығына нұқсан келтірген кезде өтемақы төлеу қарастырылған.