Жеке қаражатын тиімді жұмсауды көздеген инвестор үшін брокер қажетті адамның бірі. Брокерді таңдау талаптары қандай? Өз капиталыңызды біреуге сеніп тапсырмас бұрын неге мән беру керек? Бұл жөнінде 7kun.kz түсіндіреді.
Брокер деген кім?
Егер жалпы айтатын болсақ брокер – биржада клиенттің бұйрығын орындайтын делдал.
Жалпы Қазақстан бойынша брокерлік компаниялардың саны - 100-ге жуық. Ал Қазақстан Қор биржасының (KASE) құрамында 50 аса мүшесі бар. Ресейде бұл көрсеткіш 300-ге, АҚШ-та 1000-нан асады. Ал әдетте біз бір нәрсеге таңдау жасағанда досымыздан немесе танысымыздан кеңес сұраймыз. Әрине, нақты кеңес бере алатын сарапшы да болған жөн. Алайда кейде кейбір мәселелерді жеке өзіңіз шешуге тура келеді.
Алдымен инвестиция салуда бастапқы капиталды яғни қандай сомада ақша салатыныңызды анықтап алған жөн. Осыдан кейін қандай брокер қажет екенін де анықтауға болады. Брокерді таңдауда алдымен маңызды критерийлерді қарастыру қажет.
Сауда капиталының көлемі
Сауда капиталының көлеміне көп нәрсе тәуелді болады. Мысалы инвесторлардың көпшілігі ақша салуды 1000-5000 мың доллардан бастайды. Сондай-ақ, 200 мың долларға дейін ақша салатын ірі инвесторлар да бар. Брокерді таңдау да осыған байланысты.
Ірі көлемдегі қаржыны игеруді қаласаңыз брокерлердің толық қызметіне (full service broker) жүгінген жөн. Мұндай қызметтерді брокерлік компаниялар ұсынады және жеке менеджер қызмет етеді. Ол сіздің бұйрықтарыңызды орындап қана қоймай, құнды қағаздарды салыстырып, оған сараптама жасап, таңдайды және негізгі қызметті өз қолына алады.
Дегенмен жеке инвестор болсаңыз мұндай қызмет түріне де аз ақша жұмсамайтыныңыз белгілі. Сондықтан интернет арқылы қаржыны инвестициялауға болатын интернет брокерлерге назар аударамыз. Олар сіздің келісіміңіз бойынша шешім қабылдамайды және консультациялық қызмет көрсетпейді. Олар тек операция жүргізіп, тиісінше комиссия алады. Алайда интернеттегінің бәріне сенуге болмайтынын тағы ескерген жөн. Сондықтан оның лицензиясы бар жоғын тексеріп, олар туралы бірнеше анықтамаларды білген жөн.
Брокерлік шот ашу
Брокерлік шот ашуға бір күн уақыт кетеді. Брокерлік қызмет үшін алынатын комиссияға 500 теңгеден 5000 теңгеге дейін төлеуге болады.
Жоғарыда айтып кеткендей, шотты компания кеңсесінде немесе интернет арқылы ашуға мүмкіндік бар. Мұндай қызметті Asyl Invest, BCC Invest, Freedom Finance, Halyk Finance сияқты компаниялар ұсынады. Шотты қашықтықтан ашу үшін электронды сандық таңба қажет.
Сондай-ақ, брокерлік шот ашуда жеке тұлғалар үшін - жеке куәлік (немесе төлқұжат); заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің және статистикалық карточканың көшірмелері (резиденттер үшін); нотариалды куәландырылған уәкілетті тұлғалардың қолтаңбаларының үлгілері бар карточкалары болуы керек.
Брокерлік компаниялардың KASE-де келісім жасағаны үшін алатын комиссия көлемі
KASE арқылы акциялардды сату және сатып алу жұмыстарын электронды сауда платформасы (ЭСП) немесе компания кеңсесінде жүзеге асыруға болады.
