Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда шетелдік спортшыларды қаржыландыру тоқтатылды

Қазақстанда шетелдік спортшыларды қаржыландыру тоқтатылды

Қазақстанда дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамаларға өзгерістер күшіне енді.

2025 жылғы 15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 16 маусымнан бастап ресми түрде жүзеге аса бастады. Құжатты Туризм және спорт министрлігі әзірлеген.

Заңға сәйкес, Қазақстан азаматы болып табылмайтын спортшыларды мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік ұйымдардың есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Бұл өзгеріс отандық спортшыларға қолдауды күшейту және қаржылық ресурстарды ұлттық мүдде аясында тиімді пайдалану мақсатында енгізіліп отыр.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл шешім жайлы: «Біз ең алдымен өз спортшыларымызға қолайлы жағдай жасап, олардың жоғары нәтижелерге жетуіне күш саламыз», – деген болатын.

Сонымен қатар, жаңа заң кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға бюджеттен бөлінетін қаржыға лимит енгізеді. Бұл шара мемлекет қаражатын тиімді әрі ашық жұмсауға, клубтарды балама қаржы көздерін тартуға ынталандыруға бағытталған.

Жаңа нормалар спортты қаржыландыруда тұрақты және нәтижелі жүйе қалыптастыруға сеп болады. Бұдан былай бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қолдау және жоғары жетістіктер спортын ілгерілету басты назарға алынады.

Ұқсас материалдар