ForteBank Home Credit Bank-тің қалған акцияларын толық сатып алып, енді банктің капиталының 100%-ына ие болды.
Бұған дейін ForteBank-тің үлесі 75% болса, енді ол 100%-ға жетті. Бұл туралы банк 30 желтоқсанда ресми түрде хабарлады.
ForteBank басқарма төрағасы Талғат Қуанышевтың айтуынша, мәміленің аяқталуы банктің ұзақ мерзімді стратегиясындағы маңызды қадам саналады.
«Home Credit Bank-ті толық сатып алу – біздің нарықтағы позициямызды күшейтіп, тұрақтылықты арттырады және клиенттердің мүддесі үшін жаңа өсу мүмкіндіктерін ашады», – деді ол хабарламада.
Банк өкілдері Home Credit Bank клиенттері үшін қызметтердің бұрынғыдай жұмыс істейтінін, барлық келісімшарттар мен міндеттемелер өз күшінде қалатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, ForteBank Home Credit Bank акцияларын толық сатып алу туралы алдын ала келісімді 2025 жылдың 27 маусымында жариялаған болатын. Сол уақыттан бері Home Credit акция құрылымы оңтайландырылды: чехиялық бизнесмен Иржи Шмейц миноритарий үлестерін сатып алып, өз үлесін 90,1%-ға дейін арттырды, ал 9,9% PPF Financial Holdings-ке тиесілі болды.
2025 жылдың 12 қыркүйегінде реттеуші орган АРРФР ForteBank-ке Home Credit Bank-тің ірі қатысушысы болуға және банктік холдинг мәртебесін алуға рұқсат берді.
ForteBank-тің негізгі акционері – бизнесмен Болат Өтемұратов. 2025 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, оның банк капиталыдағы үлесі 91,1%. Forbes дерегінше, Өтемұратов 2025 жылы Қазақстандағы ең бай адамдардың ішінде алтыншы орында, оның байлығы шамамен 3,7 млрд доллар деп бағаланады.





