Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

БЖЗҚ «Нұрбанкті» сотқа беріп, 120,4 млн теңге дивиденд өндіріп алды

БЖЗҚ «Нұрбанкті» сотқа беріп, 120,4 млн теңге дивиденд өндіріп алды
«Нұрбанк» АҚ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 240,8 млн теңге дивиденд төлемей келген. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – «Нұрбанк» АҚ-ның 120 398 артықшылық акциясының иесі. Жыл сайын қор банктен жоғарыда аталған артықшылық акциялары бойынша 120 398 000 теңге мөлшерінде, яғни 1000 теңге/1 артықшылықты акция есебінен дивидендтер (инвестициялық кіріс) алып отырды. Алайда 2023 жылы банк қорға 2022 жылға дивиденд төлеген жоқ.

Оған себеп ретінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің № 21 қаулысы шеңберінде көзделген дивидендтер төлеу жөніндегі шектеу шарттарын алға тартты. Өйткені, банк Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағдарламасының қатысушысы, – делінген агенттік жолдаған сауалдың жауабында.

Осы орайда қор банкті сотқа берген және банктің қор алдындағы дивидендтер бойынша берешегі 240,8 млн теңге, одан бөлек қор 25,8 млн теңге тұрақсыздық айыбын талап етті. Сот талқылауы былтыр қарашадан биыл ақпанға дейін жалғасты, сот шешімі 5 ақпанда шықты.

– Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қордың талабын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының № 21 қаулысына сай дивидендтер төлеу бойынша шектеу шарттарының болуына байланысты ішінара қанағаттандырды. Сот «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» пайдасына 2022 жылғы дивидендтер сомасын толық мөлшерде, шамамен 120,4 млн теңге көлемінде өндіріп берді. Талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартты, – деп хабарлады қордан.

 Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, «Нұрбанк» АҚ-дан «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының пайдасына өндіріп алынған артықшылыққа ие акциялар бойынша 120 398 000 теңге мөлшеріндегі дивидендтер кіріс ретінде танылып, салымшылардың шоттарына есептеледі, – деп түсіндірілген ресми мәлімдемеде.

Ұқсас материалдар