Нұр-Сұлтан. 25 мамыр. 7kun.kz – Cоңғы айларда ұлттық валютаға интервенция арқылы қолдау жасалмады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров теңгенің долларға қатысты нығаюына пікір білдірді, деп хабарлайды 7kun.kz.
25 мамырдағы жағдай бойынша Ұлттық Банк белгілеген доллардың ресми бағамы 416,91 теңге, ал шетел валютасы бір айда 31,5 теңгеге арзандады.
«Ұлттық Банк интервенциялары соңғы айларда жүргізілген жоқ. Сәуірде де, мамырда да жасалмады. Қазіргі валюта бағамы нақты», – деді Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, ақпан-наурызда доллар бағамының 500 теңгеге дейін өсуіне бірнеше факторлар әсер етті. Соның ішінде бизнес пен тұрғындар тарапынан сұраныстың күрт артуы.
«Одан кейін жағдай тұрақталды, жағдайдың әлдеқайда жақсы екенін көріп отырмыз. Жағдай тұрақтана бастағанына қарамастан, наурызда бюджетті болжамды нақтылауға кірістік. Бюджеттегі долларды 460 теңгеге дейін көтердік. Төрт айдың қорытындысы бойынша экономика 4,4%-ға өсті», – деді министр.