Қазақстанның тіл саясатындағы соңғы өзгерістерді, нақтырақ айтқанда, президент Назарбаевтың латын қарпіне өту туралы тапсырмасын біз ғана емес солтүстік көршіміз де қызу талқылап жатыр. Бөтен мемлекет, бөлек елде енгізіп жатқан өзгерістерге ресейліктер өз ықпалынан бір автономия бөлініп шыққандай шала бүлінуде. Ал енгізгелі отырған реформаның Қазақстанның үштен бір бөлігі ғана пайдаланатын орыс тіліне еш қатысы жоқ.
Көрші елдің тіл мамандарынан бастап, қоғам қайраткерлеріне дейін қазақ тілінің латын қаріпіне көшетініне қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ресейдің «Ұлы отан» партиясының мүшесі Вадим Викторович Рыбин «Латиница в Казахстане: Первый гром над русским миром» атты мақала жазған. Онда қазақ тілінің латын қарпіне көшуі мен Ресейдің тіл саясаты баяндалады.
Жарайды, өз еліндегі тіл саясатын айтқысы келген екен бірақ оған біздің қатысымыз қанша? Неге «Первый гром» деп жазады? Осыған дейін бұрынғы кеңес одағының мүшелерінен қаншама мемлекет латын қарпіне көшті емес пе? Сонда Қазақстанды «Орыс әлемінің» бір бөлшегі деп санағаны ма?
Қазақ тіліне латын қарпі тура келмейді
Қазақстандағы лингвист-ғалымдар латын қарпіне қай тұстан келуді талқылап жатқанда, Ломоносов атындағы ММУ-нің профессоры, филолог Владимир Елистратов латын қарпінің қазақ тіліне мүлдем «тура келмейтіндігін» айтып сұхбат берді.
Оның айтуынша, түркі тілдері үшін кирилица қарпін пайдаланған ыңғайлы көрінеді. Кирилицада әр әріптің астына, үстіне, жанына ерекшелейтін белгілер қойып қажеті жоқ екен. Ол латын қарпіне өткен Өзбекстанды жағымсыз мысал етіп көрсеткен. Ғалым сөз арасында моңғолдардың әлі де кирилицаны пайдаланып келе жатқанын алға тартады.
Stockinfocus.ru сайтында жарық көрген «Казахстан решил отказаться от кириллицы: печальное известие для Русского мира» атты мақалада РФ Мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин «Қазақстан Ресеймен дауласпайды. Бірақ оның (Ресейдің - ред.) ішкі және сыртқы саясатына араласуына мүмкіндік беретін қандай да бір «бақылау пакетіне» ие болмауын қатты қадағалайды» деп пікір білдіреді.
«Осылайша, Қазақстан тәуелсіз ел екенін көрсететін жеке көзқарасын білдірді. Іс жүзінде бұл - бірнеше орындықта қатар отыру. Яғни, біздің қасымызда, бірақ Батысқа қарай жылжып барады», - дейді Затулин.
Біз егемендігіміздің 25 жылдық мерейтойын тойладық. Бірақ Қазақстанның әрбір әрекеті көршімізге біздің тәуелсіз екенімізді дәлелдеу болып көріне ме қалай?! 1991 жылы-ақ бүкіл әлем біздің тәуелсіздігіміді мойындап қойған жоқ па?! Ресей депутаты Қазақ елінің жеке көзқарасы бар екенін енді ғана мойындап тұрғаны ма?!
Ресейдің қоғам қайраткері Алексей Живов болса өз блогында біздің бұл әрекетімізді «Латиница будет покруче украинских бандеровцев» деп салыстырады.
Әлеуемттік желілерде Ресейді бұқара халқы да қазақ тілі үшін "қатты алаңдайды" екен. Мысалы, Юлия Демина былай дейді:
-Қызық, латын қарпімен "ы" әріпін қалай жазады екен? Қазақ тілінде бұл ең жиі кездесетін дыбыс қой. Ал кирилицамен оны жаза аласыз. Латынша "у" қарпін "ы" орнына пайдалану бір бөлек. Сонда "лысый" сөзі "lysyi" болады ма? Шетелдіктер оны қалай оқиды? - дейді Демина.
Ал Юрий По есімді азамат:
-Қазақстанның мемлекет ретіндегі тарихы жоқ. Болашақты айтар болсақ, оны уақыт көрсетеді. Бірақ латын қарпіне көшу бір жеңілдік әкелетініне сенбеймін, - деп бір-ақ ауыз сөзбен біздің ғасырлар бойғы таризымызды ысырып тастай салған.
Шынын айтқанда, әлеуметтік желіде жазылған пікірлер бүтін бір мақаланы орап өтетіндей. Себебі онда сол мемлекетті құрушы адамдардың пікірі жазылған, демек сол мемлекеттің көзқарасы бейленген.
Үндемеу керек...
Сөзімізді "Эхо Москвы" радиосының әлеуметтік желідегі Матвей Гонопольскийдің пікірімен қорытындыласақ.
"...Неге? Себебі Қазақстан - өзін Сингапур секілді мемлекеттердің қатарынан көргісі келетін заманауи алып мемлекет. Себебі Қазақстан - постсоветтік болса да, әскері бар мемлекет. Бірақ бастысы Назарбаев Лукашенкодан кейінгі Путиннің қолын алып, елдің көзінше жиіркенішін көрсетпейтін соңғы адам. Себебі, мәңгіге ат құйрығын кесіскен Украинадан кейін, Қазақстан - өлімсіреп жатқан ТМД-ның соңғы белгісі. Енді қазақтар латын қарпіне көшіп жатыр деп байбалам салушылар үндемейтін болады, себебі ең болмағанда бір адам саған қолын созғанын қалайтын болсаң, ең дұрысы үндемеу керек".
Дұрыс. Үндемеңіздер. Біз бөлек мемлекетпіз. Қазақ мәселесінен басқа мыңдаған ішкі мәселелеріңіз бар. Соны талқылағандарыңыз жөн.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024