Бұған дейін кірісінің 50-60%-ын авиаотын сатудан тауып келген отандық әуежайларға бағаны төмендету міндеті қойылды. Авиакеросиннің тоннасы былтыр 1200-1300 доллардан саудаланып келсе, қазір бағаны 1000 доллардан асыруға болмайды. Көлік министрлігі әуежайлардың кірісі азаюына байланысты, енді тарифтерін өсіру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жайында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов «24KZ» арнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
«Бұрын авиакеросин сату құқығы басым бөлігінде әуежайларда ғана болды. Олар табыстарының 50-60%-ын сол кірістен тауып отырды. Енді біз талап қойып жатырмыз «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы кіріп, баға түседі және әуежай да ҚМГ-мен бәсекелес болып, бағасын түсіруге әрекет жасайды. Екінші жағынан, кірістері азаятын болғасын, әуежайлардың тарифтерін өсіру мәселесін қарастырып жатырмыз қазіргі уақытта», - деді Сәрсен Жарылғасов.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қабылданып жатқан шаралар ішкі нарықта авиаотын бағасын төмендетіп, қазақстандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасалып жатқанын атап өтті.
«Қабылданған шараның арқасында қазір елдегі әуежайларда авиаотын бағасы тоннасына 1 мың доллардан аспайды. 1 қаңтардан бастап авиаотын сатумен «ҚазМұнайГаз-Аэро» ұлттық компаниясы айналысуда. Былтыр қараша, желтоқсан айларында 1200-1300 доллардан болған. Яғни, ұлттық компанияны әуежайларға кіргізу арқылы мемлекет тарапынан осындай міндеттемелер қойып жатырмыз. Әрі қарай бұдан да төмендету мақсаты тұр», - деп қорытындылады спикер.





