БУДАПЕШТ – АҚШ президенті Дональд Трамп пен Польшаның де-факто лидері Ярослав Качиньский сияқты популистер, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин сияқты автократтар Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның «иллиберал демократия» ұранын ғана қолдап жүрген жоқ. Бұлар, сондай-ақ, «иллиберал капитализмге» де бас ұрып отыр.
Сонда, «иллиберал капитализм» деген не, және ол иллиберал демократиямен қалай қабысады? Біріншіден, националист ретінде Трамп, Качиньский, Ердоған, Путин және Орбан нарықтық экономиканы динамизмді, тиімділікті, әл-ауқатты және әр адамның еркіндігін арттыратын мүмкіндік деп емес, мемлекеттің билігін нығайтатын құрал ретінде қарастырады.
Тарихи тұрғыдан қарасақ, авторитарлық оңшыл саяси ойлардың ішінде нарық пен мемлекеттің қарым-қатынасына қатысты түрлі бағыттар болған. Бір жағында нацистер жеке меншікті, табыс жөнінен үлкен теңсіздікті сақтай отырып, бұйрық экономикасын қалыптастырды. Ал екінші бір жағында ХХ ғасырдың басындағы Еуропа пен АҚШ-тың дарвинистері ішкі нарықты еш шектемей, еркіне қоя беруге шақырды, олардың айтуынша, бұл жағдайда «күштілер» ғана қалады да, бұдан ел нығайая түседі.
Бүгінде иллиберал капитализмнің бір жақ қиырында Ресей отыр. Путин Совет одағының күйреуін негізінен экономикалық сәтсіздік деп санайды және Батыс санкцияларына Ресей экономикасы жеке меншік пен нарықтың арқасында ғана төтеп бере алады деп есептейді. Бұған қоса ол жеке меншік құқықтары Ресейдің «қауіпсіздігінің» қажеттілігімен салыстырғанда төменірек тұрады деп санайды, яғни оның ойынша, меншікке ие болудың өзі – шартты нәрсе.
КГБ-ның бұрынғы офицері ретінде Путин өз азаматтарының тек Ресейдегі ғана емес, шетелдегі жеке активтеріне Ресей мемлекетінің «толық меншік құқығы бар» деп есептейді. Ресей олигархтары мен халықаралық деңгейде жұмыс істейтін компаниялар (мәселен, Трамп ұйымымен әрекеттескен компаниялар) – Ресей сыртқы саясатының ықтимал құралдары.
Гитлердің «большевиктер өнім өндіруді мемлекет меншігіне алса, нацистер одан да әрі кетіп, адамдардың өздерін мемлекет меншігіне алды» деген еді. Путиннің капиталистер мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас туралы түсінігі осыған ұқсас (тіпті одан асып кетеді), оның ойынша, Ресейдің ең бай деген олигархтардың өздері мемлекеттің құлы саналады.
Ресейдің тым орталықтандырылған меншік құрылымына сәйкес, Кремльдің байлықты бақылауы – саяси бақылаудың синонимі. Миллиондаған буржуазия өкілдерін бақылаудың орнына, мемлекет үркердей ғана олигархты құрықтап ұстау үшін құпия полицияны пайдалана алады.
Бүгінгі иллиберал капитализмнің келесі бір ұшында Трамп тұр. Ол табыстың теңсіздігі бойынша Путинмен шамалас жағдайда тұрғанымен, ол сияқты мемлекетті белгілі бір бизнесмендер үшін қызмет етуге мәжбүрлей қойған жоқ (өз бизнесінен басқа). Нәтижесінде, атқарушы билік тізгінін пайдаланып, оның әкімшілігі АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама ұсынған ережелердің көбін өзгертіп жатыр.
Дегенмен, Трамптың еркін нарықты қолдау саясатында қалыптан тыс нәрселер бар. Ол протекционизм мен арзан ақшаны қолдайды, бәлкім, мұның себебі – бұл позиция оның ең басты электораты – жұмысшы табына қатты ұнайды.
Егер Трамп протекционизм соқпағымен жүре беретін болса, АҚШ-тың сауда әріптестері оның түп қазығын нысанаға алып, қарымта қайтара бастайды, мәселен жақында Еуропа одағы Кентукки бурбонына тариф енгіземіз деп қорқытты. Осындай қауіп болғандықтан, Трамп ақ нәсілді жұмысшы тапқа соққы беретін нарықтық шаралардан аяғын тартып, экономикалық популизмнің тізгінін тарта бастайтын шығар.
