Қазақстандық әскердің құрамын осы маусымда мыңдаған алматылық толықтыратын болады. Қаланың әскери комиссариаты 20 мың бозбаланы шақыртқан болатын. Бірінші кезеңнің өзінде-ақ жартысына жуығы жарамсыз боп қалды деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Осы жылы жаңа қылмыстық кодекс енгізіліп отыр. Яғни, әскерге қызмет етуден бас тартқандарға мынадай балама нұсқалар ұсынылады: 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл төлеу немесе бір жыл түрмеге қамау.
Әскерге алынатын жастағы 20 мың алматылықтың 5 мыңы медициналық тексеруге жіберілді. Әскери қызметке жолды бөгейтін аурулар жыл сайын алдан шыға береді.
«Көбіне хирургиялық аурулар кездеседі. Жалпақ табан, сколиоз деген сияқтылар. Неге екенін білмеймін, жүрек аурулары да бар. Одан кейін кездесетіндері - неврологиялық соққылар. Бірақ, көбіне денсаулығы мықты жігіттер барады», - дейді Алматы шақырту департаменті басшысының орынбасары Омар Айтқазин.
Денсаулығы жақсы болғаны әскерге дайын дегенді білдірмейді. Осы жылы комиссия талаптарды күшейтті. Мәселен, ірі көлемдегі несие қарызы бар адам әскерге жіберілмейді. Сонымен қатар, болашақ сарбаз өзінің эмоционалды тұрақтылығын дәлелдеуі қажет. 1 сәуірдегі шақырту басталғалы бері 150 адамның үшеуі полиграфтағы тексерістен, екеуі компьютерлік психологиялық тесттен өте алмай қалды.
«Біз психологиялық тексерісті екі әдіс бойынша жүргіземіз. Біріншісі, "Болжам-2" деп аталады. Ол жүйке-психологиялық тұрақтылықты тексеруге бағытталған 86 сұрақтан тұрады. Екінші әдіс - бейімделу. 4 түрлі шамамен анықталатын 165 сұрақ қойылады. Ол мынадай төрт шама: жеке-бейімделушілік потенциал, жүйке-психологиялық тұрақтылық, моральдық нормативтілік пен коммуникативті қабілеттер», - дейді қорғаныс істері жөніндегі Департаменттің психологы Зухра Көбекова.
Барлық тестілеу мен тексерістерден сәтті өткен жігіттер жақын арада Ақтаудағы шекаралық әскерге аттанады. Ол жерде бір жыл қызмет ететін болады.