Германияның ағымдағы шот профициті рекордтық 270 миллиард еуроға (285 миллиард доллар), немесе ЖІӨ-нің 8,7 пайызына жақындағанда экономикалық модельге қатысты пікірталас қайта қарқын алды. Еуроаймақ саясаткерлері мен АҚШ әкімшілігі бір-бірін экономикалық теңсіздік үшін айыптап жатыр, екі жақ та бар кінәні еуроға артып келеді.
Өз кезегінде Трамп әкімшілігі Германияны «экспортын шектен асырды», «еуромен манипуляция жасады» деп айыптады. Шындығында Германияның саудадағы профицитінің еуроға еш қатысы жоқ, тек саясаттағы басқа қателіктердің барлығын жасырып-жабу үшін еуроға арта салу оңай.
Соңғы сыни пікірлер легіне қараған немістердің көбі «басқалар Германияның жетістігін қызғанып жүр» деп топшылайды, оның үстіне «Германия өзіне әділетсіз түрде басымдық алып алды» деген пікірлерге шамданады. Олардың айтуынша, Германия баға демпингімен, экспортты тікелей қолдаумен айналысып отырған жоқ, ел басшылары еуроны нысанаға алған жоқ.
Керісінше, ортақ валюта қабылданғанға дейін Германия ондаған жылдар бойы неміс маркасын күшейту саясатын ұстанды, себебі олар валюта курсына ғана сеніп отырмай, отандық экспортшылардың инновация арқылы бәсекеге қабілеттерін арттырғанын қалады. Бұл – Германияның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық моделінің басты өзегі болды, әрі ондағы «экономикалық ғажайыптың» (Wirtschaftswunder) сыры осында еді.
Германияның сауда балансын сынаушылар үш мәселеде қателеседі. Біріншіден, жұрттың көбі Германияның сауда балансын валюта бағамының көмегімен жүйелі түрде басқарып отыруға болады деп санайды. Ғаламдық өндіріс тізбегінің арқасында өнеркәсіп экспортының біраз бөлігіне импортталған заттар қосылады, демек содан бері валюта бағамы құбылуының ішкі баға мен сауда балансына әсері анағұрлым азайды.
Еуро-доллар айырбас бағамы біршама құбылғанымен (2011 жылғы ең шарықтау кезінде 1 еуро 1,60 АҚШ долларына тең болса, соңғы күндері 1 еуроға 1,04 АҚШ долларын берген), іс жүзінде Германияның АҚШ-пен сауда профициті бәлендей өзгерген жоқ. Германия экспорттағы жетістікке валюта бағамына манипуляция жасау жолымен емес, нарықтағы күшті позициясымен және өзінің жоғары сапалы өндіріс алыптарының бағаға әсер ету әлеуетінің арқасында жетті.
Екінші қателік – саясаткерлер мен орталық банктер айырбас бағамын өз еркімен белгілей алады деген жаңсақ пікір. Ең дамыған экономикаларда валютаның айырбас бағамы жарлықпен бекітілмейді, ол шынайы экономика мен қаржылық жүйенің жалпы жағдайына қарай өздігінен қалыптасады. Валюта нарығы тікелей интервенция жасап, үлкен тәуекелге баратындай емес, тым терең дүние. Швейцария Ұлттық банкі осыдан бірнеше жыл бұрын франктың тым күшеюін болдырмауға тырысқанда осыны жақсы түсінген. АҚШ Қазынашылығы валюта нарығына интервенция жасауды 1990-жылдары тоқтатқан, Еуропа Орталық банкті 2000 жылы бір мәрте, аз ғана уақытқа интервенция жасап көрген.
АҚШ Федералдық резерві мен Еуропа Орталық банкі өз валюталарын арзандату үшін ерекше шаралар қолданып жатыр деп айып тағатындар айырбас бағамын өзгерту ішкі инфляцияға, экспорт пен өсім көлеміне тек қысқа уақыт қана шектеулі әсерін тигізе алатынын ескермейді. Екі орталық банк те айырбас бағамына қатысты белгілі-белгісіз мақсаттарға емес, өз мандаттарына сүйеніп шешім қабылдайды.
Көбіне пікірталастың Германия жақ тарабына қарата айтылатын үшінші жаңсақ пікір – елдің ағымдағы есеп-шот балансы оның экспортының бәсекеге қабілетін айғақтайды деген тұжырым. Шын мәнісінде, елдің сыртқы сауда балансы оның өз қалауына, қорына және инвестициялық шешімдеріне байланысты болады. Германияның демографиясы сияқты басты нәрселер елдің ағымдағы шоты профицитінің отыз пайызын, бәлкім үштен бірін ғана құрауы мүмкін.
Аталған үш жаңсақ пікірден түсінгеніміздей, Германияның сыртқы профицитіне қатысты пікірлер еуроның айырбас бағамына не Германияның экспортына байланысты болмауы керек. Еуро өте әлсіз емес, Германия экспорты тым аспандап кеткен жоқ. Керісінше, инвестициялық олқылықтың кесірінен Германияның импорты тым төмен.
Өнеркәсібі дамыған елдердің ішінде Германия – мемлекеттік инвестиция көлемі ең аз елдердің бірі. Мемлекеттік инвестицияның жартысына жауап беретін аймақтарда 136 миллиард еуроның (ЖІӨ-нің 4,5 пайызы) инвестициялық жобасы жүзеге аспай жатыр. Германиядағы мектептерді жөндеудің өзіне ғана 35 миллиард еуро қажет. Ал Германия компанияларының көбі шетелге инвестиция салуды қалағандықтан, елдің акционерлік капиталы да әлсіреген.
Бұл – саясаттағы кемшіліктің, мәселен, саудаласа алмайтын қызмет көрсету саласындағы протекционистік ұстанымның кесірі. Халықаралық валюта қоры да, Еуропа комиссиясы да, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да (OECD) Германияны қызмет көрсету саласын реттеуді доғарып, амбициясын азайтып, бәсекені арттыруға шақырумен келеді. Бірақ, қазіргі жағдайда Германияның экспорт саласында жалақы да, өнімділік те, инвестиция да жоғары, ал саудаға түспейтін қызмет көрсету саласында бұл өте төмен.
Сондықтан, Германияның ағымдағы шоты туралы пікір таластырушылар ең алдымен елдің қызмет көрсету саласын босаңсытып, инвестиция тосқауылдарын азайту жайын ойластыруы керек. Өз тарапынан Германия сандық және транспорттық инфрақұрылымын жақсартып, қалпына келетін энергетиканы дамытудың нарықтық механизмдерін күшейтіп, білікті мамандардың жетіспеушілігін азайтып, инвестицияны арттыру үшін салық жүйесін өзгертіп, түсініспестікті азайту мақсатында ережелерін реформалау керек.
Германия – Еуропадағы және әлемдегі аса маңызды саяси әрі экономикалық держава. Германияның ағымды шотының профициті туралы осы кезге дейінгі пікірталастар нәтижесіз болды. Германияның экспорт саласындағы жетістігі туралы, оның валюта бағамын манипуляциялауы туралы айыптаулардың барлығы жаңсақ. Германия профицитін төмендетіп, сол арқылы көзге көрінбей жатқан экономикалық теңсіздікті жойса, ол өзінің де, басқаның да мүддесіне қызмет ете алады.
Автор туралы: Марсель Фратшер – Еуропа Орталық банкінің бұрынғы менеджері, DIW Berlin зерттеу орталығының президенті, Берлиндегі Гумбольд университетінің макроэкономика және қаржы профессоры.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024