2026 жылғы 31 қаңтардан бастап ипотекалық несиені өтеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелері жаңартылды.
Бұл туралы Fingramota.kz хабарлады. Жаңа тәртіпке сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатын бұрынғыдай тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы толық немесе ішінара өтеуге, жалға берілетін баспана алуға және Отбасы банк депозитін толықтыруға пайдалануға болады.
Алайда негізгі өзгеріс Отбасы банкіндегі ипотеканы өтеу тәртібіне қатысты. Енді зейнетақы жинақтары тек негізгі қарызды өтеуге ғана бағытталады. Бұрын ай сайынғы төлемнің ішінде пайыздарды да жабуға мүмкіндік болса, енді пайыздар, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.
Мысалы, ай сайынғы төлем 74 825 теңге болса, оның ішінде 6 175 теңге – пайыздар, ал 65 699 теңге – негізгі қарыз. Жаңа тәртіп бойынша:
-
қарыз алушы пайыздарды өзі төлейді;
-
зейнетақы қаражаты тек негізгі қарызды азайтуға жұмсалады;
-
артық қаражат болса, ол несие сомасын қосымша қысқартады.
Бұл өзгеріс жалпы қарыздың тезірек азаюына мүмкіндік бергенімен, пайыздық міндеттемелерді бөлек төлеуді талап етеді.
Сонымен қатар басқа банктердегі ипотекалық қарыздарды зейнетақы қаражаты есебінен өтеу тәртібі өзгеріссіз қалды.
Мамандардың айтуынша, қарыз алушылар қаласа, банкке өтініш беріп, төлем қабілеттілігін растау арқылы кредит мерзімін қысқарта алады. Бірақ бұл жағдайда ай сайынғы төлем мөлшері артуы мүмкін.
Тағы бір жаңалық – зейнетақы қаражатын тұрғын үй мақсатында пайдалану кезінде 10% табыс салығы алынбайды. Ал емделуге пайдалану мүмкіндігі уақытша тоқтатылған.
Өтініштерді қарау бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен банк өтінімді екі жұмыс күні ішінде тексеріп, оны БЖЗҚ-ға жібереді. Қор өтінімді бес жұмыс күні ішінде қарап, қаражатты аударады. Осылайша, жалпы рәсімдеу мерзімі шамамен жеті жұмыс күніне дейін созылады.
Сарапшылар мәміле жасау немесе ипотеканы мерзімінен бұрын өтеу кезінде осы мерзімдерді алдын ала ескеруді ұсынады.





