Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Каспийді зерттеуге 1,1 млрд теңге бөлінді

Каспийді зерттеуге 1,1 млрд теңге бөлінді

Үкімет Каспий теңізін кешенді зерттеу мен қорғау жұмыстарын күшейту үшін 1,1 млрд теңге бөлді.

Қаражат Үкімет резервінен «Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ға бағытталды. Бұл шешім Президенттің теңізді сақтау және өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қабылданды.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бөлінген қаржы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға жұмсалады. Атап айтқанда, теңіздегі мониторингті күшейту үшін қажетті негізгі жабдықтар сатып алынып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханалар заманауи құралдармен жабдықталады. Бұл Каспийдің қазақстандық секторында жүріп жатқан үдерістер бойынша ғылыми негізделген деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазір институт халықаралық ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты кеңейтіп, Каспий маңы елдерінің университеттері мен зерттеу орталықтарының қауымдастығына қосылған. Бұл теңіз экожүйесін зерттеу мен тиімді шараларды әзірлеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қаулыны жүзеге асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Ал Қаржы министрлігі бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылау жүргізеді.

Ұқсас материалдар