Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Базалық табысты дұрыс ұйымдастыру

Базалық табысты дұрыс ұйымдастыру

Шартсыз базалық табыс (UBI) схемалары осы күндері ел арасында қызу талқыланып жатыр. Әрине, жұмыспен қамтылуына қарамастан елдің барлық заңды тұрғындарын қолма-қол ақшаның стандартты сомасымен қамтамасыз ету идеясы су жаңа емес. Философ Томас Мор он алтыншы ғасырда осы идеяны жақтаған, ал Джон Кеннет Гэлбрейт пен Милтон Фридмен жылдар өте оның басқа да нұсқаларын ұсынған.

Бірақ соңғы уақытта бұл идея бүгінгі технологиялардан орын алған экономикалық мәселелерді шешетін құрал ретінде талқыланып жатыр. Ал бұл, шын мәнінде, дұрыс шешім бола ма?

UBI ұсынысының үш негізгі ерекшеліктері бар: ол барлық азаматтарды негізгі әлеуметтік «бастамамен» қамтамасыз етеді; ол адамға бұл қолдауды пайдалану жолын таңдауға мүмкіндік береді; және ол көптеген әлеуметтік қолдау бағдарламалары тәуелді болған бюрократияны оңтайландыруға көмектесе алады. UBI толықтай «портативті» бола алады, сол арқылы, ол жиі жұмыс орындарын өзгертетін, әлеуметтік сақтандыру бойынша ұзақ мерзімді жұмыс берушге тәуелді болғысы келмейтін, немесе өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарға көмектесе алады.

UBI-ні кедейшілікті шектеу құралы ретінде қарастырып, көптеген солшыл жақтағылар оны өз бағдарламасына қосыпалған. Ал көптеген либертариандықтарға оның алушыларға ақшаны жұмсау жолдарын еркін таңдауға мүмкіндік беретіні, тіпті осылай жасауды талап ететіні ұнайды. Өте бай адамдарда кейде осы идеяны қолдап жатады, себебі бұл олардың төлеген салықтары тиімді жолмен кедейшілікті мүлдем жоюға үлес қосып және бұлайша ұйқысының тыныш болуын қамтамасыз етеді.

UBI тұжырымдамасы, сондай-ақ, қазір кедей адамдарға берілетін заттай көмекті жартылай болса да экономикалық дамумен ауыстыруды көздейтін адамдарға да ұнайды. Қазірдің өзінде, Латын Америкасында, түрлі жергілікті әлеуметтік бағдарламаларда UBI идеясының элементтері бар, бірақ олар кедей тұрғындарға бағытталған және олардың балалары мектепке баруларын талап ету тәрізді белгілі бір шарттары бар.

Бірақ UBI толық жүзеге асыру қиын болар еді, себебі ол мақсаттар мен басымдықтар туралы бірқатар кешенді сұрақтарға жауапты талап етері анық. Бәлкім, ең айқын теңгеру ісі іс жүзінде әр азаматтың (немесе заңды резиденттің) алатын ақшасына байланысты болар.

Америка Құрама Штаттары мен Еуропада, айталық, жылына 2,000 долларға тең UBI қолданыстағы әлеуметтік-әл-ауқат бағдарламаларына қосылса да, тек кедейшілікті біраз ғана жеңілдетуді қоспағанда, көп әсер ете алмас еді. 10,000 долларға тең UBI айтарлықтай айырмашылық жасай алар еді; бірақ бұл табысты алатын адам санына байланысты, себебі ол ЖІӨ-нің 10% немесе 15%-на тең болар еді, ал бұл қолданыстағы әлеуметтік бағдарламаларға қоса келіп, үлкен фискалдық шығынға апарады.

Тіпті салық түсімдерінің айтарлықтай өсуімен қатар болса да, осындай жоғары базалық табысты үлестіру қаржылай жүзеге асырылуы үшін, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және тұрғын үй бойынша кейбір қолданыстағы мемлекеттік шығыстардың біртіндеп қысқартуына апарады. Сайып келгенде, қабылданатын жүйе нысаны бұл компоненттердің қалай теңдестірілгеніне байланысты болады.

Сандық технологиялар арқылы өзгеріп жатқан бүгінгі еңбек нарығында, базалық табыстың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі мобильділік болып табылады. Шынында да, еңбек нарығының икемділігін талап ете отырып, технологиялық ақауларға тұрақты бейімделуі қажеттігіне тап болатын жұмысшылардың үздіксіз әлеуметтік кепілдікке арқа сүйеуін қамтамасыз етпеу, қызметкерлер емес, тек жұмыс берушілер ғана бар икемділікке ие болатын біржақты әлемді қолдаумен бірдей.

Жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін қазіргі заманда бірдей икемді еңбек нарықтарын жасау портативтілік және еркін таңдау сияқты UBI-дің елеулі ерекшеліктері болуын талап етеді. Бірақ тек ең шеткі либертариандықтар ғана ақша қандай да бір саяси нұсқаусыз берілуі тиіс деп дауласар еді. Жәрдемақыны пайдалану үшін нұсқаулықтар белгіленген қосымша әлеуметтік саясатты жасау да дұрыс болар еді.

Мұнда, Францияда пайда болған ұсыныс дұрыс бағыттағы қадам болып табылады. Ондағы идея әрбір азаматқа ішінара өтелетін «ұпайлар» бар жеке әлеуметтік шот ашу. Мұндай шоттар олардың иелері оқу, жұмыс жасау, немесе мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлерiн жүзеге асыру арқылы оларға елеулі қоғамдық үлесін толықтыра алатын жинақ шоты тәрізді қолданылады. Шоттағы қаражат керек кезде алына алады, әсіресе оқу немесе қайта оқып, жаңа машықтарды игеру тәрізді мақсатта, бірақ алуға болатын сома алдын ала анықталған «бағаларға» сәйкес болып және уақыттың берілген кезеңінде белгілі бір мөлшермен шектелетін болады.

Бұл тәсіл бір жағынан, икемділік және жеке таңдау, ал екінші жағынан жеткілікті әлеуметтік-саяси басқару арасындағы жақсы ымыраға келу сияқты. Мұнда АҚШ-тың әлеуметтік қамтамасыз ету және жеке зейнетақы шоттарының да элементтері бар, сонымен қатар оқыту және қайта даярлау ұстанымы да көрсетілген. Мұндай бағдарламаны неғұрлым икемді зейнеткерлік жүйесімен ұштастыра отырып, осылайша, қазіргі заманғы және жан-жақты әлеуметтік-ынтымақтастық жүйесін де дайындау мүмкін.

Қазіргі таңдағы мәселе, кем дегенде дамыған экономикалар үшін, күштірек және одан да ұтымды әлеуметтік-ынтымақтастық жүйелерін дамыту, жәрдемақыны пайдалануда көбірек жеке таңдау мүмкіндігін жасау және оларды мобильді ету. Тек жеке таңдау және әлеуметтік-саяси басқарудың арасында оң балансты іске асыру арқылы ғана заманауи экономикалар өздеріне қажет әлеуметтік қауіпсіздік бағдарламаларын құра алады.

Автор туралы: Кемал Дервиш, Түркияның бұрынғы экономика министрі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бұрынғы жетекшісі, Brookings Institution вице-президенті.

 

Похожие материалы