Kaz Munai Technology - мұнай өндірісіне қажетті құрылғыларды өндіретін отандық бренд

Қазақстандық Kaz Munai Technology компаниясының мамандары мұнай сорушы құрылғыны толығымен автоматтандырды. Бұл туралы медиа өкілдерінің зауытқа баспасөз туры барысында белгілі болды.
«Бұрын мұнай сорушы құрылғының бөлшектерін қолмен ауыстыратын. Ол ұзақ уақыт алады әрі қауіпті, мамандар жарақат алу қаупі бар еді. Қазір біздің мамандар құрылғыны толығымен автоматтандырды. Мысалы, негізгі бөлшектерін ауыстыру пульттің көмегімен жүзеге асады», дейді Kaz Munai Technology құрылтайшысы Арман Тугаев.

Жабдықты автоматтандыруды зауыттың тағы бір құрылтайшысы Азамат Айжарықов жүзеге асырған. Қазіргі таңда құрылғы патенттеліп, Ақтау қаласындағы зауытта шығарылуда.
«Қазірге дейін 70-ке жуық данасы өндіріске жіберілді. Жалпы зауыт жылына 150 дана сору құрылғысының жаңа буынын шығаруға қуатты», дейді компания құрылтайшысы.

Компания сонымен қатар – басқару шкафы мен интеллектуалды басқару станциясы, жиілікті түрлендіргіш шығарады. Бұл жабдықтар да 100% Ақтауда жасалатын, Kaz Munai Technology -дің өнімі. Зауытта мамандар әр бөлшегін қолмен жинап, дәнекерлеп, сырлап, қорапқа салып өндіріске аттандырады. Қазіргі таңда зауыт 500 басқару шкафы, 400 интеллектуалды басқару станциясы және 600 жиілікті түрлендіргіш өндіруге қауқарлы.
Қазіргі уақытта зауытта 35 қызметкер жұмыс істейді. Компания басшылары алдағы уақытта жұмыс орындарының саны бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр.
«Біздің мақсатымыз мұнай-газ және коммуналдық нысандарды жоғары сапалы, отандық, осы Ақтауда шығарылған жабдықтармен қамтамасыз ету. Жұмыс орындарын көбейту. Кішкентай бөлшегінен бастап, металл табақтарын лазермен кесіп, арнайы станокта қалыпқа келтіріп, құрап, дәнекерлеп, антикоррозиялық жабындар жағуға арналған ұнтақ бояулармен сырлап, зауыттағы арнайы зертханамызда сынақтан өткізіп, сатуға шығарамыз. Алдағы уақытта бұған мұнай насостары мен құбыржелілерінің жабдықтарын қосу ойымызда. Сондай-ақ, өнім санын көбейтіп, зауыттың өзін ақтайтын көлемге шығару негізгі мақсаттың бірі. Бұл да оңай емес. Өйткені алып-сатумен айналысатындармен де бәсекеге түсуге тура келеді. Алайда отандық өнімнің бәсі әрқашан жоғары. Мемлекет басшысы да, облыс басшылығы да әрқашан отандық өндірісті қолдайды», дейді Арман Тугаев.

Айта кетейік, зауытты мамыр айында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлының, сондай-ақ “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ Ақтау қаласы филиалының атқарушы директоры Эсен Огланұлы, “Өзенмұнайгаз” АҚ бас директоры Жанболат Амангелдіұлы, “Қаражанбасмұнай” АҚ бас директоры Нұрпейіс Мизанбайұлы және Маңғыстау облысының құрметті азаматы, ардагер мұнайшы Тұрсынғали Көшенов және саладағы басқа да ірі компания өкілдерінің қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған еді.
Маңғыстау облысының индустриалды-инновациялық даму жолындағы нақты нық қадамдарының бірі саналатын зауыт алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, мұнай насостары мен құбыржелілерінің жабдықтарын шығаруды жоспарлауда.