Алматы. 1 ақпан. 7kun.kz - Қазақстандағы алкоголь өнімдерінің акциздік мөлшерлемесі 2017 жылдан бастап 45%-ға артуы мүмкін. Бұл туралы "ҚазАлко" Алкогольді өнім сатушылар мен өндірушілер ассоциациясының президенті Әміржан Қалиев мәлімдеді.
Оның сөзінше, акциздің көтерілуі - мәжбүрліктен туындап отырған шара. Бұған Ресей және Беларусьпен экспортты жөнге салу үшін отандық алкоголь нарығының қатыушылары келісіп отыр. Мөлшерлеменің өзгеруі - РФ қойып отырған міндетті талап.
"Ресей мен Беларусь өз өнімдерін біздің нарығымызға еркін әкеліп отырғанда, олардың нарығына біз шыға алмай отырмыз. Бұл сұрақ әр апта сайын көтеріледі, Еуразиялық экономикалық комиссия бұл проблемамен айналысып жатыр. Акцизді көтеріп, екі жақтың бағасы теңескен соң ЕАЭО аймағындағы алкогольді өнімнің еркін айналымы туралы бірінші келісімге қол қоя аламыз деген үміт бар. Біз олардың шартын орындасақ, бізге де нарығын ашуы керек. Бұл отандық алкоголь нарығын өндірушілер үшін өте маңызды", - деді Әміржан Қалиев. Осы сала мамандарының айтуынша, акциздің көтерілуі дүкендегі арақ-шарап бағасының қымбаттауына әкеліп соғады.
Ассоциация басшысының сөзінше, көрші елдердің нарығына кіру қазақстандық кәсіпкерлерге өндіріс көлемін 2 есе көбейтуге мүмкіндік береді. Бүгінде отандық спирт зауыттары барлық қуатының бар болғаны үштен бірін ғана пайдаланып жатыр.
Қазақстандағы акциздер 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен көтеріледі. Алкогольді өнімнің (коньяк, бренди, шарап, сырадан басқа) акциздік мөлшерлемесі 2017 жылы 2000 теңгені, 2018 жылы 2275 теңгені, 2019 жылы 2550 теңгені құрайды.
2017 жылы сыра және сыра сусындарының акцизі 39 теңгеге, 2018 жылы 48 теңгеге, 2019 жылы 57 теңгеге көтеріледі. Айта кету керек, алкоголь өндірісіне қажет этилді спирт мөлшерлемесі нөлге теңестірілді.