Түркияда Ердоған Анатолиядағы діндар саудагерлердің қорғаушысы ретінде 2003 жылы биікке келді. Түркияның билік элитасындағы кемалист мемлекетшілдерге қарсы шыққан ол нарыққа реформа жасауды ұсынды, Түркияның демократиялық институттарын қолдау арқылы ол өзін Еуроодаққа қосылу процесін қуаттайтын басшы ретінде көрсетті.
Саяси мақсаттарына жетіп алған соң Ердоған демократия жөніндегі міндеттемелерін ұмытып кетті. Дегенмен, нарықтық капитализмнің де жайы сондай бола ма, жоқ па, ол жағын байқау керек. Тіпті билікке алғаш келген кезде де Ердоған еркін нарықты қолдай отырып, қиялдағы экономикалық конспирациялар туралы айтатын. Егер ол мемлекетшілдікке қайтып оралатын сыңай танытса, Түркияның кәсіпкерлер табы оған қарай бет бұруы мүмкін.
Венгрияда Орбанның капитализмге қатысты ұстанымы анағұрлым күрделі болды. Батыста оны көбіне «популист» деп атағанымен, оның көзқарасы әлеуметтік дарвинизм мен ұлтшылдықтың қосындысы іспетті. Бір жағынан, ол байларды қолдап, бірыңғай табыс салығын және табысы жоғары отбасылардың дегенін орындап, балалы отбасыларға салық жеңілдігін енгізді. Екінші жағынан ол Путин сияқты «үзеңгілес» олигархтар тобын құрды, бұлар венгер ақпарат құралдарын қадағалау арқылы оның билікті сақтап қалуына жәрдемдесіп отыр.
Иллиберал капиталистердің ішіндегі экономикалық тұрғыдан ең популист саясаткер – Качиньский. Ол басында әлеуметтік дарвинист сияқты бастап, балалы отбасыларға салық жеңілдігін енгізді (мұнысы Орбанға үлгі болды). Өзі басқаратын «Заң және әділет» партиясы 2015 жылы билікке қайтып келгеннен соң Качиньский әр отбасындағы екінші баладан бастап әр балаға 115 еуродан (138 доллар) ай сайын жәрдемақы төлей бастады.
Оның үстіне, Качиньский барлық зейнеткерлердің зейнетақысын емес, төменгі зейнетақыны ғана көтеруді, зейнетке шығудың шекті жасын төмендетуді ұсынды. Бұл жалпы зейнетақы жүйесінің өміршеңдігіне кері әсер етсе де, ауылдық жерде тұратын, табысы аз отбасылардың қолайына жақты. Сауда мәселесіне келгенде, Качиньскийдің үкіметі Польшаның мүдделеріне қарсы бағытталған протекционизмге аттандап қарсы тұрады. Мәселен, Франция президенті Эммануэль Макронның арнайы жіберілген жұмысшылардың режимін өзгерту туралы ұсынысына реакция сондай болды.
Иллиберал капитализмнің бүгінгі мысалдарына қарасақ, мұнда шектен тыс теңсіздікті қолдайтындар мен табысты толық бөлісуді жақтайтындарды, шектен тыс мемлекетшілдік пен нарықты қайта реттеуді қолдайтындарды, яғни түрлі ұстанымдарды көруге болады. Барлығы протекционизмге қарай ойысып бара жатқаны болмаса, олардың арасында ортақ нәрсе аз. Бірақ, әр үкіметтің экономикалық саясатынан гөрі саяси бағыты әсіресе маңызды болып тұр.
Аты аталған бес лидердің де өз елдеріндегі сот билігінің тәуелсіздігіне қарсы шығуы – кездейсоқтық емес. Десе де, Трамптың туиттері мен Качиньский партиясының жазда сот жүйесін реформалаймыз деп бастап, кібіртіктеп қалған ұсыныстарына қарағанда, Путин мен Ердоғанның репрессиялары әлдеқайда нәтижелі болды. Бірақ, барлық жағдайда да тәуелсіз судьялар бәсекелес күш иелері деп саналды.
Саясат алдымен жүрсе, заңды бір адамның астына жығып беруге құштарлық туып тұрады. Бірақ, заң үстемдігі болмаған жерде бизнес өкілдері келісім-шарттар мен жеке меншік құқығы сақталатынына немесе даулар тәуелсіз түрде шешілетініне сенбейді, сондықтан экономика ұзақ мерзімде дами алмайды. Сондықтан, саясатты алға қоятын иллиберал демократтар өз елдерінің әл-ауқаты мен күш-қуатын, ақыр соңында өздерінің легитимділігін таразыға салып отыр.
Автор туралы: Яцек Ростовский – 2007-2013 жылдардағы Польшаның Қаржы министрі және премьер-министрінің орынбасары.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024