Asyl Invest-те ЭСП арқылы 200 мың теңге көлеміндегі бір ғана транзакцияны жүзеге асыру комиссиясы 1000 теңге немесе 200 мыңнан жоғары болатын болса жалпы көлемі 0,025%, бірақ 1500 теңгеден кем емес. Ал қағаз нұсқасы арқылы компания кеңсесінде келісім жасалса комисся құны 3 АЕК құрайды (1 АЕК - 2121 теңге)
Halyk Finance-та акцияларды ЭСП арқылы сату және сатып алу келісім құнының 0,04%-ын құрайды. Ал қағаз нұсқасы бойынша сату және сатып алу үшін алынатын комиссия келісім құнының 0,10%-ын құрайды, 5000 теңгеден кем емес.
Freedom Finance-та келісім аяқталғаннан кейін акция құны 200 мың теңгені құраған жағдайда алынатын комиссия көлемі 0,2% немесе 400 теңге. Ал BCC Invest-те акцияларды ЕСП арқылы сату және сатып алуда алынатын комиссия - 1 АЕК, кеңседегі транзкция - 2 АЕК.
Брокерге сенімділік
Брокерге сенімділік - басты талаптардың бірі. Брокерлік компанияның ірі болуы оның сенімді екенін білдірмейді. Кейде ондыққа кіретін кейбір ірі компанияларда да шатасулар болып жатады. Сондықтан жеке инвесторлық қызметті немесе акионерлік қызметті жаңадан бастап жатқан тұлға үшін брокер таңдау оңай емес.
Брокерге сенімді болудың бір алғышарты - сақтандыру. Сенімді брокер сақтандыру компанияларын өзіне тартып, инвестордың шотын сақтандыра алады. Бұл әрине қосымша шығын болуы мүмкін. Дегенмен брокерге сенімділікті арттыра түседі.
Сондай-ақ, сенімділіктің тағы бір белгісі - брокерлік компания қызметінің ашық және айқын болуы. Компанияның ұжымдық сайтында барлық ақпараттың ашық көрсетілуі. Сайтта қызметкерлер, жоғарғы қызмет өкілдері және соңғы уақытта атқарған қызметтері туралы ақпарат толық жарияланып тұрғаны жөн. Бұл өзіңіз таңдаған брокердің сенімді өкіл екенін дәлелдей түседі.
Жалпы, сауатты, білікті брокер сіздің акцияларыңыздың құнын түсірмей табысыңызды еселеуге септігін тигізеді. Сондықтан жоғарыда атап өткендей, брокерлік қызмет ұсынған компанияңыздың немесе жеке тұлғаның қор нарығында жұмыс жасауы үшін лицензиясы барын білуіңіз керек. Екіншіден, брокердің биржалық алаңдардағы қызметі қандай екенін анықтап алу өте маңызды. Үшіншіден, брокердің тарифтік ұсыныстарын оқып білу керек. Кейбір компанияларда тарифтің құрамына барлық комиссиялар кіреді. Ал енді кейбірінде саудалық жүйені қолданғаны үшін айлық төлемдер қосылмайды. Осындай басты мәселелерді шешіп алған соң өзіңіз таңдаған брокермен өзара бірлесіп жұмыс істей бастайсыз.
Брокермен жұмыс
Инвестор-брокер-қор нарығы өзара байланысты нығайту арқылы сауданы қыздырады. Бұл процесте әркімнің өз тапсырмасы, өзіндік мақсаттары бар. Инвестордың мақсаты - қағаз мәселелеріне араласпай уақытын үнемдеу. Ол үшін барлық жұмысты оған брокер істейді. Инвесторға тек пайда түсіру үшін қандай құнды қағазды қашан сатып алғысы келетінін нақты біліп отырғаны керек. Брокер әрбір жүзеге асқан мәміледегі қызметі үшін ақысын (комиссия) алып отырады. Сондықтан брокер үшін сіздің биржада жақсы сауда жасағаныңыз маңызды. Себебі сіздің саудаңыз көтерілген сайын брокердің ақысы да жоғарлайды.
Маржан НҮСІПБЕК "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024