Нұр-Сұлтан. 13 маусым. 7kun.kz – 9-10 маусымда 64 адам емханаға жүгініп, олардың 52-сі ауруханаға жатқызылды. Барлық науқастар елордадағы суши мейрамханаларының бірінде тамақтанған, деп хабарлайды 7kun.kz.
Жаппай тамақтан улану фактісінің тіркелуіне байланысты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ, аталған дәмханаға жоспардан тыс тексеру тағайындалып, заң бұзушылықтар анықталды.
«Тексеру барысында келесі заң бұзушылықтар анықталды: объектінің мәлімделген жобалық қуатының іс жүзіндегі сәйкессіздігі (50 п. м. дейін хабарлама берілді, іс жүзінде 50 п. м. астам), барлық технологиялық процесс бір ас үйде жүзеге асырылады, цехтық бөлімше (секцияларға бөлу) жоқ, технологиялық процестердің ағымы сақталмаған, кесу жабдықтарын таңбалау, пайдалану және сақтау талаптары сақталмайды, тауар көршілестік принципі сақталмайды. Іріңді және жұқпалы аурулардың бар-жоқтығына персоналды тексеру журналы жүргізілмейді», – делінген Нұр-сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басқармасының хабарламасында.
Бүгінгі таңда 64 науқас медициналық көмекке жүгінді, оның 52-сі ауруханаға жатқызылды, 12-сі амбулаториялық ем алуда.