
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Құжаттың мақсаты – Астана жастарының қаржылық сауаттылығын арттыру. Тараптар бірлескен дәрістер, семинарлар, вебинарлар өткізіп, ғылыми-білім беру жобаларын қолдауға уағдаласты.
Бағдарлама аясында жеке қаржыны басқару, шығыстарды жоспарлау, жинақ пен инвестиция негіздері, кредиттерге жауапкершілікпен қарау және қаржылық қауіпсіздік дағдылары үйретіледі. Fingramota.kz жобасы студенттерге теориялық біліммен қатар практикалық құралдар – отбасы бюджеті мен қаржы өнімдерін дұрыс таңдау, алаяқтықтан қорғану әдістерін ұсынады.
Агенттік бұған дейін де еліміздің жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып келген. Осындай меморандумдарға «Нархоз» университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Almaty Management University, «Тұран» университеті, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰЗТУ, сондай-ақ бірқатар колледждер қосылған.