Ерболат Досаев: Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамын ұстануды жалғастырады
Алматы. 12 наурыз. 7kun.kz – Қазақстан Ұлттық Банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастырады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында «Әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының 2019 жылғы қаңтар-ақпандағы қорытындылары туралы» баяндамамен сөз сөйлеген кезде айтып берді.
Е. Досаев 11 наурыздағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,48 теңге болғанын атап өтті. Ұлттық Банктің валюта нарығындағы нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы ақпанда нөлге тең болды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы сондай-ақ 2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 трлн теңгеге дейін 3,7%-ке өскенін атап өтті. Ұлттық валютамен депозиттер 11,9%-ке өсті. «Көп жағдайда мұндай өсу «Цеснабанк» АҚ-ты қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен депозиттер 5,0%-ке төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 44,4%-ке дейін төмендеді», - деді ол.
Сонымен қатар ол «7-20-25» бағдарламасының 8 банк арқылы жүзеге асырылып жатқандығы туралы айтып берді. «1 наурызда 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданды, 68 млрд теңге сомаға 5 816 өтінім мақұлданды, банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 млрд теңге берді.
«Баспана» ИҰ 13 әкімдікпен Бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау туралы меморандумдар жасасты.
Ұлттық Банк пен «Баспана» ИҰ белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», - деді Е. Досаев.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы 2019 жылғы қаңтарда банктердің активтері 0,1%-ке азайып, 25,2 трлн теңге болғанын атап өтті. «90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 8,1%-ін құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері ағымдағы жылғы қаңтарда 1 080 млрд теңгеге дейін 3,0%-ке өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 5,6%-ке ұлғайып, 548 млрд теңге болды», - деді сөзін қорытындылай келе Е. Досаев.