Экономика
Выбор редактора
Фермерлерді орынсыз талапты орындауға міндеттеген
Шаруа қожалықтарының басшылары Ауыл шаруашылығы басқармасының әрекеттеріне шағымданды. Мемлекеттік орган кәсіпкерлерді технологиялық карта жасауға міндеттегені белгілі болған.
20 жыл бойы соя өсірумен айналысатын «Нива» шаруа қожалығының басшысы Александр Авдеевтің айтуынша, жақында Ауыл шаруашылығы басқармасы кенеттен одан және бірнеше шаруа қожалығынан технологиялық карта даярлауды «сұраған». Мұндай «қатаң» өтінішті басқарма қызметкерлері көзбе көз де, телефон арқылы да жеткізген. Ал статистикалық деректерді мемлекеттік орган басқа мемлекеттік органның тапсырысымен жинай бастаған. «Біздің бұған қатысымыз қанша?», – деп түсінбей отыр фермерлер. Технологиялық карта – бұл орындалатын технологиялық операциялардың бірізділігін көрсететін кесте екенін айта кету керек. Бұл карталарда олардың сипаттамалары көрсетіледі (мәселен, қосылатын тыңайтқыштар мөлшері, айдалған жердің тереңдігі, қолданылатын машиналар, жұмыстардың орындалу мерзімі). Яғни, Александр Авдеевтің шаруа қожалығы шаруашылықтағы дақыл өсіру технологияларының толық сипатын ұсынуы тиіс еді. «Технологиялық карта – маңызы зор құжат. Бірақ бізде технологиялық операцияларды есепке алатын нормативті-құқықтық нормалар мен әдіснама жоқ. Басқарма бізді деректерді ойдан шығаруға итермелеп отыр. Бұл әрекетімізбен біз адамдарда ауыл шаруашылығы туралы бұрыс пікір қалыптастырамыз», – деді фермер.
Алайда, технологиялық картаны жасау басқарма мамандарының ісі екені белгілі болды. Өз міндеттерінің бизнес өкілдеріне неліктен жүктелгені туралы олар түсіндіріп бере алмады. Заң бойынша кәсіпкер бұл құжатты жасауға тиіс емес, бұл орган әрекетінің заңсыз екенін растайды. Прокуратура өкілі де бизнесмендер ұстанымын қолдап, ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары әрекетінің заңсыз екенін айтып отыр. Палата сарапшысы Әділет Сұлтанбектің айтуынша, кәсіпкерлердің дер кезінде жүгінуі проблеманы жедел түрде шешуге мүмкіндік берді.
«Басқарманың әкімшілік ресурстары бар. Жағдайға баға берсек, олар статистикалық деректерді жүргізу міндеттерін кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына жүктегісі келгендері айдан анық. Әркім өзіне жүктелген істі атқаруы керек. Кәсіпкерлер – бизнесін дамытуы керек, басқарма – есеп пен статистика жүргізуі керек. Бұл жағдай қайталанып, қалыпты құбылысқа айналмауы тиіс», – деді сарапшы.
Фермерлердің шағымынан соң, облыстық прокуратура мемлекеттік органдармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.